Ақтауда Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті жанынан Теңіз академиясының жаңа оқу ғимараты ашылды. Жаңа ғимарат Yessenov University-дің жеке қаражаты есебінен салынды. Құны 1,430 млрд теңгені құрайтын үш қабатты кешеннің жалпы аумағы 4 600 шаршы метрді құрайды. Бұл нысан 900 білім алушыға арналған.
Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға қажетті кадрларды даярлауға бағытталған академияда теңіз көлігі, логистика, кеме қатынасы және порттық инфрақұрылым салалары бойынша мамандар даярланып, қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізіледі. Сондай-ақ академия халықаралық деңгейдегі заманауи теңіз симуляторларымен жабдықталған. Атап айтқанда, «Kongsberg» компаниясының навигациялық және инженерлік тренажерлері орнатылып, теңіз мамандарын даярлауға арналған арнайы бағдарламалық жүйелер енгізілген. Бұл кешендер шынайы кеме жүргізу жағдайларын модельдеуге мүмкіндік береді. Академия «Сторм» компаниясының тренажерларымен, «International Maritime Organization» (IMO) халықаралық стандарттарына сәйкес мультимедиялық оқу модульдерімен жабдықталған. Жүйе вахталық офицерлерді, капитандарды, механиктерді, теңіз флоты мамандарын даярлайды.
Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, мемлекеттік органдардың өкілдері, сала мамандары, профессор-оқытушылар құрамы, студенттер мен теңіз саласының ардагерлері қатысты.
– Бүгін еліміз үшін тарихи сәт. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев логистика және теңіз саласын дамытуға, сондай-ақ осы бағыттағы кадр даярлау мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Бүгінгі шара – соның нақты көрінісі. Бұл – еліміздегі теңіз саласына арналған маңызды жоба. Маңғыстаудың көлік-логистикалық әлеуеті артып келе жатқан кезеңде мұндай академияның маңызы зор. Осы іске атсалысқан барша азаматқа елдің атынан алғыс айтамын, – деген өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай жаңа нысанның өңірдің теңіз саласын дамытудағы маңызына тоқталды.
Қазір Теңіз академиясында 350 студент білім алады. Мамандар даярлау бакалавриаттың 6, магистратураның 4 білім беру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады. Олардың қатарында кеме жүргізу, кеме энергетикалық қондырғыларын пайдалану, теңіз техникасы мен технологиялары, су көлігін басқару және көлік логистикасы бағыттары бар. Жаңа кешен құрамында әскери кафедра студенттеріне арналған саптық алаң, қарауыл қалашығы, заманауи кедергілер жолағы бар. Жаңа ғимараттың ашылуы күні 130-дан астам курсант әскери ант қабылдады.
Маңғыстау облысы