29 Маусым, 2016

Жапон жиһанкезі

330 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
2541_oko_2Шымкент шаһарын ұнатты Фуми есімді жапон жиһанке­зінің Шымкентте жүргеніне он күннен асып кетті. Оның мәнісі қызық. Бір топ мотоциклші Ыс­тық­көлге демалуға бара жатып, құла дүзде жалғыз өзі тамақ ішіп отырған шетелдікті байқайды. Әуестікпен сұраса, бір жыл бұрын жолға шыққан 28 жастағы жапон жігіті велосипедпен Австралияға дейін жетпекші екен. Ескі велосипед, азын-аулақ тамақ, көр-жер салынған жол қапшық. Бар жабдығы осы. Токиодан тәуекелдің қайығына мініп, «құдай жарылқасын» деп аттанып кеткен жапон жиһанкезі Жер шарын біраз шарлап, Қазақстанға келген. Астана, Алматы, Тараз қалаларында болған. Жиһанкез деген қызық халық қой. Күй талғамайды. Таңғы асын тәңірден көріп, ершікке қонып жолды-жолсыз жерді әбден шиырлап, талықсып барып қоналқаға құлайды. «Мен де бір құдайдың құлымын. Маған көмектесіңдер», деп ешкімге бәлсінбейді. Түз бен адамның жыртқышынан басқа қорқары жоқ. Оңтүстіктің жігіттері ер көңілді. Жападан жалғыз жүрген, әбден күйі тайған жапон жиһанкезін жақсылап күтіп алу үшін Шым­кент­тегі велоқауымдастық мүше­леріне хабар береді. Мұндағы сан алуан ұлтының бәрі заты да, жаны да дархан қазақ болып кеткен. Олар мейманды қонақүйге орналастырып, аста-төк дастарқанмен күтеді. Бұл жағдай кісікиік деңгейіне  жеткен жапон жігітін қатты таң­дан­дырыпты. «Менен сендерге еш пайда жоқ, неліктен ықыл­астарың түсіп жатыр?» деп ыңғай­­сызданады екен. Әу баста Фуми­дің жоспарында Шымкентте екі күн аялдап, Ташкентке өту екен. Алайда, Ташкентте саммит өтіп жатқандықтан, 26 маусымға дейін шекара жабық. Сондықтан, шымкент­тік велосипедшілер оны бұ­рын жапон тұтқындары жұмыс жасаған Байжансай кен орталы­ғына апарып келген. Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен жапон солдаттары салған мектеп Жиынбай ауылында әлі күнге дейін мызғымай тұр. Отандастарының ізі қалған жерде жүрген Фумидің шым­кенттіктерге ықыласы ерекше. –Дүниенің талай түкпірінде болдым. Бірақ Шымкенттің тұр­ғын­­дарындай ешкімді жатыр­қа­майтын, жақынындай бауырына басатын жұртты көргенім жоқ. Мен осы жерден нағыз достар тапқаныма өте қуаныштымын, – дейді ол. Қазақ қонажайлығынан бөлек Шымкент асханасын да келістіріп мақтаған Фумиге велосипедке арналған аяқ жолдың болмауы ыңғайсыздық туғызбаған. «Әлемге әйгілі Токио да веложолымен мақ­тана алмайды» деп жуып-шаяды ол. Айтқандай, велоспортқа қы­зығу Шымкентке де қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовпен бірге жетті. Лондон Олимпиадасының чемпионы Александр Виноку­ровтың қолынан сыйлыққа велосипед алған әкім анда-санда ершікке қонып, қала аралайды. Қала әкімін Шымкенттегі экологиялық ахуал алаңдататын болу керек, бір мезгіл машинаны қойып, елді ершікке отырғызуды ойластырып жүр. Жақында шетелден велосипедтің үлкен партиясы келді. 40 велотұрақ орны дайындалып жатыр. Сағатына 100 теңге төлеп, мініп кете аласыз. Ұрлық туралы сөз болуы мүмкін емес. Әр шайтанарбаға GPS орнатылған. Күнде велосипед мінгендер арасынан жапон Фуми сияқты қазақ жиһанкездері де шығар-ау. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы