• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 08:15

Зейнетақы жүйесіндегі өзгеріс – келешектің қамы

Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану тәртібіне қатысты талаптардың қайта қаралуы қоғам назарын тағы да осы мәселеге аударды. Ең төменгі жеткіліктілік шегінің кезекті рет өсуі азаматтардың жинаққа қол жеткізу мүмкіндігіне тікелей әсер етпек. Бір жағынан, бұл қадам болашақ зейнетақы төлемдерінің тұрақтылығын сақтауға бағытталғаны айтылса, екінші жағынан, өз қаржысын баспана немесе денсаулық қажеттілігіне жұмсауды жоспарлаған жұртшылық арасында сұрақ та аз емес. Сонымен, жаңа шектер қалай айқындалды және оның салдары қандай болмақ?

Кейінгі бес жылда ел азаматтары зейнетақы жинағынан мерзімі­нен бұрын 5 трлн теңгеге жуық қара­жатты пайдаланған. Бұл денсау­лықты дұрыстап, тұрғын үй жағ­дайын жақсартуға оңтайлы мүм­кін­дік болғаны рас. Алайда баста­ма­ның бастапқы мазмұнын бұр­ма­лап, түрлі көлеңкелі жолдар ар­қылы қаражатқа қол салған адам­дар аз болған жоқ. Соның салдары­нан өткен жылдан бері зейнет­ақы қорынан мерзімінен бұрын ақша алу мүмкіндігі түрлі кедер­гіге ұшырады. Мәселен, жыл ба­сында жеткіліктілік шегі 10 па­йызға дейін өссе, қаржыны кейбір ауру түрлеріне, тұрғын үйге пайда­лануға уақытша үзіліс жасалды. Ақы­рында БЖЗҚ биылға арналған жаңа жеткіліктілік шегін белгіледі. Кей жас топтарында шек екі есеге жуық өскен.

Жеткіліктілік шегінің көтерілуі жаңа есептеу әдістемесінің енгізілуіне байланыс­ты болып отыр. Бұған дейін шек негізі­нен салымшының жасына қарай есептелсе, енді оған зейнетке шығуға дейінгі кезең, күтілетін өмір сүру ұзақтығы, болашақтағы міндетті жарналар көлемі, инвестициялық кіріс және өзге де ұзақ­мерзімді көрсеткіштер қосылды. Яғни мемлекет азаматтың зейнет жасына жеткеннен кейін лайықты табысқа ие болуын қамтамасыз ету мақсатында қажетті ең төменгі жинақ көлемін дәлірек есептеуге ұмтылып отыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігінің мәліметінше, өзгеріс­тің басты мақсаты – салым­шылардың ұзақмерзімді мүдделерін қорғау.

«Зейнетақы жинақтары – қара­пайым депозит немесе күнделікті шығындар­ға жұмсалатын қаржы көзі емес. Оның не­гізгі мақсаты – азамат­тарды зейнеткер­лік жасқа жет­кен­нен кейін тұрақты табыс­пен қамтамасыз ету. Министрлік зейнет­­ақы қаражаты ең алдымен азамат­тар­дың болашақтағы зейнетақы төлемдеріне қызмет етуге тиіс деген ұстанымды бас­шылыққа алады. Себебі бүгін жинақты мерзімінен бұрын пайдалану ертеңгі зейнетақы төлемдерінің көлеміне тікелей әсер етуі мүмкін», дейді министрлік.

Министрлік дерегінше, жет­кіліктілік шектері кейінгі үш жыл ішінде қайта қаралмаған. Осы уақыт аралығында инфляция деңгейі, ең төменгі зейнетақы мөлшері, халықтың өмір сүру ұзақ­тығы мен экономиканың өзге де көрсеткіштері өзгерді. Сондық­тан жаңа шектерді ен­гізу зейнет­ақы жүйесінің ұзақмерзімді тұрақты­лығын сақтауға бағытталып отыр.

Бұл ұстанымды қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов те қол­дайды. Оның айтуынша, қоғамда зейнетақы жинақ­тарына тұрғын үй алуға немесе жөндеуге арналған қосымша қаржы көзі ретінде қарау үрдісі белең алды. Алайда мұндай тәсіл зейнетақы жүйесінің табиғатына қайшы.

«Мен зейнетақы жинақтарын жаппай алуға қарсы болдым. Өйткені зейнетақы ақшасы табиғаты жағынан баспана алуға немесе жөндеу жұмысын жүргізуге арналған жинақ емес. Бұл – адамның еңбек ету мүмкіндігі бұрынғыдай болмайтын қарттық шағына арналған қаржы. Сондықтан жеткіліктілік шектерінің көтерілуін қисынды әрі уақтылы қабыл­данған шешім деп есептеймін. Тіпті бұл қадамның өзі жұмсақ нұсқа деуге болады», дейді сарапшы.

Оның пікірінше, зейнетақы жүйесі қазіргі реформалар кезеңін­де ең алдымен азаматтардың зейнет­ақысын қамтамасыз ету міндетін атқаруға тиіс. Ал әлеуметтік немесе тұрғын үй мәселелерін шешудің басқа тетіктері болуы қажет.

«Адам бүгін жинағын шешіп алса, ертеңгі зейнетақы төлемін автоматты түрде азайтады. Қысқа мерзімде мемлекет белгілі бір экономикалық нәтиже алуы мүмкін. Бірақ 20-30 жылдан кейін аз зейнетақы мәселесі туындап, бюджеттен қосымша қолдау көрсету қажеттілігі пайда болады», деп түсіндірді Р.Рысмамбетов.

Сарапшы тағы бір маңызды мәселеге назар аударды. Оның айтуынша, азамат­тардың әл-ауқатын арттырудың негізгі жолы – ресми еңбекақы көлемін ұлғайту.

«Біз зейнетақы қорынан ақша алу жолдарын емес, жоғары ресми жалақы алатын азаматтардың санын қалай көбейтуге болатынын талқылауымыз керек. Бұл – макроэкономикалық міндет. Адамның ресми табысы жоғары болған сайын БЖЗҚ-ға аударылатын жарна көлемі де артады, сәйкесінше болашақтағы зейнет­ақысы да жоғары болады», дейді ол.

Расул Рысмамбетов зейнетақы жинағын жаппай шешіп алудың жанама салдары ретінде тұрғын үй нарығындағы баға өсімін де атап өтті.

«Зейнетақы қаражатының едәуір бөлігі тұрғын үй нарығына бағыт­талды. Бұл көптеген азамат­тың баспана мәселесін шешуге көмек­тесті. Бірақ тұрғын үй бағасы­ның күрт өсуіне де ықпал еткен факторлардың бірі болды. Кейбір сегменттерде бағалар екі есеге дейін қымбаттады», дейді сарапшы.

Ал сарапшы Данияр Әшімбаев мәселе­нің екі қыры бар екенін айтады. Оның пікірінше, мерзімінен бұрын пайдалану құқығы белгілі бір кезеңде орынды шешім болғаны­мен, оны бұрынғы қалпында сақтап қалу бүгінгі жағдайда тиімді емес.

«Жинақты мерзімінен бұрын пайдалану мәселесінің біржақты жауабы жоқ. Бір жағынан, бұл қадам халықтың бір бөлігінің тұрғын үй жағ­дайын жақсартуға мүмкіндік берді әрі зей­нетақы жүйесіне деген сенім дағда­рысы кезеңінде құрылыс нарығын қолдады. Екінші жағынан, жинақтарды тұрақты түрде шешіп алу қордың инвес­тициялық әлеуетін әлсіретіп, болашақ­тағы зейнетақы төлемдерінің көлемін төмендетеді», дейді Д.Әшімбаев.

Оның айтуынша, жеткіліктілік шектерін көтеру – толық тыйым салу мен бұрынғы тәртіпті сақтап қалу­дың арасындағы ымыралы шешім.

«Бұл тәжірибені толық тоқтату әлеу­меттік әрі саяси тұрғыдан күрделі болар еді. Сондықтан мемлекет оны сақтап қалды, бірақ қолжетімділік шарттарын күшейтті. Меніңше, бұл қазіргі жағдайда компромистік шешім болып отыр», деді сарапшы.

Осылайша, алғашқы кезеңде бас­ты назар азаматтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге аударылса, енді ұзақмерзімді қаржылық тұрақтылық пен лайықты зейнетақы деңгейін қамтамасыз ету алдыңғы орынға шығып отыр.

Демек, талқылануға тиіс басты мәселе – зейнетақы жинағын қалай шешіп алу емес, азаматтардың ресми табысын қалай арттыру, еңбек өнімділігін қалай көтеру, болашақ зейнетақының жеткілікті болуын қалай қамтамасыз ету. Өйткені зейнетақы жүйесінің түпкі мақсаты – бүгінгі қажеттілікті емес, ертеңгі қаржы­лық қауіпсіздікті қалыптастыру.

Соңғы жаңалықтар