• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Digital Кеше

Технология тілін үйрететін лагерь

Жетісуда цифрлық технологияларға қызығушылық танытатын жастарға арнайы алаң ашылды. Облыс орталығында орналасқан «Jetisu Digital» IT-хабының ұйымдастыруымен жазғы IT-лагерь өз жұмысын бастады. Бұл жас буынға заманауи технологиялар әлеміне тереңірек үңілуге жол ашады.

Бұл бастамаға мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, жас әзірлеушілер қосылды. Одан бөлек, дизайнерлер, медиаконтент жасаушылар мен ақпараттық технологияларға қызығушылық танытатын жас­тарды біріктірді. Мұнда олар инновациялық ойлау қабіле­тін дамытып, технологиялық қауымдастық қалыптастыруға бейімделеді.

Облыстық цифрлық технологиялар басқар­ма­сының мәліметінше, лагерьдің негізгі мақсаты – жастарды жасанды интеллект, цифрлық дизайн, бағдарламалау және медиа­контент өндіру салаларын­дағы заманауи үрдістермен таныстыру. Сонымен қатар қатысушылардың шығар­ма­шылық әлеуетін ашып, коман­далық жұмыс жүргізуге бау­лиды. Сондай-ақ жобалық ойлау дағдыларын жетілдіруге жағдай жасау көзделген.

IT-лагерь бағдарламасы Ашық есік күнінен бас­талды. Алғашқы күні қатысушылар «Jetisu Digital» IT-хабының қызметімен, білім беру бас­тамаларымен және өңірдегі технологиялық жобаларды дамыту мүмкіндіктерімен таныс­ты. Хаб мамандары жастарға қазіргі таңда жүзеге асып жатқан оқу бағдарламалары, стартаптарды қолдау тетіктері және цифрлық индустриядағы сұранысқа ие бағыттар туралы жан-жақты ақпарат берді.

Бағдарламаның маңызды бөлігі – «AI Bootcamp» прак­тикалық сабақтары. Бұл алаңда қатысушылар жасанды интеллект мүмкіндіктерін тәжірибе жүзінде игеріп, түрлі цифрлық құралдармен жұмыс істеуді үйренеді. Сабақтар барысында интерфейс пен веб-дизайнды нейрожелілердің көмегімен әзірленді. Фото және бейнеконтент жасау, IT-жобалар мен цифрлық өнімдердің алғашқы прототиптері дайындалды. Сондай-ақ заманауи технологияларды шығармашылық бағытта пайдалану жолдары көрсетілді.

Ұйымдастырушылардың ай­туынша, лагерьдің ерек­ше­лігі – оқыту үдерісінің тек дәрістермен шектелмеуі. Мұнда теориялық білім тәжі­ри­белік жұмыстармен, шығар­машылық тапсырмалармен және еркін қарым-қатынаспен ұштасады. Бұл жастардың жаңа ақпаратты жеңіл қабылда­уына және алған білімін бір­ден тәжірибеде қолдануына мүмкіндік береді.

«Jetisu Digital» IT-хабы­ның менеджері Рахман Айдар­ұлының айтуынша, лагерьдің басты құндылығы – жастарға технологияны тек тұтынушы ретінде емес, оны жасай алатын және дамыта алатын маман ретінде қарауға мүмкіндік беру.

«Біздің мақсатымыз – қаты­сушыларға заманауи цифр­лық құралдардың мүмкіндікте­рін көрсету ғана емес, олар­дың шығармашылық және кәсіби әлеуетін дамыту. Лагерь барысында жастар жасанды интеллект негізінде жұмыс істей­тін платформалармен танысып, цифрлық өнімдер әзірлеу­дің алғашқы қадамдарын жа­сай­ды. Сонымен қатар біз ко­ман­да­лық белсенділіктерге де ер­екше назар аударып отыр­мыз. Үстел ойындары, пікірта­лас алаңдары, шығармашы­лық тапсырмалар мен кино кештері қатысушылардың бір-бірімен жақынырақ танысып, жаңа идея­лармен алмасуына мүмкіндік береді. Мұндай бейресми орта білім алудың тиім­ділігін арттырып, жас­тардың коммуникатив­тік және әлеуметтік дағдыла­рын дамытуға ықпал етеді», дейді ол.

Лагерь аясында ұйымдас­тырылған түрлі коман­далық ойын мен интерактивті шаралар қатысу­шылар арасында достық атмосфера қалыптастырды. Жастар өз идеяларын ортаға салып, жаңа бастамаларды талқылап, тәжірибе алмасты.

Ұйымдастырушылардың ­пі­кірінше, мұндай жобалар өңірдегі технологиялық мәдениетті дамытуда маңыз­ды орын алады. Себебі бүгін­де жасанды интеллекті мен цифрлық технологиялар білім беру, бизнес, медиа, маркетинг және бағдарламалық өнімдер әзірлеу сияқты көптеген сала­ның ажырамас бөлігіне айналып отыр. Сондықтан жас­тардың бұл бағыттарға ерте қызы­ғушылық танытуы олардың болашақтағы кәсіби дамуына оң әсер етеді.

Талдықорған қаласында­ғы №19 орта мектептің 11-сынып оқушысы Ерасыл Санақ мұн­дай алаң­дар­дың жастар үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Маған IT Campus форматы өте ұнады. Барлығы еркін әрі қызықты ұйымдастырылған. Ең бастысы – әр жерден келген оқушылар бір-бірімен танысып, тәжірибе бөлісіп, жаңа дағдыларды үйренді. Осындай жобалар жастардың дүниетанымын кеңейтіп, жаңа достар табуына және технологияларға деген қызығушылығын арттыруға көмектеседі. Менің ойымша, бұл бастама алдағы уақытта да дамып, жастардың жаңа идеяларын жүзеге асыратын маңызды орталыққа айналады», дейді ол.

Бүгінде цифрлық технологиялар қоғам өмірінің барлық саласына дендеп еніп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Жетісу өңірінде қолға алынған жазғы IT-лагерь жастардың заманауи білім мен дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік беретін маңызды бастама болып отыр. Мұндай жобалар болашақта өңірдің технологиялық әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа буынның инновациялық ойлауын қалыптастыруға, цифрлық экономикаға қажетті білікті мамандар даярлауға да ықпал етпек.

 

Жетісу облысы 

Соңғы жаңалықтар