
Бұл оқу дәлелдері жоспарлы және жүйелі жинақталатын және оқу сапасы туралы қорытынды қабылдау үшін қолданылатын кез келген қызметті сипаттайды. Аталған ұғым екі аспектіні, оқуды бағалау және оқу үшін бағалауды көздейді. Бағалаудың түрлі нысандары оқуды жақсарту әлеуеті тұрғысынан сипатталып, бағытталады. Оқушылар арасында түсіністік және ұжымдық қарым-қатынас орнатып, сенімсіздікті жойып, мүмкіндіктерін арттыруға жол ашады.
Критерийлер оқытудың міндеттерін жүзеге асыратын өлшемдер, атап айтқанда, оқушылар жұмыс барысында орындайтын іс-әрекеттер тізбесі. Жаңа жүйенің негізгі мақсаты – білім сапасын арттыру. Қазіргі заманғы білім сапасы білім алушының келешектегі түрлі мәселесін шешуге қажетті құзыреттіліктерін қалыптастыратын білім беру нәтижесіне байланысты. Бұл білімнің мақсаты мен мазмұнына сәйкес келетін, оқушылардың оқу-танымдық біліктілігін қалыптастыруға себепші болатын, анықталған, білім процесінің барлық қатысушыларына алдын ала белгілі критерийлермен оқушылардың оқу жетістіктерін салыстыруға негізделген үдеріс. Бағалау кезінде оқушы үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің нақты жиынтығымен өлшенеді.
Оқушылардың пән бойынша үлгерімі екі тәсілмен бағаланады: қалыптастырушы және жиынтық бағалау. Аталған жүйе Филиппин, Сингапур, Жапония, Франция, Финляндия сынды дамыған елдерде пайдаланылады. Мұны енгізудегі мақсат – оқыту сапасын жоғарылату, мектеп бітірушілер білімін халықаралық стандартқа сәйкестендіру. Критерийлі бағалау міндеттері оқушылардың сабақтың әр бөлігінде дайындық деңгейін анықтауға, бағдарламаға сәйкес оқу мақсаттарын орындау қабілеті мен даму жетістігін бақылауға, білім алу барысындағы қателіктері мен олқылықтарын айқындауға, түрлі жұмыс барысында алған бағасының әділдігіне көз жеткізуге, оқу бағдарламасының тиімділігін саралауға, сабақ үдерісі мен білімнің меңгерілуі туралы оқушы мен мұғалім және ата-ана арасындағы кері байланысты қамтамасыз етуге негізделген. Бағалаудың басты қызметі ынталандыруға, белсенділікке, түзетуге, дамытуға құрылса, ұстанымдары нақтылық, әділдік, жүйелікті көздейді. Қалыптастырушы және жиынтық бағалау барлық пәндер бойынша қолданылады.
Тілдесу арқылы қарым-қатынас жасау дағдыларына жататын оқылым, жазылым, айтылым және тыңдалым бастауыш сыныптардағы барлық пәндер үшін маңызды. Сондықтан оқушыларға осы 4 дағдыны барынша жетілдіруге мүмкіндік берудің маңызы зор. Тәжірибелік маңызына тоқталсақ, тек оқушы жұмысы бағаланады, орындалған жұмыс алдын ала белгілі үлгімен салыстырылады, оқушы өз жұмысын бағалауға мүмкіндік беретін нақты бағалау алгоритмін біледі және ата-анасына ақпарат бере алады.
Критерийлі бағалаудың мұғалімдер үшін маңызы сапалы нәтижеге әкелетін іс-әрекетін саралап және болашаққа жоспарлай алатын мәліметтер алуға, сабақ беру сапасын арттыруға, оқушының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оқытудың әр тұлғаға арналған ауқымын жоспарлауға, бағалаудың әртүрлі әдістерін пайдалануға, оқу бағдарламасын қолжетімді ету үшін ұсыныстар енгізуге байланысты өрбиді. Ал оқушылар үшін танымдық қабілеті мен ойлау деңгейін арттыратын оқытудың әртүрлі әдістерін пайдалануға, табысқа жетелейтін бағалау критерийлерін түсінуге, өзін және өзгелерді бағалау арқылы кері байланысқа түсуге, сыни ойлауына, еркін ой айтуына, өзінің білімін көрсетуге септеседі. Ата-аналар үшін баласының білім сапасының дәлелдемелерімен танысуға, оқуындағы табысты бақылауға және оқуына қолдау көрсету үшін бағыт алуына мүмкіндік береді.
Критерийлі бағалау жүйесін қолдану арқылы біз оқушының тұлғалық бағытын белсенді позицияға бағыттауға, тұлғаны өзіндік жауапкершілікке, тұғырлы нәтижеге жеткізуге, білім алушылардың дайындық деңгейі мен өсу динамикасын кез келген кезеңде анықтауға, әртүрлі жұмыстардан алған бағаларды дифференциалдауға қол жеткіземіз. Сонымен бірге құрылымдық бағалау мен нақтылы бағалаулар арқылы оқушының еңбегін анықтауды, оқушының бағалау жүйесіне толық қанағаттануын қалаймыз. Мұның барлығы мектепте оқыту сапасын жоғарылатуда, мектеп бітірушілердің білімін халықаралық стандартқа сәйкестендіруде тиімді.
Оқушылардың оқу жетістіктерін бағалауда бірқатар дағдылар қолданылады. Атап айтқанда, білу, түсіну, қолдану, сын тұрғысынан ойлау, талдау, синтез, бағалау, зерттеу дағдылары, рефлексия, коммуникативті, тілдік, жеке жұмыс және топта жұмыс істеу, мәліметті іздеу дағдылары, тәжірибелік, шығармашылық дағдылары.
Дескриптор аталатын жетістік деңгейінің сипаттамасына келсек, бұл білу мен түсінуден, қолданудан, сыни ойлау мен зерттеуден және коммуникация мен рефлексиядан тұрады. Білу мен түсіну – жекелеген сыныптар мен пәндер көлемінде оқу бағдарламасының мақсатына сәйкес келетін ақпараттар және сипаттамаларды білу және жаңғырту, алынған ақпаратты талдау, қайта жаңғырту, болжау жасау арқылы түсінгендігін көрсете білу. Қолдану – бұрын алған ақпараттар мен білімдерін жаңа немесе таныс емес жағдайларда және контекстерде пайдалану.
Яғни оны практикалық, диаграммалық жұмыстарда, кескін картамен жұмыс істеуде, есеп шығаруда, жобаларда, мәселені шешуде және жаңа нәтижелер ойлап табуда қолдану керек. Сыни ойлау және зерттеу – ақпараттарды талдау, синтездеу, бағалау арқылы пікір қалыптастыру, болжамдарды дұрыс ақпараттар жинақтау және деректерді пайдалану арқылы зерттеп, өз бетімен қорытынды жасауды білдіреді. Коммуникация және рефлексия дегеніміз – субъектінің өзіне және өзінің санасына назар аударуды білдіреді. Пьер Тейяр де Шарденнің айтуынша, рефлексия адамдарды хайуандардан айыратын нәрсе, соның арқасында адам белгісіз бір нәрсені біліп қоймай, сонымен қатар сол «білімін білуді» түсіндіреді.
Жалпы, критерийлі бағалау технологиясы оқушы бойындағы үрейленуді басады және мұғалімді «төрешілік» қызметінен босатып, оқушының өзін өзі бағалау, өз іс-әрекетіне баға беру, жауапкершілік қабілетінің дамуына ықпал етеді.
Критерийлі бағалау жүйесі бұрынғы бағалауға қарағанда, қалыптастырушы және жиынтық бағалауымен ерекшеленеді. Бүгінгі заман талабы жан-жақты дамыған, өзіндік «мені» қалыптасқан тұлға тәрбиелеу екені белгілі. Оқушы тұлға болып қалыптасуы үшін оның бойында түрлі проблеманы анықтауға, өзіндік тұжырым жасай білуге, өзіндік бағалауға, сыни ақпараттарды өз бетімен табуға, талдауға, логикалық операцияларды қолдана отырып дәлелдеуге, жалпы алғанда, жеке адамның құзыреттіліктері қалыптасуы қажет. Мұғалім мектептегі сабақтар топтамасын жоспарлауда бағдарламаның жеті модулін сабаққа ықпалдастыруды назарға алу керек. Сонымен бірге әдіс-тәсілдерді тиімді пайдаланарда оқушылардың жас ерекшелігін міндетті түрде ескеру қажет. Оқушылардың сабаққа қызығушылығын арттыруы мен өсуіне үлес қосатын сергіту сәттерін де пайдалану ойластырылады. Сол себепті критерийлі бағалау технологиясы оқушы мүмкіндігін арттыруға жол ашады.
Ақзира СӘРСЕКЕНОВА,
Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің аға оқытушысы
ШЫМКЕНТ