Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Тұран университетінің базасында «Ұлы дала: тұран өркениеті» халықаралық зерттеу орталығын ашты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Халықаралық зерттеу хабы мен заманға икемді ғылыми инфрақұрылым желісін құруды мақсат ететін орталық академиялық кеңістікті қамтитын алаңға айналмақ.
Салтанатты жиында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаеваның құттықтау сөзі оқылды.
«Ұлы даланың өркениеттік мұрасын зерттеуге және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосатынына сенім білдіріп, «Ұлы дала: Тұран өркениеті» халықаралық зерттеу орталығының ашылуы отандық гуманитарлық ғылымның жаңа кезеңін айқындайтын маңызды оқиға екенін жеткізді. Бұл бастама алғаш рет 2025 жылдың желтоқсанында академиктермен өткен кездесуде ұсынылып, қысқа уақыт ішінде халықаралық зерттеу орталығына айналып отыр» делінген құттықтауда.
Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті А.Күрішбаевтың айтуынша, жаңа Конституцияның преамбуласындағы «Біз, біртұтас Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап...» деген сөздер мемлекетіміздің терең тарихи және өркениеттік негізін айқындайды.
Астанада сарапшылар жердің тозуын тежейтін ғылыми тәсілдерді талқылады
Әлемдік тәжірибеде тиімділігі дәлелденген Конфуций, Гете және Юнус Эмре институттарын мысалға келтіре отырып, орталық үш деңгейлі модель негізінде жұмыс істейтінін атап өтті.
«Ұлттық ғылым академиясы басқаратын орталық ғылыми хаб, ел ішіндегі университеттер мен ғылыми ұйымдарды біріктіретін ұлттық желі, сондай-ақ шетелдік алаңдарда құрылатын «Тұран орталықтары» мен «Тұран кафедралары». Сонымен қатар ол «Turan Civilization Digital Atlas» платформасы, цифрлық архивтер мен жаңа білім беру бағдарламалары арқылы GIS, жасанды интеллект және интерактивті картографияны гуманитарлық зерттеулерге енгізу көзделетінін, бұл ғылыми нәтижелердің кең қолжетімділігін қамтамасыз ететінін атап өтті. Бұл бастама Қазақстанның халықаралық гуманитарлық беделін арттырып, Ұлы дала өркениетін жаһандық ғылыми кеңістікте танымал брендке айналдыру арқылы елдің зияткерлік имиджін нығайтады» деді ҰҒА президенті.
«Орталықтың құрылуы – Ұлы даланы тұтас өркениеттік кеңістік ретінде ғылыми тұрғыдан зерделеуге, Орталық Еуразияның тарихи-мәдени мұрасын жаңаша пайымдауға және заманауи технологияларды гуманитарлық зерттеулермен ұштастыруға бағытталған маңызды қадам. Аталған бастама ғылым, білім және сараптамалық қызметтің өзара ықпалдасуын күшейтіп, отандық ғылымның дамуына жаңа серпін береді» деді Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбек.
Іс-шараға Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан Республикасы, Түркияның консулдары мен дипломатиялық өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың басшылары, академиктер мен жетекші сарапшылар қатысты.
Елімізде ғылым қалашықтары мен ғылыми-технологиялық парктер құрылады
Ғалымдар ұлы даланы тұтас өркениеттік аймақ ретінде пәнаралық тұрғыдан зерттеу мәселелерін талқылап, «Тұран өркениеті» ғылыми парадигмасының әдіснамалық негіздерін айқындады. Орталық Еуразияның тарихи-мәдени мұрасын, өркениеттік сабақтастықты, тарихи жадыны цифрландыруды, гуманитарлық зерттеулерге заманауи технологияларды енгізуді, сондай-ақ ғылым, білім және сараптамалық қызметті ықпалдастыру мәселесіне назар аударды.
АЛМАТЫ