Қазіргі Орал қаласының маңында ортағасырлық қоныс болғанын көне карталардан байқап, кеңес өкіметі жылдары іздеген талай ғалым болған. Алайда Алтын Орда кезеңіне тиесілі Жайық қаласының қайта табылуы Тәуелсіз Қазақстан уақытына бұйырыпты.
Шағанға Деркүл түйі-сіп, екеуі Жайыққа құятын тұсында, сонау Орал тауларының Каспий маңы ойпаты басталатын соңғы сілемі – Желтау биігінде жасырынған көне шаһар көптің көзіне түспей көп жатыпты. Кезінде Ибн-Фадлан, әл-Идриси, Ибн-Батута сынды араб саяхатшыларының жазбасында аталып, көне карталарға түссе де, соңғы екі-үш ғасырда мүлдем аталмады десе де болады. Оны айтасыз, Желтаудан табылған қос кесене жермен-жексен етіп қиратылып, ең табанындағы кірпішіне дейін сөгілгеніне қарағанда, бұл тарихты мүлдем жоқ еткісі келгендер аз болмағанға ұқсайды.
«Әр істің қайыры бар» деген, 2001 жылы Қарашығанақтан тартылған мұнай құбыры Орал қаласының тұсынан өтіп бара жатқанда ғасыр жаңалығы ашылды! Облыс орталығынан 12 шақырым жерден, Желтаудың іргесі – Жайық өзенінің маңынан ортағасырлық көне шаһардың орны кездейсоқ шыға келді. Жер қазған трактордың күрегіне ілінген көне кірпішті құрылыс – Алтын Орда кезеңіне жататын қоныстың қалдығы екені бірден белгілі болды. Кейін бірнеше жыл бойы археологтер зерттеп, бұл қалаға шартты түрде «Жайық» деген ат қойды. Қазба кезінде мұнда тұрғын жайлар, монша мен мешіт орны, кірпіш күйдіретін, әк өндіретін бірнеше өндіріс нысаны табылды. Осылайша, Алтын Орда кезеңіне жататын Еділ-Жайық маңындағы бұрыннан белгілі Сарай Бату, Сарай Берке, Сарайшық, Үкек, Бұлғар, Хажы-Тархан шаһарлар шеруіне бүгінгі Жайық, Жалпақтал, Сарыөзен, Қарағайлы, Ұшқан, Ащысай қалалары қосылып, туған жер тарихы толыға түсті.
Алтын Орда демекші, бүгінде Қазақстан тарихын жаңа көзқараспен зерделеу – мемлекеттік маңызы бар рухани міндетке айналды. Әсіресе ортағасыр дәуірін ұлттық мемлекеттіліктің тарихи негізі ретінде тану мәселесі ғылыми ортада да, қоғамдық санада да ерекше мәнге ие болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиумда: «Алтын Орда дәуірінде дала заңы мен ислам құқығының үйлесімді жүйесі қалыптасты», деп атап көрсетті. Бұл тұжырым Алтын Орданы тек әскери-саяси құрылым ретінде емес, жоғары деңгейдегі құқықтық, рухани және мемлекеттік мәдениет қалыптастырған өркениеттік кеңістік ретінде бағалаудың маңызды ғылыми негізі болып тұр.
Міне, осы тарихи пайым аясында Жайық қалашығының мән-маңызы арта түседі. Себебі Жайық қалашығы – Алтын Орда дәуіріндегі қазақ даласындағы қалалық мәдениеттің, халықаралық сауданың және мемлекеттік дамудың нақты археологиялық дәлелі болып отыр.
– Жайық қалашығы Еуразия кеңістігін жалғаған тарихи орталық болғаны анық. Тарихшылардың пікірінше, Жайық қалашығы Еділ бойы, Хорезм, Қырым және Кавказ бағытындағы сауда жолдарымен тығыз байланыста болған. Бұл оның Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағындағы маңызды бекеттердің бірі екенін көрсетеді. Яғни Жайық қалашығы тек жергілікті қоныс емес, халықаралық өркениеттік қатынастар жүйесіне кірген тарихи орталық болған, – дейді «Жайық қалашығы» тарихи-археологиялық, сәулет-этнографиялық музей-қорығының директоры Мирболат Ерсаев.
Бірнеше жылға созылған зерттеуден кейін тарихи Жайық қаласын жалпы көпшіліктің назарына ұсыну, туристік нысанға айналдыру идеясы жергілікті зиялылар тарапынан көптен айтылып жүрген еді. 2024 жылы облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің тапсырмасымен «Жайық қалашығы» тарихи-мәдени музейі құрылды. Жаңа мекеменің құрамына 28 қызметкер қабылданып, жұмысын бастап та кеткен. Қазіргі таңда 309 гектар жер бөлініп, оны қоршау және визит-орталық салу мәселелері қарастырылып жатыр екен. Жобада тарихи мұрамен қатар өңір туризмін дамытуға бағытталған нысандар бар.
Мирболат Бекжанұлының айтуынша, Жайық қалашығы тарихи-мәдени музей-қорығын құрудағы басты мақсат – көне мұраны жан-жақты зерттеп, ғылыми негізде насихаттау екен. Сонымен қатар жаңа орталық аймақтың туристік инфрақұрылымын дамытуға серпін бермек. Ғалымдар бұл бастама Жайық өңірін ғана емес, Қазақстан аумағындағы Алтын Орда кезеңіндегі ортағасырлық қалалық мәдениетте алатын орны ерекше болмақ деген пікірде.
Шынында да қазір Алтын Орда мен қазақ мемлекеттілігінің тарихи сабақтастығы айқындалып келеді. Бүгінде әлемдік тарих ғылымында Алтын Ордаға деген көзқарас та өзгерген. Бұрынғыдай оны тек империялық немесе жаугершілік құрылым ретінде қарастыру азайып, енді мемлекет басқару жүйесі, құқықтық мәдениеті, діни төзімділігі және сауда-экономикалық ықпалы терең зерттеліп жатыр.
– Алтын Орда дәуірінде түркі-ислам өркениетінің жаңа үлгісі қалыптасты. Дала заңы мен ислам құқығының сабақтасуы қоғамдық тұрақтылықтың негізіне айналды. Бұл үрдіс кейін Қазақ хандығының құқықтық және саяси жүйесінде жалғасын тапты. Сондықтан Алтын Орданы қазақ мемлекеттілігінің тарихи тамырларының бірі ретінде қарастыру – ғылыми тұрғыдан да, тарихи әділет тұрғысынан да орынды ұстаным. Ал біздің Жайық қалашығы осы тарихи сабақтастықтың нақты айғағы болып табылады. Өйткені бұл мекен Алтын Орда кеңістігіндегі саяси, экономикалық және рухани процестердің қазақ жерінде де қарқынды жүргенін көрсетеді, – дейді Мирболат Ерсаев.
Осылайша, бірнеше ғасыр жоғалып барып, қайта табылған Жайық қалашығын жаңғырту мемлекеттік деңгейдегі міндет болып отыр. Қазіргі кезеңде тарихи мұраны сақтау мәселесі тек архео-логия немесе мәдениет саласының шеңберінде қаралмайды. Бұл – ұлттық идеологиямен, тарихи санамен және елдің халықаралық имиджімен тікелей байланысты стратегиялық бағыт.
Жайық қалашығын жаңғырту бірнеше маңызды міндетті қатар атқармақ. Біріншіден, бұл жастардың тарихи танымын күшейтеді. Өз тарихындағы ұлы өркениеттерді білген ұрпақтың ұлттық санасы да берік болады.
Екіншіден, аймақтық туризмді дамытуға ықпал етеді. Әлемдік тәжірибеде тарихи қалашықтар көптеген елдің экономикасына табыс әкелетін мәдени орталықтарға айналған.
Үшіншіден, Қазақстанның Алтын Орда мұрагері ретіндегі ғылыми және мәдени беделін халықаралық деңгейде нығайтады. Сондықтан Жайық қалашығына қатысты археологиялық зерттеулерді жүйелі түрде жалғастырып, ашық аспан астындағы музей кешенін қалыптастыру, халықаралық ғылыми форумдар өткізу және туристік инфрақұрылымды дамыту – жаңа орталықтың алға қойып отырған маңызды міндеттерінің бірі.
«Жайық қалашығы» тарихи-археологиялық, сәулет-этнографиялық музей-қорығы болашақта ұлттық тарих пен мәдениетті ұштастыратын заманауи ғылыми-туристік орталыққа айналуды көздеп отыр. Жоба аясында бірнеше маңызды нысан бой көтермек. Кешеннің басты бөлігі ретінде экспозициялар, зерттеу зертханалары, қор сақтау бөлмелері және интерактивті көрме залдары орналасатын бас ғимарат салынады. Мұнда археологиялық жәдігерлер қойылып, келушілерге тарихи деректер заманауи технологиялар арқылы таныстырылады.
Сонымен қатар Жайық қалашығынан табылған тұрғын үйлер, монша, пештер мен мешіт қалдықтары негізінде ашық аспан астындағы археологиялық музей ашылады. Бұл нысандар ортағасырлық қаланың тыныс-тіршілігін көзбен көруге мүмкіндік береді.
Жоба аясында ортағасырлық бекініс пен базар алаңы да қайта жаңғыртылмақ. Аталған аумақтар сол дәуірдегі қалалық мәдениетті, сауда мен қолөнердің даму деңгейін айқын көрсететін тарихи кеңістікке айналады.
Аймақтың көне рухани дүниесін таныстыру мақсатында шатыр орнатылған қорғандар мен некропольдер салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ қасиетті орынға монумент қойылып, қос кесене қалпына келтіріледі. Бұл нысандар өңірдің діни-рухани мұрасын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.
Кешен құрамында ортағасырлық этноауыл – жайлау үлгісіндегі арнайы аумақ та болады. Онда дәстүрлі киіз үйлер тігіліп, қолөнер шеберханалары ұйымдастырылады. Этнографиялық көріністер арқылы халқымыздың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрі дәріптеледі.
Мәдени-көпшілік шараларды өткізу үшін арнайы сахнасы бар үлкен алаң, ипподром, көкпар стадионы, спорттық жолдар, футбол алаңы және көрермендерге арналған трибуналар салынады. Бұл өз кезегінде ұлттық спорт түрлерін дамытуға және халықаралық деңгейдегі мәдени іс-шараларды өткізуге жол ашады.
Мұнда туристер мен ғалымдарға қолайлы жағдай жасау мақсатында қонақүй кешені мен ботаникалық бақ салу да жоспарланған. Ал археологиялық қазба орындарын сақтау үшін шатырмен жабылған арнайы қорғаныс құрылымдары орнатылады. Бұл тарихи нысандарды табиғи әсерден қорғап, келушілерге қауіпсіз әрі ыңғайлы түрде көрсетуге мүмкіндік береді.
Міне, қадірлі оқырман, Жайық қалашығы тарихи-мәдени музей кешені – еліміздің өткенін ұлықтап, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін бірегей жобаға айналғалы тұр. Болашақта бұл кешен тек ғылыми зерттеу орталығы ғана емес, сонымен қатар халықаралық туристік бағыттардың маңызды нүктесіне айналады деп күтіп отырмыз. Жоғалып табылған Жайық шаһарының ендігі ғұмыры мәңгілік болғай.
Батыс Қазақстан облысы