Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов авиация саласын дамыту мен халықаралық әуе қатынасын кеңейту елдің экономикалық өсуі үшін маңызды бағыт екенін атап өтті. Астанадан Токио мен Нью-Йоркке тікелей рейстерді жыл соңына дейін іске қосуды тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Олжас Бектеновтің айтуынша, Халықаралық азаматтық авиация ұйымы стратегиялық жоспарына сәйкес, 2050 жылға қарай жолаушылар саны жылына 12 млрд-тан асады, ал әлемдік коммерциялық әуе паркі 2034 жылға қарай екі есеге ұлғаяды. Осы жағдайда Қазақстан жаһандық авиациялық жүйеде өз орнын нығайтуы тиіс.
«Жаңа халықаралық бағыттарды, атап айтқанда Еуропалық одақ елдері мен АҚШ-қа рейстер ашу жұмысын жеделдету қажет. Бұл ретте билет бағасы бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Әсіресе, Астанадан ұшатын халықаралық әуе бағыттарына ерекше назар аударған жөн», деді Олжас Бектенов.
Астанадан Токио мен Нью-Йоркке тікелей рейстер қашан ашылады?
Сонымен қатар Үкімет халықаралық маршруттық желіні кеңейтуге басымдық беріп отыр.
Осыған байланысты Көлік министрлігіне Air Astana компаниясымен бірлесіп, Астанадан Токио мен Нью-Йоркке тікелей рейстерді 2026 жылдың соңына дейін ашу тапсырылды. Ал 2027 жылы Лондон, Париж, Рим, Вена сияқты Еуропа қалаларына жаңа бағыттар іске қосылмақ.
«Инвесторлар мен туристерді тартамыз десек, бұл – өте маңызды мәселе», деді Премьер-министр.
Бұған дейін Қазақстан әуежайларында жолаушыларды бет-әлпет арқылы тіркеу енгізілетіні туралы хабарлағанбыз.