• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Көрме Кеше

Дәстүр мен жаңашылдықты ұштастырған алаң

Астанадағы Креативті индустрияларды дамыту қорының алаңында Ақмола облысы креаторларының жәрмеңкесі өтті. Іс-шараның ашылуына Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты.

Жәрмеңке аясында екі күн бо­йы елорда тұрғындары мен қонақ­тары Ақмола өңірі шеберлері­нің қолынан шыққан бұйымдар­мен, авторлық топтамалармен және жергілікті бренд өнімдермен жақын танысты. Әсіресе іс-шарада креа­тив­ті экономиканың заманауи бағыт­тарына ерекше назар аударылды. Арнайы аймақта IT, digital және медиа жобалар, сондай-ақ роботтехника, ойын әзірлеу, жасанды интеллект, туризм және киберспорт салаларындағы жаңа стартаптар таныстырылды.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаевтың айтуынша, өңірде креативті индустрия саласы жақсы дамып келеді. Аймақта зергерлік өнер, ұлттық музыкалық аспаптар жасау, ағаш өңдеу, дизайн, сән индустриясы, қолөнер, сондай-ақ IT және digital жобалары қарқын алған.

«Бүгінде облыста 47 бағытта 2 мыңнан аса креатор жұмыс істейді. Біз бүгінгі іс-шараға солардың өнімдерін жинақтап алып келдік. Барлық аймақ үш бөлікке бөлінген. біріншісі – ұлттық мұраларды дәріптеу, екіншісі – шабыт әлемі, үшіншісі – болашақ экономикасы», деді ол.

 Жәрмеңкеде облыс креа­тор­ларының экспозициясы бірнеше тақырыптық залға бөлінген. Олардың әрқайсысы өңірдің мәдени-креативтік бол­мы­сының жеке әлемін көрсетеді. Мәселен, бірінші зал – зергерлік өнерге арналды. Мұнда аймақтағы зергерлердің күміс және табиғи тастардан жасалған бұйым­дары қойылды. Бұл бұйымдар қонақ­тарды айшықты өрнегімен бірден баурап алды. Ал екінші залда – ағаш, былғары және сүйек өнері­не арналған біртұтас экспо­­зиция жасалған. Онда ұлт­­тық қолөнер мен заманауи көр­кем­­дік бағыт әдемі үйлесім тапқан. Бұл залда еліміздегі ұлттық ағаш бұ­йым­дары фабрикасы — «БЛЭК» ЖШС өнімдерімен бірге аймақ шебер­лерінің туындылары ұсынылды.

Әсіресе елордалықтарды ұлттық музыкалық аспаптар әлемі ерекше тәнті етті. Осы көрмеге көркем Көкше баурайын сырлы сазға бөлеген Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай секілді айтулы тұлғалардың ұстаған домбыраларының көшірмесі әкелінген. Сондай-ақ көрнекті жазушы Сәкен Жүнісовтің домбырасы да төрден орын алған. Көрменің ерекше экспонаты – «домбыра-қобыз» музыкалық аспабы. Оның авторы – Көкей Меллатұлы.

Төртінші залдың жөні тіпті бөлек. Бұл заманауи ой мен шығармашылық энергия тоғысқан «Event» аймағы деп аталған. Аймақтың өкілдері қонақтарды дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллиннің «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» әнімен қарсы алды. Оны «Тұмар» нео-этно ансамблінің сүйемелдеуімен әнші Жалғас Сұлтанов орындады. Мұнда Ақмола облысында жүзеге асқан «Жеті қазына» интеллектуалды ойыны да таныстырылды. Сондай-ақ жас­тар жасаған жаңа стартаптар да көрсетілді. «Aqmola Hub» өкілі Әсел Абдрахманова «IT, digital, media» жобасын ұсынды. Бұл жоба жұртшылықты соны жаңа­лығымен қызықтырды. Соны­мен бірге бұл бөлімде жастардың шы­ғармашылық әлеуетін көрсе­тетін жобалар жетерлік екен. «Жаңа белес» хореографиялық ансамблі «Qaraqshy» трегінің сүйемел­деуімен заманауи тренд биді орындады. Ал Димаш Ақайдар әлемдік деңгейдегі хиттердің авторы Ержан Ерденовті таныстырып, өңірден шыққан жас таланттардың жетістіктерін баяндады.

Мәселен, жас режиссер Жұлды­зай Амангелдиеваның айтуын­­ша, облыс көлемінде кино­ин­­дус­­трия саласы жүйелі жолға қойылған.

«Біз облыс әкімдігінің қолдауы­мен 18 фильм түсірдік. Бұл туын­дылардың жанры әртүрлі. Оның ішінде тарихи, дра­малық фильм­дерде бар. Мысалы, Бурабайдың әсем табиғаты туралы «Жаңа жыл» деген сериал түсірдік. Туындыны көрермен жылы қабыл­дады. Қазір триллер жанрында кино түсіріп жатырмыз. Әрбір жоба­ның мақсаты – ұлттық құнды­лықтарды дәріптеу», дейді ол.

Шынында, жәрмеңкедегі әрбір аймақ ұлттық құндылық­тармен айшықталған. Айталық, «Сырмақ» шеберлер аймағы қонақтарға «Он алты қыз» халық ансамблінің сырмақпен би перфомансын ұсынды. Мұнда «Бір ауыл – бір өнім» байқауының жеңімпазы, Қосшы қаласының шебері Әлия Қалиасқарова шеберлік сабағын өткізіп, киіз өңдеу мен сырмақ жасау өнерінің қыр-сырымен бөлісті. Ал шеберлік және демонстрация аймағында келушілер қыш өнерімен жақын танысып қана қоймай, олардың жұмысын көзімен көрді. Мұнда қыш өнерінің өкілдері – Анар Сатыбаева (Көкшетау қаласы) мен Ақжол Дәулеткерімұлы (Қосшы қаласы) шеберлік сабағын өткізді. Жетінші зал – дизайн залына арналған. Мұнда ұлттық және заманауи дизайн бағытында табысты еңбек етіп жүрген шеберлер мен шығармашылық ұжымдардың, ал сегізінші залда – Ақмола өңірі­нен шыққан қылқалам шебер­лерінің туындылары қойылған. Бүгінде аймақта 80-ге жуық суретші бар. Оның 30-дан астамы Суретшілер одағының мүшесі.

Сондай-ақ жоба аясында жәрмеңкеге қойылған өнімдерді сатып алуға да мүмкіндік болды. Жәрмеңкенің алғашқы күнінде креаторлар жалпы сомасы 5 миллион теңгенің өнімін сатқан.

Ақмола облысының креа­тивті жәрмеңкесі дәстүр мен жа­ңашылдықты ұштастырған ерекше мәдени алаңға айналды. Көрме өңірдің талантты тұлғалары мен жас кәсіпкерлерінің шығармашылық жетістіктерін таныстырып, креативті индустрияның әлеуетін толық көрсетті.

Соңғы жаңалықтар