Қазақстандағы конституциялық өзгерістер мен экономикалық саясаттың жаңа бағыттары халықаралық рейтингтік агенттіктер назарында тұр. Вашингтонда өткен кездесуде елдің институционалдық дамуы, инфляцияны тежеу және тұрақты өсім мәселелері жан-жақты қаралды, деп жазады Egemen.kz.
Үкіметтің мәліметінше, Қазақстанның конституциялық реформасы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің Вашингтонда S&P, Moody’s және Fitch рейтингтік агенттіктері өкілдерімен кездесуінің негізгі тақырыптарының біріне айналды.
Халықаралық рейтингтік агенттіктермен жыл сайынғы консультациялар дәстүрлі түрде макроэкономикалық ахуалды бағалау және елдің несиелік рейтингіне әсер ететін факторларды талқылау үшін өткізіледі. Көктемгі сессия барысында конституциялық реформаларға, инфляцияға, халық табысының динамикасына және сыртқы тұрақсыздық жағдайындағы экономикалық өсу көздеріне басымдық берілді.
Серік Жұманғарин атап өткендей, қазіргі экономиканың тұрақты дамуы тек ресурстарға емес, ең алдымен тиімді институттарға, болжамдылық пен сенімділікке байланысты. Бұл қағидаттар еліміздің жаңа Конституциясында бекітілген. Басым бағыттардың қатарында білім беру, ғылым, инновация және адами капиталды дамыту бар. Осылайша жаңа Негізгі заңда интеллект, технология мен кәсібилікке негізделген білім экономикасының іргетасы қаланды. Сонымен бірге меншіктің барлық нысанын тең қорғау қағидаты бекітілді, бұл инвестициялық ахуалды жақсартуға ықпал етеді.
Адам капиталы – конституциялық жаңару өзегі
Ел экономикасында ІЖӨ-нің нақты өсімі жоғары деңгейде сақталып отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өсім 6,5% болды. Биыл бұл көрсеткіш 5-5,5% деңгейінде күтіледі. Бірінші тоқсанда мұнай өндірумен байланысты уақытша факторларды есепке алмағанда, өсім 3% болды.
Экономиканың құрылымдық трансформациясы жалғасып жатыр. ІЖӨ-дегі мұнай секторының үлесі 2010 жылғы 16,5%-дан 2024 жылы 8,1%-ға дейін төмендеді. Ал өңдеу өнеркәсібі екінші жыл қатарынан өсіп, 12,7% деңгейіне жетіп, өндіруші сектордан асып түсті.
Үкімет жаңа Конституцияны түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті
Қазақстанның жаңа экономикалық саясаты әртараптандыру мен цифрландыруға негізделген. Негізгі міндет – экономиканың өсу қарқынымен қатар оның тұрақтылығын қамтамасыз ету, халықтың нақты табысын арттыру және жұмыспен қамтуды күшейту. Осы бағытта мұнай-газ, химия, агроөнеркәсіп кешені, фармацевтика, жасанды интеллект және металлургия салаларына инвестиция тарту басымдыққа ие.
Экономикалық өсім мен инфляцияны теңестіру мақсатында Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасындағы үйлестіру күшейтілді. 2025 жылғы қарашада 2026-2028 жылдарға арналған бірлескен бағдарлама қабылданып, онда жыл сайын ІЖӨ өсімін кемінде 5% деңгейінде сақтау және халық табысының өсімін инфляциядан 2-3% жоғары қамтамасыз ету көзделген.
Бюджеттік тәртіпті күшейту де күн тәртібінде тұр. Соңғы жылдары Ұлттық қордан жыл сайын 5 трлн теңгеден астам трансферттің бөлінуі инфляцияға әсер еткені атап өтілді. 2026 жылы Үкімет соңғы жылдары алғаш рет нысаналы трансферттен бас тартты (2025 жылы – 3,25 трлн теңге). Сонымен қатар бюджет шығыстары оңтайландырылып жатыр.
Сонымен бірге тұтыну тауарлары өндірісінің жеткіліксіздігі негізгі шектеулердің бірі болып отыр. Бұл мәселені шешу үшін агроөнеркәсіп кешенінде, соның ішінде сүт және ет мал шаруашылығы, құс және балық шаруашылығында 200-ден астам жоба іске асырылып жатыр. Сондай-ақ импортқа тәуелділікті азайту үшін шикізаттық емес секторды дамыту күшейтілді.
Үй иесінің құқығы сөзсіз басымдыққа ие: Сарапшы жаңа Конституцияның 28-ші бабын талдап берді
Инфляция деңгейі біртіндеп төмендеп келеді. 2025 жылдың қорытындысында ол 12,3% болса, бірінші тоқсан нәтижесінде 11% болды. Жыл соңына қарай инфляция 10%-дан төмен деңгейде болады деп күтіліп отыр.
Рейтингтік агенттік өкілдері экономиканың белсенді өсуі жағдайында инфляция мен өсім арасындағы тепе-теңдікті сақтау күрделі міндет екенін атап өтті. Бұл ретте халық үшін негізгі көрсеткіш – нақты табыс деңгейі.
Ауыл шаруашылығының маңызын ескере отырып, минералды тыңайтқышпен қамтамасыз ету мәселесі де талқыланды. Қазақстанда 27 өндіруші, оның ішінде «ҚазАзот» АҚ мен «Қазфосфат» ЖШС жұмыс істейді. Ішкі өндіріс ел қажеттілігінің шамамен 56%-ын қамтиды, ал негізгі импорт Ресейге тиесілі.
«Біз тыңайтқыш қолдану көлемін айтарлықтай арттырдық. Үш жыл бұрын 600 мың тонна ғана пайдаланылса, өткен жылы бұл көрсеткіш 1,8 млн тоннаға жетті. Биылғы мақсат – 2,3 млн тонна», деді вице-премьер.