Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев «Шелл» концернінің Қазақстандағы аға вице-президенті әрі төрағасы Сюзанн Куганмен кездесті.
Кездесу барысында мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықты дамыту, соның ішінде бірлескен жобаларды жүзеге асыру және инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейту мәселелері қаралды.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың дамып келе жатқанын және бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылып жатқанына тоқталды. Атап айтқанда, биылғы наурыз айында Энергетика министрлігі мен «Шелл Қазақстан» компаниясы Ақтөбе облысындағы «Жаңатұрмыс» учаскесінде геологиялық барлау жұмысын жүргізуге арналған келісімшартқа қол қойды.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары елімізде геологиялық барлау қызметін кеңейту бағытында жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтіп, «Жаңатұрмыс» жобасын жетілдірілген модельдік келісімшарт шеңберінде жүзеге асырудың өзектілігіне тоқталды.
Сонымен қатар жүздесу барысында Қарашығанақ және Қашаған жобаларын жүзеге асыру мәселелері қозғалды. Тараптар өндірістік көрсеткіштердің тұрақтылығын қамтамасыз ету және жобаларды әрі қарай дамыту қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ «Шелл» компаниясының еліміздің батыс өңірлеріндегі әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыру мәселесіне ерекше назар аударылды.Кездесу соңында тараптар ұзақмерзімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.