Алматыда ауа райының күрт нашарлауына байланысты қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген дайындық режиміне ауыстырылды. Қала билігі тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тәулік бойы бақылау мен жедел әрекет шараларын ұйымдастырған, деп жазады Egemen.kz.
Қалалық коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, «Алматы Тазалық» МКК және мердігер ұйымдар тәулік бойы кезекшілікке көшті. Жұмыстарға 104 арнайы техника, 74 мотопомпа және 12 ассенизаторлық көлік тартылған. Оның ішінде 9 техника су басу қаупі жоғары аумақтарға орналастырылды.
Қалада 75 жедел бригада жасақталып, олардың құрамында 425 жол саласы жұмысшысы бар. Сонымен қатар 2300 құм толтырылған қап дайындалды. Жалпы тәуліктік кезекшілікке 2710 қызметкер жұмылдырылып отыр.
Алматы қаласының Құтқару қызметі де күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Олар 15 мотопомпа мен 1 ассенизаторлық көлікті кезекшілікке шығарған. Ал Төтенше жағдайлар департаменті 53 техника мен 240 қызметкерді жұмылдырды.
Болжамдар нақтылана түспек: «Қазгидромет» суперкомпьютерді пайдалана бастады
«Қазгидромет» болжамына сәйкес, 16 сәуірде күн ала бұлтты болып, сағат 16:00-ден 17 сәуір 02:00-ге дейін кей жерлерде 17 мм-ге дейін нөсер жаңбыр жауды. Найзағай ойнап, желдің екпіні 15-18 м/с-қа дейін жетеді. Күндіз ауа температурасы +17…+19°С шамасында болған.
17 сәуір күні сағат 11:00-ден бастап күн бойы 12 мм-ге дейін жаңбыр күтіледі. Найзағай ойнап, желдің екпіні 18 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Түнде ауа температурасы +8…+10°С, күндіз +11…+13°С болады.
Қалалық қызметтер жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, қажет болған жағдайда тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жедел шаралар қабылдайды.
Жаңбыр, дауыл, тұман: Елімізде ауа райы күрт құбылады