
Сондай-ақ, күйші Қазанғап Тілепбергенұлының «Торы ат» күйі, Жұбан Молдағалиевтің «Торы ат басы» ғажайып туындысында да осы түске айрықша мән береді. Мұндай мысалдар жүздеп саналады. Кейбір сөз тіркестеріне көз жүгіртсек, «сұлу торы ат болу» аса құрмет екені аңғарылады. Қазақ халқының ұлы перзенті Мұхтар Әуезов те «Әдебиеттің еңбек торысы» деген сөзді қазақ әдебиетінің тарихын табандап отырып тиянақты зерттеген, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері Есмағамбет Самұратұлы Ысмайыловқа байланысты қолданған екен. Осыдан-ақ, көрер көзге көңіл толатын, ісіне мығым, еңбекқорлығына жан келмейтін мінсіз мінез иелеріне осы теңеу лайық болған тәрізді.
Мәселен, кешкен ғұмыры, атқарған елдік қызметі, жастарға деген қамқор пейілі, ел тағдырына алаңдаған дархан көңілі бар филология ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, ҰҒА академигі, Қазақстан және Қырғызстан республикалары ғылымының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Серік Смайылұлы Қирабаевты да солай атау әбден лайық.
Жеке тұлғаның мінез-құлқы арқылы тұтас топтың, қоғамның өмірін түсінуге болады. Өйткені, адам қоғамсыз өмір сүре алмайды. Адамның белсенді түрде еңбекпен шұғылдануы, әлеуметтік қатынастарға түсіп, өзара байланыс жасауға толық қабілеті бар тіршілік иесі болып қалуы ғана оның тұлғалық бейнесін жоғарылата түспек.
Біз мұны Серік Смайылұлы Қирабаевтың 1927 жылы 23 наурызда Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Атасу ауылында дүниеге келгеннен бастап, 1951 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітіріп, аспирантурада оқи жүріп, Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасының аға редакторы, «Әдебиет және искусство» журналының бөлім меңгерушісі, 1952-1955 жылдары «Пионер» журналының редакторы, 1955-1958 жылдары «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде меңгеруші, редакциялық алқа мүшесі болғанындағы қызметінен аңғарамыз.
1958 жылдан Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында 30 жыл бойы доцент, профессор, филология факультетінің деканы, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, институт ректорының оқу ісін басқаратын орынбасары қызметтерін атқарған, 1988-1995 жылдары Қазақ КСР ҒА М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, бөлім меңгерушісі болған кездегі тындырған өлшеусіз еңбектерінен танып-білеміз. Осы уақыт аралығында қыруар қоғамдық жұмыстар атқаруы, өндірте ғылыми еңбектер жазуы, тарихтың ақтаңдақ кесірінен жазықсыз жазаланған жандарды ақтап алуға жанталасқан өршіл қимылынан көреміз.
– Әдебиет – ұлттық мәдениеттің бір саласы. Оның дамуы ұлттың тілімен, ділімен, ұғым-түсінігімен, парасатымен, дүниетанымымен тікелей байланысты. Осының бәрі көркем туынды арқылы көрініп, халықтың санасына сіңе отырып, оның рухани өмірін қалыптастырады. Сол жолдан ауытқымауын қадағалауға міндеттіміз, – деп ғалым осы үдерістің бәрін әдебиет аясында салыстып қарастырады, жастарға түзу жол нұсқайды.
Серік Қирабаев есімі ұлттық мәдениетіміздің аса көрнекті өкілі ретінде республика көлемінде ғана емес, жақын шет елдерге де таныс. Ол әдебиетіміздің атақты қаламгерлерінің шығармашылығын монографиялық үлгіде жан-жақты зерттеу тәсілін жете игерген ғалым. Оның Абайтану саласындағы тындырған күрделі еңбегіне қазақ елі аса құрметпен қарайды. Бұл саладағы жемісті еңбегі үшін кезінде институттың бір топ ғалымдарымен бірге Мемлекеттік сыйлыққа ие болғаны – осының айғағы.
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінің тарихында ұлттық идеяның тууы мен өркендеуіне жол ашуы өз алдына бөлек әңгіме. Жаңаша көзқарас қалыптастырған «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты іргелі еңбектің ұйымдастырушысы ғана емес, редакциялық алқаның төрағасы ретінде тындырған ісін әркім өзінше пайымдай алады деп есептеймін.
Өмір талқысынан сүрінбей өтіп, сан алуан қиындықтың таразысында шыңдалған, сынақтың қандайы болса да тура бидей әділ шешімін таба білген ғалым ағамыздың тағы бір белесі – қазақ әдебиеті оқулықтарының авторы екендігі. Қазақ жастарының талай буыны осы оқулықтан бойына білім сіңіріп, өмірлік тәлім алып келе жатқанын ескерсек, ғалым көтерген жүктің салмағы айқындала түспек.
Академик Серік Қирабаев ғылыми шығармашылық өнерінде 40-тан астам монография мен сын, зерттеу кітаптарын, 17 оқулық пен оқу құралдарын шығарды. 1994 жылы «Жүсіпбек Аймауытов» атты кітабы ҰҒА-ның Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығына ие болған ғалым көптеген ордендермен, медальдармен марапатталды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Отан» орденінің иегері болды.
Ыбырай Алтынсарин бір сөзінде: «Жақсы мінез бен ақыл күші біріксе – бұлар адамгершілік қасиеттер», – деп адамгершілігі мол жандарға үміт артатынын білдірген екен. Адамгершілік – адам бойындағы ең асыл қасиет және адамзат баласының ең жоғарғы мақсатына бағытталады. Бұл қасиет адамды мейірімділікке, Отанын, елін, отбасын сүюге үйретері анық.
Міне, соның бәрін 67 жылдан бері жұптары жазылмай берік отбасын құрған Серік аға мен Әлия апамыздың бойынан көріп, киелі шаңырағында қалыптасқан тамаша қасиеттерінен замандастары мен шәкірттері, ағайын-туыстары үлгі алады.
Мен бұл отбасын көптен білемін. Сондықтан да ойымды саралай келе, халқымыздың «Жақсы адам – қазына» деген нақыл сөзін еске алдым. Өздерінің білімімен, біліктілігімен, терең мағыналы ғұмыр кешуімен, өзгеге өнеге болуымен халықтың қазынасына айналған Серік Қирабаев пен Әлия Бейсенованың өмірлеріне көз жіберсек, олардың өте бай ғұмыр кешіп келе жатқанын байқаймыз.
Сөзіміздің айғағы ретінде айтарымыз, филология ғылымдарының докторы Серік Қирабаев пен география ғылымдарының докторы Әлия Бейсенованың шаңырағын ел «Академиктер отбасы» деп таниды. Біле білгенге, бір отбасынан екі бірдей академиктің шығуы – сирек кездесетін құбылыс. Оған себепкер тату тірлік, бір-біріне деген адал махаббат жемісі екені анық. Оны мына әңгімеден аңғарамыз. «...Апаларың жас кезінде сұлудың сұлуы еді. Әлі де сыры кетсе де, сыны кетпеген қалпында отыр ғой, міне. Бір көргеннен-ақ ғашық болдым, сөйтіп 18 жасында үйленіп алдым, – деген Серік аға әзіл-қалжыңы аралас мақтанышын жасырмайды. Расында, Әлия апамыз мінезге бай жан.
«Адамгершілікке тәрбиелеу құралы – еңбек пен ата-ана үлгісі» дейтін Ыбырай Алтынсарин атамыздың, «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деген халқымыздың дана сөзі бар. Осы ретте баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершіліктің құнды қасиеттерін сіңіруде үлгілі отбасы мен педагогтер шешуші рөл атқаратынын еске салғым келеді.
Шүкір, қос ғалымның ұясынан түлеп ұшқан тұңғыш ұлы Нұр болса, Мәскеу университетін бітіріп, аспирантурада оқып, сол жақта кандидаттығын, докторлық диссертациясын қорғады, философия ғылымдарының докторы, профессор атанды. Бүгінде Ресей Халықтар достығы университетінің бірінші проректоры-ғылыми проректоры.
Профессор Нұр Серікұлының ғылыми істер жөніндегі проректор ретінде тындырған жұмыс ауқымы өте көлемді. Оны Ресей Халықтар достығы университетінің соңғы бес жыл ішінде барлық жоғары оқу орындары мен РФ университеттері арасында 3-4 орынды иеленіп келгенінен, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі рейтингісінің жоғарылай түскенінен де аңғаруға болады. Бұл олардың халықаралық ғылыми қарым-қатынасын арттырып, кадрлар даярлаудағы ғылыми біліктілігін жоғарылата түсуде.
Ұзақ жылдар профессор Нұр Серікұлы Қирабаев Ресей Федерациясы Білім министрлігінің гуманитарлық білімдер жөніндегі Кеңес төрағасының орынбасары болып, 15 жыл РФ Білім және ғылым министрлігінің Философиялық ғылыми-әдістемелік кеңесін басқарды.
Осыдан-ақ, оның жұмысқа жауапкершілігінің жоғарылығы, табандылығы, іскер басшы екендігі аңғарылады. «Қазақ халқындағы «Әкеге тартып ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген тілектің жүзеге асқанына бұл да бір негіз.
Ортаншы ұлы Әділ еліміздің Ішкі істер министрлігінде жауапты қызмет атқара жүріп, жол апатынан қайтыс болған-ды. Кенже ұлы Әлім, Сыртқы істер министрлігінде Америка департаменті директорының орынбасары.
Енді, аяулы апамыз жайлы бірер сөз. Ресми тілмен айтар болсақ, Ұлттық ғылым академиясының академигі Әлия Бейсенованың ұсынысымен 1986 жылы ҚазПИ-дің физикалық география кафедрасының жанынан «Ландшафттар экологиясы және табиғатты қорғау» атты лаборатория ұйымдастырылды. 1989 жылы Әлия Сәрсенқызының ұсынысы және тікелей қатысуымен ҚазПИ-дің жаратылыстану-география факультетінің құрамында экология бөлімі ашылып, ҚазПИ-де география және экология факультеті ұйымдасты.1991-1999 жылдары география және экология факультетінің деканы, Қазақстан географиясы және экологиясы кафедрасының меңгерушісі болып сайланды.
Осыншама жүкті арқалай жүріп, үлгілі отбасын қалыптастыру оңайға түспейді. Әлия апамыз үшін ол қалыпты жағдай. Енді, келіні, Астана қаласындағы «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Шолпан Қирабаеваның лебізіне зер салайық: «...Ата-енемнің сүйікті ұлы Әділ керемет азамат еді. Әскери адам болатын. Тағдырдың жазуына не дерсің. Бар болғаны 11 жыл сыйластықта өмір кештік. Машина апатынан қайтыс болды. Артында Ержан, Санжар деген екі ұлы қалды. Қазір олар үлкен азамат дәрежесінде. Бірі халықаралық құқық мамандығын игерсе, екіншісі Ұлттық қауіпсіздік академиясын бітірді. Екеуі де мемлекеттік қызметте. Менің бұл арадағы айтпағым, «Ата-енең жақсы болса, қызындай етіп өсіреді» деген қазақы қағиданың растығына көз жеткізу.
Талайыма қарай қазақтың байтағындай ниеттері бар, көргендері көп, көңілге түйгендері мол екі асылым, ардақты ата-енем менің бетімнен қаққан емес. Ұзататын қыздай алақандарында ұстады.
Өзім де алдарын қиып өтпедім, айтқандарын екі етпедім. Әкемдей болған атаммен, анамдай болған енеммен қатар, сол отбасының барлық үлкен-кішісін, әсіресе, енемнің шешесі ақыл-парасаты мол Рымбала апамды ерекше қадір тұттым. Ол кісіден қалған бір керемет үлгіні осы арада айта кетсем деймін. Күн сайын ертеңгісін тұрғанда бәрімізбен амандасатын.
«Қалдарың қалай, жақсы тұрдыңдар ма?» дейтін. Біз бір шаңырақтың астында отырып, бұл кісінің мұнысы несі деп таңданыс білдірсек:
«Е, жассыңдар ғой. Кейін мендей болғанда солай екен-ау дейсіңдер. Түн түнек қой. Одан таңертеңгі жарыққа жету бір ғанибет емес пе!? «Түннен таңға түгел жетейік» деген сөзді бұрынғылар бекер айтқан ба?» дейтін. Сол сөздің ақиқатына енді көз жетіп келеді.
Мен мамандығыма қарай өмір бойы бала тәрбиесі саласында қызмет етіп келемін. Менің бар жақсы тірлігім, ұрпақ тәрбиесіндегі атқарып жүрген жұмысым сол ата-анамдай болып кеткен ата-енемнің үлгі-өнегесі деп білемін».
Қазақстанның әлемдік деңгейдегі зияткерлік қоғам қалыптастыру бағытындағы қарышты қадамы, ұлтық құндылықты баянды ету, төл тарихымызды жаңғырту, экономикамызды өрістетуде жастарымызға жан-жақты білім қажет. Ол үшін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған «Мәңгілік Ел» идеясын жедел жүзеге асыруға бәріміз де атсалысуға мүдделіміз.
Осы істе қос мерейтой иелері, бүгінде 90 жасты еншілеген Серік Смайылұлы Қирабаев пен 85 жасқа жеткен Әлия Сәрсенқызы Бейсенова ортамызды толтырып жүре берулері үшін бақуатты өмір, зор денсаулық тілеймін.
Сәрсенғали ӘБДІМАНАПОВ,
Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің
ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор