
Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев екі күндік жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына келді. Айта кетейік, бұл Үкімет басшысының Президент тапсырмасы бойынша еліміздің өңірлеріне жасап отырған алғашқы жұмыс сапары.
Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының аймақтағы ірі өнеркәсіптік-индустриядық және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында, денсаулық сақтау және білім беру нысандарында жүзеге асырылу барысымен танысу мақсатында арнайы келген Үкімет басшысы жұмыс сапарын Аягөз ауданында орналасқан Ақтоғай кен байыту комбинатынан бастады.
Аз уақыттың ішінде әлемдегі ірі кәсіпорындардың біріне айналып үлгерген Ақтоғайда қазіргі уақытта 1500 адам еңбек етеді. 2016 жылы тотықтандырылған кенді қайта өңдеу бойынша кешенде 18,1 мың тонна катодты мыс өндірілді. Кәсіпорын жыл соңына қарай өндіріс көлемін 20 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Комбинат басшылығы Премьер-Министрге кен алу технологиясы жайында әңгімелеп және оны байыту технологиясын таныстырды.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында міндеттеген жаңа технологияларды өндіріске енгізу бағытында өңірде батыл әрі қарқынды жұмыс істеп келе жатқан мекемелердің бірі – «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС. Глубокое ауданында орналасқан шаруашылық тек дәнді дақылдар өсірумен ғана шектелмей, мал шаруашылығымен де шындап шұғылданып келеді. Былтыр осы жерде 600 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы жұмысын бастаған-ды. Бақытжан Сағынтаев заманауи технологиялармен жарақтандырылған фермаға арнайы ат басын тіреп, мұндағы сиыр сауу залы, емдеу-санитарлық бекеттері, мал азықтандыру цехы мен мал азығы қоймаларының жұмысымен танысты. Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин Үкімет басшысына өңірде сүтті мал шаруашылығын дамытудың 2015-2017 жылдарға арналған бағдарламасы жайында баяндады. Оның айтуынша, 2014 жылы облыста 12 сүт қабылдау бекеті болған, 2017 жылдың аяғына дейін бұл көрсеткішті 60-қа дейін жеткізу көзделіп отыр.
Премьер-Министр бұл күні облыс орталығы – Өскемендегі Арматура және Үлбі металлургия зауыттарында да болды. Соңғы өндіріс орнын аралау нәтижесі бойынша облыс әкімі Д.Ахметов, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы А.Жұмағалиев және «ҮМЗ» АҚ басқарма төрағасы Ю.Шахворостов Үкімет басшысының қатысуымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы аясындағы ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойды.
Бақытжан Сағынтаев облыс орталығындағы көз микрохирургиясы емханасына да арнайы барып, ақ желеңді абзал жандармен жүздесті. Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова осы жерде Үкімет басшысына өңірде медицина кадрларын қайта даярлаудың үш деңгейлі жүйесін таныстырып, бұл бағдарлама арқылы 3 жылдың ішінде аймақтың 50 дәрігерін шет елде тәжірибеден өткізу жоспарланып отырғандығын жеткізді.
Премьер-Министр жұмыс сапары барысында облыстың кәсіпкерлерімен дөңгелек үстел басында жүздесіп, мемлекеттік сатып алулар жүйесін одан әрі дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Жиында Үкімет басшысына толғандырған жайларын жасырмай жеткізіп, сауал жолдап, ұсынысын айтқан кәсіпкерлер көп болды. Бақытжан Сағынтаев барлығын мұқият тыңдап, өзімен ере келген министрлерге сол жерде түйткілді мәселелерге орай жауап бергізді.
– Елбасының кәсіпкерлік саласындағы кедергілерді жою жөніндегі тапсырмасы бар. Үкімет «Атамекен» палатасымен бірлесе отырып, бұл бағытта бірқатар шараларды қолға алатын болады.
Бүгінгі жұмыс сапары барысында Шығыс Қазақстанда Мемлекет басшысының биылғы Жолдауда жүктеген үшінші жаңғыруды жүзеге асыру мақсатында ауқымды жұмыстардың жүргізіліп жатқанына куә болдым. Аягөздегі Ақтоғай кен байыту комбинатында бір мезгілде 350 адам жұмыс істейді екен. Бұл дегеніңіз ғажап қой. Сондықтан жаңа технологияларды өндіріске енгізу бағытындағы жұмыстарды одан әрі жандандыра түскеніміз абзал, – деді Үкімет басшысы.
Бақытжан Сағынтаев Өскемендегі жұмыс сапарын Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде түйіндеді. Мұнда өңірдегі маңдайалды оқу орнының ғылыми әзірлемелерімен танысып, аймақтағы ірі кәсіпорындардың өкілдерімен жүздесті.
Премьер-Министрдің жұмыс сапары бүгін Семей қаласында жалғасады.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН