• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Кино Кеше

«Ақырғы аманат» және Ораз мерген

Кеңестік кезеңде көрерменге жол тартқан «Ақырғы аманат» көркем фильмі туралы осыған дейін аз жазылмады. Десе де, сценарийін Олжас Сүлейменов түзіп, режиссер Амангелді Тәжібаев түсірген туындының астарын ақтару әл-әзірге таусылар түрі жоқ.

«Ақырғы аманат» фильмін еске алғанда ең алдымен бас­ты кейіпкер Ораз мергеннің бейнесіндегі Тұңғышбай Жаманқұловтың «Байлашы мына қолды, болмаса шауып таста!» деп қасқайып тұрып айтатын сөзі көз алдыңызға келе қалады. Қызылдарға қарсы күресіп, «банды» атанған Ораз мергеннің фильмдегі әділет сүйер өр тұлғасы, қиянатқа күйінер ер кейпіне қарап бұл туындының цензурадан қалай өтіп кеткеніне таңданасыз. Ораз мерген – өмірде болған адам. Бұл турасында Жанболат Аупбаев «Тянь-Шаньның ковбойы» атты мақаласында «Қырғызфильм» таспалаған «Ыстықкөлдің алқызыл гүлдері» атты туындыдағы бас­ты кейіпкер Қарабалта мен  біз сөз етіп отырған «Ақырғы аманатындағы» Ораз мергеннің прототипі – Хан-Тәңірі тауының етегінде өмір сүрген Мергенбай Жаманкөзұлы екенін айтады. Десе де, елімізді  Голощекин басқарған қасіретті жылдарда қызыл көз коммунистердің шеңгел идеологиясынан қашып шекара асқан қормалы жоқ қара халыққа қорған болған Мергенбай Жаманкөзұлы туралы ел аузында айтылатын аңыз әңгімелерден өзге мардымды мәліметтер жоқтың қасы.

Біз жуырда орыс жазушысы Олег Мухиннің «Еңбекші халыққа қызмет етемін» атты деректі-хикаятын оқып отырып, «Ақырғы аманаттағы» басты кейіпкер Ораз мергеннің, яғни Мергенбай Жаманкөзұлының шынайы өмірдегі ерліктерінің куәсі болдық. 

Олег Мухин бұл әңгімелерді И.Головин атты отставкадағы полковниктен және басқа да оқиғаны көзбен көрген адамдардан жазып алған. 1930 жылдарда Головин Жаркент шекара отряды оқу-жаттығу эскадронының командирі бола жүріп, бірнеше мәрте Мергенбай жасағымен бетпе-бет шайқасқа кірген. Сол Мухиннің жазуына қарағанда Мергенбай Жаманкөзұлы Жаркенттегі кеңес өкіметін құлату мақсатында қаланы басып алмақ болады. Мергенбай Жаркенттегі әскери комендатураны басып алу үшін екі жүз сарбазымен бұрынғыдай Өсек өзені арқылы емес, Бурақожыр өзенінен шекарадан өтіп, Құлжа күре жолына қарай жақындайды. Мергенбайдың жоспарын чекистер тыңшыларының күшімен алдын-ала біліп отырған еді. Сондықтан да, қызыл әскер Мергенбай жасағын ішкері өткізіп жіберген соң, артынан тосқауыл қойып, Қорғас, Басқұншы, Алтынкөл заставаларының әскерін шегінер жолына бекіндіріп үлгереді.

Мергенбай бұл жорығында ешқандай ауылға соқпаған. Өзінің мұнда орналасқанын білдірмеу үшін қолынан келген бар айланы жасап, әбден Жаркентке жақындағанда Қытай жерінде қалған әскері тапа-тал түсте Басқұншы және Қорғас заставаларына шабуыл бастайды. Мергенбайдың ойы қызылдар бар күшін заставаларға аттандырып жатқанда Жаркенттегі комендатураның күлін көкке ұшыру болатын.

Мергенбай жасағы әбден Жаркент маңындағы Еңбекші ауылының тұсына келгенде тұзаққа түскенін білді. Сақылдаған орыс пулеметтері қазақ жасағын қыра бастайды. Кері шегінер жолды Қорғас, Басқұншы, Алтынкөл заставаларының әскері жауып тастап, ол жақтан да төпелеген оқтың астында қалады. Бір жарым сағат соғысқаннан кейін Мергенбай жасағы Шолақай құмына қарай шегінуге мәжбүр болды.

Шайқас аяқталғаннан кейін қызыл әскер қол-аяғын байлап, қымбат киім киген, басында сәлдесі бар бір қазақты комендатураға әкеледі.

– Бұл Мергенбайдың нақ өзі, – дейді біреуі.

Әскерилер сол адамның сөзіне сеніп, «Мергенбай Жаманкөзұлы­­­­мын» деген адамды 2–3 ай тергеп, кеңес өкіметінің заңымен ату жазасына кеседі (Осы жолы Мергенбай жасағындағы қолға түскен бірнеше адам атылған). Бірақ қызылдар сәлделі адамның Мергенбай емес екенін арада біраз уақыт өткеннен соң ғана біліп, санын соғып қалады.

Әрине, Олег Мухин Мергенбай әскерін тілі жеткенше қаралап баққан. Дәл сол заманда, яғни Мергенбайдай батырдың аты мен затын ойлаудың өзі үрейлі кезеңде кеңес өкіметінің қаһарынан қай­мықпай көркем фильм түсір­ген режиссер Амангелді Тәжібаевтың ерлігін бағалай алдық па? «Ақырғы аманатты» қайыра көрсеңіз, жоғарыдағы деректерге сүйеніп, осы бір сұраққа жауап іздегейсіз!

Соңғы жаңалықтар