29 Маусым, 2016

Үкімет қарапайым халыққа бет бұрды

301 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Укимет- новыйКеше Үкімет отырысында жұмыспен қамту мәселелері қаралды. Осыған орай елдегі негізгі жағдайды Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова баяндады. Министрдің мәліметінше, «Жұ­мыспен қамтудың жол кар­тасы-2020» бағдарламасын жүзе­ге асы­рудың аясында 167 мың адам мемлекеттік қолдауға ие болып, жұ­мыс істеуге жәрдем алды. Ал мұ­ның еңбек нарығындағы ахуал­ға оң ықпалы бар. Қазір елі­міз­дегі жұмыссыздық деңгейі – 5 пайыз. Т.Дүйсенованың хабар­лауын­ша жылдың соңына дейін де «Жұмыспен қамту-2020» бағ­дар­ламасының жол картасы аясында әлі біраз инфрақұрылымдық жобалар іске қосылып, талай адамға жұмыс табылайын деп тұр. Бұл бағдарламаға негізінен 101 млрд. теңге бөлінген. Ағымдағы жылы 1177 инфрақұрылымдық жобаны, сонымен бірге, 26 жаңа фельдшерлік-акушерлік пункті, отбасылық-дәрігерлік амбулаторияны іске қосу жоспарланған. Толықтай алғанда, 20 мың жұ­мыс орны қарастырылған. «Осы мақ­саттарға өңірлерге 4,4 млрд. теңге бағытталды. 830 жоба бойынша байқау аяқталды және 470 жобаны жүзеге асыру басталды. Оларға шамамен 5 мың адам жұмысқа тұрды», деді Т.Дүйсенова. 2016 жылы Кәсіпкерлікті дамыту картасы аясында 9 мыңнан астам адам 3 млн. теңгеге дейін ша­ғын несие алған. «Мұндай несие­лерді алу үшін міндетті түр­де шаруа қожалығы немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелу қажет. Бүгінгі таңда 1,6 мың адамға 3,5 млрд. теңгеден астам шағын несие берілген. Алайда, кейбір өңірлерде жұмыс баяу жүріп жатқан көрінеді. Мәселен, БҚО, ОҚО, ШҚО, Қос­танай, Қарағанды, Ақмола облыс­тары мен Алматы, Астана қала­ларында жоспарланған жоба­лардың жүзеге асырылу жайы 40 пайызға жетпейтіндігі айтылды. Соған байланысты министр жұ­мыс­­ты ширатуды сұрады. Жалақы қарызы бақылауда ұсталмақ Т.Дүйсенова елімізде жұмыс­шыларына жалақысын бермей жүрген кәсіпорындардың бар екендігін атап өтті. Министрдің дерегіне сүйенсек, жыл басынан мемлекеттік инспекторлар ел кә­сіп­орындарының ағымдағы бере­шектері 2,8 млрд. теңге көле­мінде екен­дігін анықтап, дағда­рыс­қа қар­сы штабтың қабылдаған шара­ларының арқасында оның 2,4 млрд. теңгесі өтелген. «Дегенмен, өңірлік дағдарысқа қарсы штабтың мәліметтерінде жалақы бойынша жалпы бере­шек­тің көлемі бүгінде 1,6 млрд. теңгені құрап отырғаны көрсе­тілген. Оның ішінде үш айға дейінгі ағымдағы берешектер 514 млн. теңгені, үш айдан асатын уақыты өтіп кеткен берешек шамамен 134 млн. теңгені құрайды. Банкротқа ұшыраған кәсіпорындардағы қарыздың ең көлемдісі – 955 млн. теңге. Қазіргі уақытта бұл бағытта Бас прокуратурамен, Қаржы министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстар жүргізілуде», деді Т.Дүйсенова Үкімет басшысына қарата айтқан сөзінде. Премьер-Министр бұл ретте жұмыс орындарында еңбекақы төлеу мәселесі ағымдағы мәселе­ден өзекті мәселеге айналып кетуі мүмкін екендігін атап өтті. «Үкі­меттің келесі отырысында жал­а­қы­лардың төленуі мәселесі бо­йынша аймақтар әкімдерінің баян­дамаларын тыңдасам деймін. Осы аптада кәсіпорындармен белсене жұмыс жасап, жағдай қай жерде қалай болып жатқанын, қандай шаралар қабылдау керектігін анықтау керек», деді К.Мәсімов. Үкімет басшысы жуырда жұ­мыс сапарымен Қарағанды облы­­сына барғанында ірі тау-кен ме­таллургиялық кәсіпорын­дардың басшылығы барлық жұ­мыс орын­дарын сақтап қалу­ға уәде еткенін еске салды. «Бұдан басқа, көп­теген орта және ша­ғын кәсіп­орындар бар, қазіргі эконо­мика­лық жағдай бұл мәселе біздің бақы­лауымызда болуы тиіс екенін көрсе­теді. Келесі аптада бұл біздің қарастыратын екінші мәселеміз болмақ», деді К.Мәсімов. Қосалқы шаруашылықтарға қолдау көрсетіледі Үкімет отырысында ауыл тұр­ғындарын жұмыспен қамта­масыз ету және жеке қосалқы шаруашылықтарды пайдалану арқылы агроөнеркәсіп кешен өнімдері өндірісінің көлемдерін арттыру және азық-түлік қауіпсіз­дігі мәселелерін шешу шараларына да баса назар аударылды. Бұл ретте Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдар­ла­масының қаражаттарын сүт қа­былдау пункттері және от­басылық бордақылау алаңдарын құрумен шұғылданатын ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыруға, оларды несиелен­діруге бағыттауды ұсынды. Ол сүт және еттің 70-80 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтарда өн­ді­рілетінін атап өтті. Ал қайта өңдеуші кәсіпорындар қуат­­ты­лығы тек 60 пайыз ғана жүк­телген. Себебі, жеке қосалқы шаруа­­шы­лықтардан ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін дайындау және та­сымалдау үшін қажет бола­тын инфрақұрылымдар әлі қалып­тасқан жоқ. Қолданыстағы сүт зауыттарының қуат көлемін шикі­затпен қамтамасыз ету үшін 3 жыл ішінде 668 сүт қабылдау пункттерін құрып, жеке қосалқы шаруашылықтардан 380 мың тонна қосымша сүт жинау және өткізу жоспарланған. Бұл сүт зауыттарының жүктемелерін 64 пайыздан 84 пайызға дейін көбейтіп, қайта өңделген өнім өндірісін 30 пайызға дейін арт­тыруға мүмкіндік береді. Екінші өзекті бағыт ретінде отбасылық бордақылау алаң­дарын құру ұсынылды. Өзін өзі жұмыспен қамтыған тұрғын­дардың малдарын бұқа және азықпен қамтамасыз ету үшін же­ңіл­дікпен несиелеу қарасты­рылады. Бағдарлама шеңберінде 100 мың тонна сиыр еті өндірілетін 32 мың отбасылық бордақылау алаңдарын ашу жоспарланған. Үш жыл ішінде 65 мыңнан астам үнемі қызмет істеп тұратын жұ­мыс орындары құрылатын болады. Осының нәтижесінде қайта өндеуші кәсіпорындардың жүкте­мелігін 61 пайыздан 95 пайызға дейін жеткізу жоспар­ланған. Құрылатын ауыл шаруашы­лығы кооперативтері бұған қо­сымша басқа да бағыттармен жұ­мыстана алады. Мысалы, жүн және тері дайындау, жеміс-көк­ө­ніс­тер дайындау, ара шар­уа­шы­лығы, отбасылық құс шаруа­шылығы және тауарлы балық шаруашылығы бар. Бағ­дарламаны жүзеге асыру үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» және «ҚазАгро»ҰБХ» АҚ қаражаттары тартылатын болады. Премьер-Министр К.Мәсiмов отырыс барысында Ауыл шаруа­шылығы министріне Қара­ған­ды­дағы күйдіргі ауруына (сібір жара­сына) қатысты туын­даған мәселеге байланысты мән-жайды анықтауды тапсырды. «Кеше Қарағанды облысында осы мәселеге қатысты жиын өткiздiк. Жалпы түйгенiмiз – бiзде мал қорымын күзету мәселесi бақылаусыз жатыр десек болады. Осы мәселенiң жай-күйiн анықтау керек. Кеше тиiстi тапсырма бердiм. Келесi Үкiмет отырысында осы мәселені де қарастырамыз. Мал қорымдарын күзету қажет. Қаражат бөлiнген болатын, ендi қаржының қайда жұмсалғанын және кiмнiң жауапты екенiн қарау керек», дедi К.Мәсiмов. Бұл орайда, Үкiмет басшысы, ветеринарлық бақылау мәселе­сiнің маңызды екенiн атап өттi. «Өңiрлерде бұл жұмыс тиiстi деңгейде емес деген ойдамын», деп түйіндеді Премьер-Министр. Қаржыны игеру  қадағаланады Өз кезегінде Премьер-Ми­нистр­дің орынбасары Д.Назар­баева Жұмыспен қамтудың жол картасы және жалпы жұмыспен қамту мәселесі бойынша Үкі­меттің ауқымды жұмыс жүр­гізіп, үлкен қаржы ресурстарын бөліп жатқандығын атап өтті. «Бұл жерде мәселе оның нәти­желілігі мен тиімділігінде болып отыр. Шағын несиелер беру өте маңызды, ол халықтың эконо­микалық белсенділігін ынта­лан­дырады және бұл жерде жергі­лікті органдар осы қаржыны оңтайлы пайдалануға ерекше көңіл бөлулері керек. Және игерушілік сомасына ғана емес, сонымен қатар оның нәтижесіне де назар аударулары тиіс», деген Д.Назарбаева жұмыспен қамтуға және еңбек нарығын тұрақтандыруға бағытталған бағдарламалар қаражатының бір бөлігі салық және әлеуметтік аударымдар түрінде қайтарылуы тиіс екенін, тауар айналымы және халықтың сатып алу белсенділігі ұлғаюы керек екенін атап өтті. «Осы тұрғыда бізде нақты статистикалық мәлімет жоқ. Және мен бұл қаржыны игеру үрдістерінің қалай бақыла­натындығын анықтаған кезде салалық министрліктің осы қаражатты игеру үдерісін белсенді бақылайтындай жеткілікті құзыреті жоқ екеніне көзім жетті. Бұл ретте министрлік пен әкімдіктердің арасында осы ақшаның тиімді жұмсалуына жауап беретін өзара жаңа деңгейдегі қарым-қатынас орнату керек. Барлық осы жобалар бойынша, инфрақұрылымды қалыптастыру мен жөндеу, шағын несиелерді беру жүйесінде толық ашықтықты қамтамасыз ету керек, интернеттегі инфрақұрылымдық жобалардың паспорты толық орналасуы тиіс», деп түйіндеді Д.Назарбаева. Қалай дегенмен, Үкімет мүше­лері алға тартқан деректер жұ­мыспен қамтуға қыруар қаржы бөлініп, жүйелі жұмыс жүріп жатқанын жеткізді. Алайда, қазіргі күні ауыл-аймақтардағы жұмыспен қамтудың жағдайы әлі де болса көңіл көншітіп отырған жоқ. Ендеше, Премьер-Министрдің орынбасары Д.Назарбаева айтқандай, бөлінген қаржы қаншалықты нәтижелі жұмсалды, қорытындысы қандай деген сұрақтарға да айрықша назар аударған жөн. Әрине, қорытынды туралы қаузағанда, жұмыспен қамту деген жұрттың бәріне мемлекеттік мекемелерден жұмыс беру немесе мемлекеттік қызметкерлердің қатарын көбейту емес екенін де ескерген жөн. Қазір қорадағы малыңды көбейтуге көмектесіп, сүт сатуға жол ашылса да, оның арғы жағында Үкіметтің үлесі жатады. Ал ауыл адамдары мал өсіріп, жерді игеріп-ақ өзін өзі жұмыспен қамти алатыны айқын. Ал ол үшін Үкіметке ауыл-аймақтардағы инфрақұрылымдар мен жол жағдайын жақсарту әбден қажет-ақ. Әйтпесе, қанша қаржы қарыз-несие берсек те, қатынас жасау жайы дұрыс қалыпқа келмей шаруа шалқымайды-ау деген күдігіміз де жоқ емес. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»