Нұрғиса Тілендиев дегенде көз алдымызға әдетте сазгер, дирижер тұлға елестейді. 5 жасынан бастап-ақ әкесінен домбыра тартуды үйренген бала Нұрғисаның Ахмет Жұбановтың көзіне түсуі — оның қазақ халқына 500-ден астам музыкалық туынды сыйлауына себеп тудырды. Оның ішінде — ән, күй, романс, увертюра, поэма, контата, опера, тіпті балет те бар. Қазақстан композиторларының ішінде тұңғыш рет Халық Қаһарманы атағы да осы бір ерекше дарынды тұлғаға бұйырған.
Осындай тұлғаның 16 жасында төлқұжатына 2 жас қосып жаздырып соғысқа аттанғаны — оның шығармаларына да әсер еткен болу керек. Себебі ол да соғыс көрді, бірақ ол туралы өзі көбіне тіс жармады. Бұл бәлкім оның ән әлеміне деген махаббаты күштірек болғанының дәлелі болар. Әйтпесе даңқты тұлға қазақ мәдениетіне сіңірген еңбегі үшін еліміздегі ең жоғары Халық Қаһарманы атағына ілінбес еді. 1943 жылдан 1945 жылға дейін Курск шайқасынан Берлинді алғанға дейінгі жолмен жүріп өтіп, бірнеше рет жараланған Нұрғиса Тілендиев соғыс біткеннен кейін «Ерлігі үшін» және «Ұлы Отан соғысындағы жеңісі үшін» медальдарымен марапатталған.
Сондықтан болар Нұрғиса Тілендиевтің туындылары ерекше мінезді, қуатты, өр, қайсар рухпен жазылған. Мысалы «Ата толғауы» шығармасында сазгердің тегеуріні, ұлттық рухқа деген адалдығы анық сезіледі. Әуен бірде сабырлы, бірде тасқындап кетеді. Яғни мұнда қазақтың өткені, ата-баба рухы, намыс пен жауапкершілік қатар өрілген. Күйде «мен кіммін?» деген сұрақ тұрғандай болса, «Әлқиссасы» пафосты, батырлық, эпикалық тұрғыда басталып, үлкен бір тарихтың есігін ашатындай әсер қалдырады. Яғни әуеннің көтерілуі – күрес, ал бәсеңдеуі – ой мен толғаныс. Бұл жерде тек күш емес, ақыл да көрініс береді.
Ал «Көш керуен» туындысы – сабырлы, бірақ ішкі қуаты мықты, сырттай жайлы естілгенімен, ішінде үлкен қозғалыс бар. Бұл – халықтың тағдыры. Көш – өмірдің рәмізі. Күйде асығыстық жоқ, бірақ тоқтап та қалмайды. Бұл – қайсарлықтың сабырмен үйлесуі. Сондай-ақ сазгердің «Махамбет» туындысы динамикасы өте күшті, драматизмге толы шығарма. Яғни туындыда Махамбет Өтемісұлының қайсар рухы, намысы күйге күмбірлеп тұрып серпін береді. Жалпы айтқанда, Нұрғиса Тілендиев шығармаларында қазақтың мінезі де, күресі де, рухы да, батылдығы да, намысы да бар. Бұның бәрі соғыс отын кешіп келген даңқты сазгердің ішкі күйінің сыртқа шығуы болса керек. Соғыстан контузия алып, елге оралған аса дарын иесі ақиық ақын Мұқағали Мақатаевпен шығармашылық байланысты күшейтпек ниетпен онымен бір айдай өз үйінде қызу жұмыс істейді. Нәтижесінде, «Дариға, домбырамды берші маған», «Сарыжайлау», «Болмасын соғыс болмасын», т.б. көптеген ән дүниеге келеді.
Бұл жөнінде атақты сазгердің өзі былай деп сыр шертеді: «Мұқағали екеуміз айдан астам біздің үйде бірігіп жұмыс істедік дедім ғой. Сол күндердің бірінде ақын інім екеуміздің Бауыржан Момышұлына барып, сәлем беріп қайтуымыз керек болды. Бәукеңнің үйіндегі жеңешеміз қуана қарсы алды да бізге ескерту жасады.
«Ағаларың сендерді күтіп қалды. Айқайлап алуы әбден мүмкін», – деді. Жеңгеміздің айтқаны айдай келді. «Сөгісімізді» алдық. Сосын барып батыр ағамыз жазылып сала берді: «Сендер білесіңдерме? Мен мына шылым деген бәлені неге жиі шегемін? Неге ана бәлені?.. Қан майданда көз жұмған есіл ерлерді, майдандастарымды іздеймін!.. Сағынамын соларды!..» – деп қалды Бәукең. Мен Мұқағалиға, ол маған қарады. «Батырдың мына тебіренісімен бір ән жазар ма еді?» дедім іштей. Ақын інім менің бұл ойымды бірден аңғарғандай. Нанасыз ба, дәл сол жерде менің көмейіме белгісіз бір ән ырғағы, сағыныш сазы келгендей болды. Мазам кетті. Асығып отырмын. Бәукең бөлме ішін көкала тұман етіп әңгімесін сабақтайды. Момышұлының үйінен шығып үйге жеткенше мен де, Мұқағали да тіс жармадық. Мен болашақ, ән туралы, ал ақын інім оның сөзі жайлы толғатып келеміз. Үйге кіре күйсандыққа отырдым. Мұқағали болса Дариға жеңгесіне: «Маған асхананы бересіз бе? Жұмыс істеу керек», – деді де, қағаз-қаламын алып отырып қалды. Сөйтіп, дәл сол күні «Мен сендерді іздеймін» атты жаңа ән дүниеге келді. Сәтті шықты. Дереу әнші Нұрғали Нүсіпжановты іздедік. Нотаға енді ғана түскен жаңа әнді көріп ол да қуанып жатыр. Кім білсін, сол күні Мұқағали екеуміз Бәукеңнің үйіне бармасақ, әлгі ән туар ма еді, жоқ па? Бір күні Мұқағали маған ойлы көзімен қадалып тұрып:
– Аға, мен үйге кетем. Енді босайсыз. Осы дүниелер елімнің кәдесіне жараса, онда бақыттымын. Бауырымның дерті қозғалып қалыпты, – деді. Ауыр күрсінді. Сонда мен оны бұл жалған дүниенің жарығында соңғы рет көріп тұрғанымды білсемші?
Мұқағали дүниеден өткен соң қатты күйзелдім. Жүрегім әлсіреп екі айға жуық емханада жаттым. Арада екі ай өткен соң жұмысқа киетін бешпенттің қалтасынан хат шықты. Мұқағалидың жазуы. «Аға, мен ғой. Дертім қозғап барады. Не боларын білмеймін. Мынаған назар аударып көрерсіз» депті. Емханада қатты ауырып жатқанда маған жіберген сол өлеңі «Есіңе мені алғайсың» екен. Жаным күйзеліп отырып, ақын інім көз жұмғаннан кейінгі екінші айдың ауыр бір күнінде әлгі өлеңге ән жаздым. Міне, аяулы Мұқағалиымды бүгін де есіме алып отырмын».
Міне, ақын мен сазгердің жүрек үндестігі деген осы болар. Нұрғиса Тілендиевтен «бокс шебері» шығуы да мүмкін болған екен. Бірақ ол ұстазы Ахмет Жұбановтың қатаң талап қоюымен өнер жолын таңдапты. Ал талантты сазгер өз жүрегінен шыққан әндердің сөзінің иесі ғып мұзбалақ Мұқаңды таңдауында терең сыр жатқаны анық. Екеуінің арасындағы нәзік байланыстың арқасында қазақ мәдениеті қандай әдемі әндерге толды. Бұдан Нұрғиса Тілендиевтің сөз өнеріне терең бойлай білетін қабілеті бар екенін анық көруге болады. Содан да болар, қаншама ақындар ән ағасына арнап жыр да төгіп, сыр да төгіп келеді:
«Аққу-қаздың
Әсем саздың сыршылы,
Асылдардың
Жасыл талдың бүршігі.
Талантыңа тарту үшін
Сыйласам
Аздық етер,
Алатаудың бір шыңы»,
деп Серік Тұрғынбекұлы жырлағандай, Нұрғиса Тілендиевтің мұрасына шынымен-ақ Алатаудың бір шыңы аздық етердей алып тұлға екені сөзсіз.
Гүлгауһар ҚҰРМАНӘЛІҚЫЗЫ,
Ш.Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының қызметкері