Солтүстік Қазақстан облысында алдағы жылдары еңбек нарығындағы кадр тапшылығы өткір мәселеге айналуы мүмкін. Өңірлік «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы филиалы жүргізген зерттеу нәтижесі бойынша 2026–2028 жылдары облыс кәсіпорындарына шамамен 5 мыңға жуық маман, жұмысшы және қызметкер қажет болады.
Зерттеу кәсіпкерлер мен мекемелер арасында жүргізілген сауалнама негізінде әзірленген. Палата өкілдерінің айтуынша, сауалнама 2 ақпан мен 20 наурыз аралығында өткен. Оған өңірдегі 1471 кәсіпорын мен ұйым қатысқан. Соның 827-сі – жеке кәсіпкер, 644-і – заңды тұлға.
Сауалнамаға негізінен шағын бизнес субъектілері қамтылған. Атап айтқанда, 10 адамға дейін жұмыскері бар 917 ұйым зерттелсе, 10-нан 99 адамға дейін қызметкері бар 443 компания және
100-ден 249 адамға дейін еңбек ететін 88 орта кәсіпорын сауалнамаға қатыстырылған. Бұдан бөлек, 250-ден астам адамды жұмыспен қамтып отырған 23 ірі кәсіпорынның да кадрлық ахуалы сараланған.
Салалық тұрғыдан алғанда зерттеу ауыл шаруашылығы, сауда, қызмет көрсету, білім, көлік және өңдеу өнеркәсібін қамтыған. Оның ішінде 444 ауыл шаруашылығы кәсіпорны, 281 сауда нысаны және 110 қызмет көрсету ұйымы зерделенді. Сонымен қатар білім саласындағы 102 мекеме, көлік саласындағы 93 ұйым және 79 өңдеу кәсіпорнының кадрлық қажеттілігі қарастырылған.
Сауалнама қорытындысын жариялаған өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Есжан Оразалиннің айтуынша, алдағы үш жылда облыс бойынша нақты 4894 маман жетіспейді.
«Кадр тапшылығы әсіресе Петропавл қаласында айқын байқалады. Жалпы қажеттіліктің 64 пайызы немесе 3152 маман облыс орталығына тиесілі. Аудандар бойынша Есіл ауданында – 244, Аққайыңда – 229, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда – 183, ал Тимирязев ауданында 177 маман қажет», деді ол.
Сондай-ақ экономикалық қызмет түрлері бойынша мемлекеттік басқару саласында да кадр жетіспеушілігі байалған. Бұл бағытта 1114 маман қажет екені анықталған.
Өндіріс салалары арасында ауыл шаруашылығында 822 бос жұмыс орны тіркелсе, сауда саласында – 509, өңдеу секторында 416 вакансия бар.
Зерттеу нәтижесі өңірде ең көп сұранысқа ие мамандықтарды да айқындады. Қазіргі таңда кәсіпорындар мен мекемелерге 330 аспаз, 220 электрмонтер, 178 логопед, 163 автослесарь және 132 тракторист-машинист қажет.
Бұдан бөлек, инженер-механиктер, медбикелер мен денешынықтыру пәнінің мұғалімдеріне сұраныс жоғары. Әсіресе кәсіби-техникалық білімі бар мамандар тапшы. Бүгінде мұндай кадрларға арналған 2862 бос жұмыс орны бар.
Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, сауалнама қорытындылары тиісті мемлекеттік органдарға жолданып, оқу орындарының білім бағдарламалары мен гранттар санын нақты еңбек нарығының сұранысына бейімдеу кезінде ескерілмек. Бұл өңірдегі жоғары оқу орындары мен колледждердің маман даярлау жүйесін экономиканың нақты қажеттілігіне сәйкестендіруге мүмкіндік береді деген үміт бар.
Солтүстік Қазақстан облысы