Парламенттің төменгі палатасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заң жобасының түзетулері таныстырылды. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жаңа құжатқа қатысты Мәжіліс депутаттарының алдында баяндама жасап, олардың сауалдарына жауап берді. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 80-қадамын іске асыру үшін өткен жылдың қараша айында «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заң қабылданған болатын. Аталған заңда медициналық сақтандыру жүйесін қалыптастыру бойынша тиісті нормалар қарастырылған. Министр «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласына қатысты бірқатар заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының аясында 6 кодекс пен 16 заңға өзгерістер енгізілетінін жеткізді. Е.Біртановтың айтуынша, елдегі макроэкономикалық ахуалдарға байланысты, сонымен қатар, жұмыс берушілерге артылатын міндеттерді төмендету үшін төленетін жарна көлемін азайту туралы ұсыныстар түскен. Бұл ұсыныс қолдау тауып, Мемлекет басшысына ұсынылған. – Мемлекет басшысы бұл түзетулерді мақұлдады. Осылайша, мемлекеттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудағы жарнасының көлемі бекітілді, – деді министр. Сонымен, мемлекеттік жарна көлемі 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап – мемлекеттік жарна төлеу нысанының 3,75 пайызын құраса, 2019 жылдың басынан – мемлекеттік жарна төлеу нысанының 4 пайызына көтеріледі. Ал 2022 жылдан бастап бұл көрсеткіш 4 пайыздан кем болмауға тиіс. Бұл орайда, мемлекеттің жарнасы республикалық бюджет туралы заңмен тиісті жылға сәйкес бекітіліп отыратын болады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты жұмыс берушілердің жарнасы да жыл санап көтеріліп отырмақ. Оның көлемі биылғы жылдың басынан бастап аударылған төлем нысанының 1 пайызын құрайтыны белгілі. Келесі жылы бұл көрсеткіш 1,5 пайызға көбейсе, 2020 жылы 2 пайызға, 2022 жылы 3 пайызға жетуге тиіс. Өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтар болса, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап сақтандыру қорына табысының 5 пайызын құрайтын жарна төлеуге міндеттеледі. – 18 жасқа дейінгі мүгедек балаға күтім жасайтын жұмыссыз адамдарға мемлекет есебінен жарна төленеді. Жоғары оқу орнын бітірген түлектер де 3 айға дейін жарна төлеуден босатылады. Жұмыссыз жүрген оралмандар тіркелген күннен бастап, бір жылға дейінгі аралықта жарна төлемейді, олар мемлекет есебінен міндетті сақтандыруға ие болады. Тегін медициналық сақтандыруға жұмыссыз жүрген және Қазақстанда тұрақты түрде тұратын шет ел азаматтары, олардың ішінде зейнеткерлер, балалар, мүгедектер, студенттер қол жеткізе алады, – деді Е.Біртанов. МӘМС жүйесінің енгізілуіне байланысты әскери қызметкерлерге, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне медициналық көмек көрсету, сонымен қатар, осы категорияға жататын, зейнетақы алатын азаматтар мен олардың отбасы мүшелеріне медициналық көмек көрсету мәселесі де реттеуді қажет етеді. Осыған қатысты министр әскерилерге, құқық қорғау, арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлеріне әскери-медициналық мекемелерде мемлекет есебінен медициналық көмек көрсетілетін қазіргі тәртіпті қалдыру туралы ұсыныс айтты. – Күштік құрылымдардан тиісті жас шегіне жеткеннен кейін немесе басқа да себептер бойынша қызметінен босатылған зейнеткерлерге, сонымен қатар, олардың қарауындағы отбасы мүшелеріне әскери-медициналық мекемелер, басқа да денсаулық сақтау мекемелері Қор активтерінің есебінен қызмет көрсетеді, – деді министр. Оларға санаторий, курорт қызметін ұсыну да бұрынғысынша мемлекет есебінен жүзеге асырылмақ. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»
Әлем • Бүгін, 21:18
Балаларға арналған пайдалы стартаптар
Балалар • Бүгін, 20:49
Репродуктивті денсаулық апталығы барысында қандай ұсыныстар айтылды?
Медицина • Бүгін, 20:23
Талдықорғанда 60 пәтерлі тұрғын үй қолданысқа берілді
Қоғам • Бүгін, 19:45
Шерзат ісі: мәйітке жасалған зерттеу
Қылмыс • Бүгін, 19:14
Қытай корпорациясымен бірлескен жобалар талқыланды
Үкімет • Бүгін, 19:00