28 Маусым, 2016

Шарайна

244 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
шарайна-2Бейжің күн санап шөгіп барады Халықаралық ғалымдар тобы Қытай астанасы – Бейжің қаласының бірте-бірте шөгіп бара жатқанын байқаған. Бұған жерасты суларын мөлшерден тыс сорып алып, түрлі қажеттіліктер үшін пайдалану себеп болып отыр екен. Осының салдарынан Қытай астанасы жерге жылына 11 сантиметр батып бара жатса керек. Бұл туралы мақала Remote Sensing журналында жарияланыпты. Шөгу, әсіресе, аспанмен таласқан биік үйлер көп салынған Чаоян ауданында қатты байқалуда екен. Бұл жайт биік ғимараттармен қатар, көлік туннельдері үшін де үлкен қатер төндіріп отырған көрінеді. Жалпы, Бейжің – жазық жерде орналасқан қала. Сондықтан оның астына сулар мыңдаған жылдар бойы молынан жиналған. Шаһар мен оның маңайындағы су соратын сан жүздеген скважинадан алынған сулар осылайша қаланы шөктіріп бара жатқанға ұқсайды. Үштен бірі ЕО-дан шығуды қолдайды Германияның әрбір үшінші дерлік тұрғыны, яғни 29 пайызы елдің Еуропалық одаққа мүшелігіне қатысты референдум өткізу туралы идеяға қолдау білдірген. Сауалдама 26 маусым, жексенбі күні ұйымдастырылыпты. Бұл мәлімет Bild am Sonntag газетінде жарияланған. Айта кетерлігі, сұралғандардың 63 пайызы мұндай ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартқан. Осыншама пайызы Ұлыбританияда өткен референдумның қорытындысына байланысты өздерінің өкінетіндерін білдірген. 67 пайызы Біріккен Корольдіктегі референдумның қорытындысы Еуроодақты түбірінен реформалау қажеттігін көрсетіп бергенін көлденең тартқан. Тек 11 пайызы ғана британиялықтардың шешімін оң бағалаған. Ал бүгінде Финляндияда елдің ЕО-дан шығуы туралы референдум өткізуді талап еткен петицияға қол жинала бастағанын да айта кеткеннің артықтығы жоқ. шарайна-1НАТО үшін ең қатерлі ел – Ресей НАТО-ның Еуропадағы бірлескен қарулы күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы, америкалық генерал Филип Бридлав Ресейді АҚШ пен оның одақтастары және бүкіл әлемдік тәртіп үшін нағыз қатерлі ел санайтынын мәлімдеді. Ол өзінің бұл мәлімдемесін Foreign Affairs журналына берген сұхбатында жасады. Генералдың атап өткеніндей, қолдарындағы тамаша қару-жарақ пен басқа да құрал-жабдықтарға қарамастан, АҚШ пен оның Еуропадағы одақтастары қазіргі заман сын-қатерлеріне мүлдем дайын емес. Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы тұрақсыздық жағдайларында бұл өте үлкен олқылық болып табылады. Оның үстіне, Ресей тарапынан әскери қатер күн санап арта түсіп келеді. Қысқа қайырғанда:
  • АҚШ-тың Батыс Вирджиния штаты соңғы 100 жылдағы ең ауқымды су тасқынын бастан кешіп жатыр. 22 маусым күні басталған тасқыннан бүгінге дейін 24 адам көз жұмыпты. Жүздеген адам құтқарылған, алайда, көп адам жоғалып кеткендер қатарында.
  • Қытайдың Хунань провинциясының Ичжан уезіндегі автотрассада туристік автобус өртенді. 26 маусым күні орын алған оқиға салдарынан автобустағы 56 адамның 35-і опат болған. Жүргізуші тірі қалыпты, бірақ ол күдікті ретінде қамауға алынған.
  • Ресей астанасы – Мәскеу қаласында спорт сөмкесіне 31 миллион рубль салып алып жүрген ер адам тоналған. Белгісіз біреулер аспанға тапаншадан оқ атып ақша иесін қорқытқаннан кейін, сөмкені «Жигули» жеңіл көлігіне салып тайып тұрған. Қарақшылық шабуыл фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалыпты.
  • Үндістанда озат оқушы қыз өзі маманданған пәннің атауын дұрыс жаза алмағаннан кейін қатаң жаза қолданылып, қамап тасталыпты. Бұл туралы The Guardian хабарлады. Оқиға Бихар штатында орын алған. 17 жасар мектеп бітірушінің аты-жөні Руби Рой көрінеді. Аталған оқиғаға байланысты елде үлкен жанжал болып, енді оқушы қыз екінші қайтара емтихан тапсыруға жіберіледі.
шарайна-3Үш ел қол қойған маңызды келісім Ресей, Қытай және Моңғолия ШЫҰ-ның кезекті саммитінде экономикалық дәліз құру жөніндегі келісімге қол қойды. Бұл экономикалық дәліз Мәскеудің Бейжіңмен және Ұлан-Батормен байланыс, көлік инфрақұрылымын дамытуға ықпал ету саласындағы ынтымақтастықты нығайту үшін құрылып отыр. Сондай-ақ, бұл жоба жүзеге асқан жағдайда елдер арасындағы инвестиция мен сауда-саттық артып, мәдени байланыстар жақсара түседі . Бұл келісімнің арқасында үш мемлекетте де көлік инфрақұрылымы артып, өндірістік қуат жоғарылайды деп күтілуде. Тиісті құжатқа Ташкентте ҚХР, Ресей және Моңғолия басшылары Си Цзиньпин, Владимир Путин және Цахиагийн Элбэгдорж қол қойған болатын. Аталған жаңалықты The South China Morning Post агенттігі хабарлады. Азия аймағына да ауыз сала бастады «Ислам мемлекеті» (Қазақстанда тыйым салынған) өзінің Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі стратегиясын жария етті. Бұл туралы The South China Morning Post агенттігі хабарлады. Содырлар желіде осы пиғылдарын білдіретін бейнеролик таратқан. Бейнероликте содырлар өздерінің өңірдегі жақтастарын Сирия мен Иракқа бармай өздерінің елдерінде қалып, топ құруға шақырған. Олардың хабарлауларына қарағанда, өңірде құрылатын содырлар жасағына Абу Абдулла басшылық жасайтын болады. Ол «Ислам мемлекетіне» ант беріп үлгерген Филиппиннің «Абу Сайяф» бүлікшілер тобының серкесі екен. Малайзияның терроризмге қарсы  күрес жөніндегі ведомствосының басшысы Аюб Хан Мудин Питчайдың пікірінше, бұл жайт өңір үшін үлкен қатер болып табылады. шарайна-4Табиғат алдында адам қауқарсыз Қытайдың шығысындағы Цзянсу провинциясында орын алған дауыл мен торнадо салдарынан қаза тапқандар саны 98 адамға жетті. Шамамен 800 адам түрлі деңгейде дене жарақаттарын алған. Мұны провинция губернаторының деректеріне сілтеме жасай отырып, China News Service басылымы хабарлады. Азаматтық әкімшілік министрлігі, өз кезегінде, 200-дей жаралылардың жағдайы мүшкіл екенін көлденең тартқан. ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мен ел премьер-министрі Ли Кэцян өңір басшылығына жаралыларды құтқарып, табиғат апатының салдарын барынша азайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауды тапсырды. Әуелде 51 адамның опат болғаны туралы хабарланған еді. Ал табиғат апатынан барынша зардап шеккен елді мекен Янчэн қаласы саналып отыр. Апат аймағынан 20 мыңдай адам көшірілген. Интернет материалдары негізінде әзірленді