
Нұр тамшылары төгіліп, айналаны мейірімге бөлеп, жер-жаһанға жасыл көйлек кигізіп, ақ бұлақтар ақтарылып, жыл құстарының әні шалқып Наурыз келді қазақ жеріне.
Жылдан-жылға Наурыз мейрамын атап өту айрықша сипат алып, көркейіп келеді. Береке-бірліктін бастауы, жаңалықтың жаршысы, жыл басы Наурызды Созақ аудандық орталық кітапханасы биыл теріскей жерінде алғашқылардың бірі болып бастады. Өз оқырмандарына наурыз көже беруді ұйғарған кітапханашылар «Наурызнама: Наурыз – тілек, наурыз – дәм» атты кітапханашы қонақжайында мерекелік дастарқан жайды. Қонақжайда мүмкіндігі шектеулі азаматтар, еңбек ардагерлері, ардақты аналар, зиялы қауым өкілдері бір-бірін жаңа жылмен құттықтап, дастархан үстінде өнегелі әңгімелер, бата-тілектер айтылды. Қонақтарға арнайы дайындалған концертік бағдарлама ұсынылып, ән-жыр шалқып, мың бұралған бишілер тобы өнер көрсетті.
«Созаққа барсаң күйшімін деме...» деген еді ұлы жазушы Мұхтар Әуезов Оңтүстікке жасаған сапарында. Соның дәлеліндей, күй төгілген күн болды. Дарынды күйші Ерғали Жүзбаев, талантты жастар Дина Бектаева, Гүлназира Жексенбиева Сүгірдің, Төлегеннің күйлерін асқан шеберлікпен орындап, мереке шырайын аша түсті. Ұлттық киімдер киіп, орамалдарын төгілдіре салып қызмет жасаған кітапханашылар, іс-шараны жүргізушілер наурыздың үлгі-өнегелік сипатына ерекше сән бергенін атап өткеніміз жөн.
Гүлнәр ӨМІРБЕК
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Созақ ауданы