Атырау қаласында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген түнгі профилактикалық рейд барысында қараусыз көшеде жүрген 30 жасөспірім анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Полиция қызметкерлері «Тәуелсіз өмір» жастар қозғалысының өкілдерімен және есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшесі, блогер Андрей Котовпен бірлесіп рейд ұйымдастырған. Іс-шара аясында тәртіп сақшылары кешкі сағат 22:00-ден кейін қаланың қоғамдық орындарын, соның ішінде Жастар саябағын аралап шықты.
Рейдтің басты мақсаты – жасөспірімдердің түнгі уақытта қараусыз жүруінің алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Нәтижесінде бір тәулік ішінде заңды өкілдерінің бақылауынсыз көшеде жүрген 30 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Олардың ата-аналары мен заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция өкілдері жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақыты көбейетінін ескертіп, ата-аналарды олардың жүріс-тұрысын бақылауда ұстауға шақырды. Мамандардың айтуынша, төбелес, бұзақылық, буллинг және өзге де құқық бұзушылықтар көбіне түнгі уақытта жасалады.
Құқық қорғау органдары мұндай профилактикалық шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын мәлімдеді.
Айта кетейік, Атырауда жасөспірімдер 14 жастағы оқушыны бірнеше сағат бойы ұрып-соққан.
Ішкі істер органдарының мәлімдеуінше есепте тұрған жасөспірімдер саны 40,5 пайызға азайған.