– Бауыржан Нұрбекұлы, сіз Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының болашақ суретші, мүсінші жастарымен тікелей жұмыс істейсіз. Өнерге құштарлық қай кезеңде де бәсеңдеген емес. Өткен ғасырларда атақты суретшілердің көпшілігі арнаулы білім алмай-ақ талантымен тас жарып шықты, бүгінде білімсіз танымал болу мүмкін бе?
– Қазақ көркемсурет өнері біздің даламызға жер аударылып келген, қудаланған, түрлі себеппен қоныс тапқан түрлі ұлт зиялыларының, белгілі суретшілердің ықпалымен қалыптасып, іргесін көтергені белгілі. Ұлттық бейнелеу өнерінің уығын қадаған Ә.Қастеевтің өзі де осы үлкен мектептен өтті. Кейін Ресейдегі белгілі сурет өнері курстарында оқып, білімін жетілдірді. Дүние бағасын әрқашан салыстырмалы түрде алады. Басқаны ысырып қойғанда, «шығармалары тұтас бағаланды, ұлттық сурет өнерінің атасы атанды» деген Ә.Қастеевтің өзі бағасын «алды» деп те, «ала алмады» деп те екіжақты пікір айтуға болады. Оның атағы шығып, әлем тани бастаған кезде Американың сол кездегі ең әйгілі суретшілерінің бірі, шығармашылығында реалистік идеяны романтикалық символизммен шебер үйлестіре білген аса танымал Рокуэлл Кент біздің Әбілхан атамызды көру үшін құрлық асып, Қазақстанға арнайы келеді. «Америкадан Рокуэлл Кент келе жатыр» деген хабар құлағына тиісімен жергілікті билік алашапқын болып бар-жоғын да білмей келген Қастеевті қолына шам алып іздейді. Қазақ суретшісінің туындыларын бағалауға құлық танытпаған кеңестің сыңаржақ билігіндегілер сонда не көреді? Олардың алдында басында не баспанасы, не жеке шеберханасы жоқ, кенебі мен бояуынан басқа түгі де жоқ жұпыны Қастеев тұрады. Сол-ақ екен, Әбілхан ағамыз аяқасты үйлі болады, табан астында шеберханасы жасақталады. Сөйтіп өздері бағаламағанымен, өзге жұрт қадіріне жеткен Қастеевті алдарына салып америкалық қонақты қарсы алады. Міне, «бағаланды» деген Қастеевтің өзі де бағасын бірден ала алмағаны осындай қарапайым мысалдардан байқалып қалады. Шын таланттың түбі бағаланбай қоймайтыны шындық, бірақ Кент келмегенде, Қастеев қарапайым тіршілігін кешіп жүре берер ме еді, қайтер еді? Бүгінгі суретшілердің басында да тура осы кеп, «бағаланды» дейтіндерінің өзі бағасын толық алып болған жоқ, «бағаланбады» дегендер де қара жаяу, құралақан қалып жатқан жоқ. Бірақ біз өзімізді бәрібір алдыңғы қатарлы өркениетті елдермен салыстырамыз. Өлшемді де осы көзқараспен межелейміз.
– Ол мүмкін емес қой. Қалай дегенмен өркениетті елдердегі бейнелеу өнері бізден бірнеше ғасырға қара үзіп кеткен, ол межеге біздің иық теңестіруіміз мүмкін емес шығар?
– Құлан түздегі көкжиекке көз салмасақ, сол жиектің бойында не жатқанын білуге ұмтылмасақ, өз қазаныңда қайнап, тоқырауға тұншығу деген сол емес пе? Студенттерімізбен «Импрессионизм іздерімен» атты жоба бойынша қысқа мерзімді тәжірибе алмасу мақсатында Парижге барған сапарымыздан бір ғана мысал айтайын. Парижге барғандар жақсы біледі, уақыты тығыз адамдар француз астанасымен танысып, аралап шығу үшін оларға жылдам шолу жасайтын автобустар ұсынылады. Сонда байқағаным, ашық аспан астындағы музей іспетті қала туралы естіген ақпаратымыз бен тарихи мәліметтер тек қана суретшілер мен мүсіншілер есімімен байланысты екен. Ренуар, Роден, Эйфель, Жан Баптист Лепер, ағайынды Мористер, оларды санап тауысу мүмкін емес, толып жатыр. Әдебиетте классикалық шығармалар тудырған француздың ақын-жазушысы да, саясаткерлері де жеткілікті, соған қарамастан ұлттық байлығы ретінде ең алдымен олар суретшісі мен мүсіншісін ұлықтап отыр. Қысқасы, Париж туралы алған ақпараттың 90 пайызын суретшілер мен мүсіншілер құрайды. Қай елге барсам да, бірінші кезекте суретшілер құрметтеліп жатады. Дәл осы өнерді асқақтатқан елдердің әлем алдындағы абырой-беделі де биік.
– Бізде бейнелеу, кескіндеме, мүсін өнерінің дамуына ден қойып, оған демеушілік жасайтын кәсіпкерлер қатары көбейіп келе ме, әлде олардың саны сол баяғы 5-6 мырзаның шеңберінде қалып қойды ма?
– Белгілі мүсінші Ескен Сіргебаев ағамыздың сыр ғып айтқаны бар еді. «Біздің елде ескерткіштер, мүсін өнері туындылары салтанатпен ашылып жатады. Тапсырыс беруші әкімнің, демеушілік жасаған кәсіпкердің, тас мүсінге қашалған қайраткердің туыс-туғанының, қатысып отырған зиялылардың аты тегіс аталады. Алайда сол туындының авторының аты аталмайды. Аталған күннің өзінде екінші, үшінші кезекте асықпай, тіпті салтанатты шараға ән айтуға келген әншіден кейін аталсақ аталамыз, әйтпесе ұмыт қалып та жатамыз».
Бұл не? Бұл қоғамның мүсіншіге, суретшіге, жалпы бейнелеу өнеріне деген қалыптасқан көзқарасы. Парижді әдейі мысалға айтып отырмын. Еуропа суретшілерінің тарихына үңілейікші. Бұл суретшілерді кімдер өсірді? Біреуіне король, біреуіне Рим папасы, енді біріне жергілікті бай-манаптар әр кезеңде қолдау көрсетіп отырған. Солар тапсырыс беру арқылы ұлттың өнерін өсірді.
Қазақстанда өнер жоқ деп айта алмаймыз. Елімізде графика өнерінің мектебін қалыптастырған ғажайып суретші Ағымсалы Дүзелханов ілгеріректе қатерлі дертке шалдығып, ауыр науқастанды. Отаға қаржы керек болып және ол өте қымбат болғандықтан, тұрып жатқан пәтерін сатуға мәжбүр болды. Міне, осындай қиын шақта Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов әріптесіміздің хал-ахуалын сұрап, бірнеше жұмысын сатып алып, қолұшын созды. Бұл – үлкен өнерді өсіретін қадам. Бейнелеу өнерімен айналысатындарға тапсырыс беріп, ірі кәсіп иелері тарапынан қолдау жасалмаса, бұл өнердің алға басуы қиын. Жас суретші Талғат Тілеужановтың шығармашылығы да өнерді қолдайтын кәсіпкерлердің арқасында биіктеп келеді. Өнерлі азаматтардың талантын бағалайтындардың қатарында Эдуард Казарьян мен Асқар Есдәулетовке қолдау көрсетіп келе жатқан Нұрлан Смағұловтың меценаттығын атауға болады. Аса талантты Анар Әбжанова да мемлекеттің өз қолдауымен Луврға барып, жеке көрмесін өткізіп қайтты. Жекелеген суретшілердің бағы жанып, өнерін көрсетуге мүмкіндік тапқанымен, жалпылама салыстырғанда, бейнелеу өнері алдыңғы шепте емес, шеттеу тұрғаны өтірік емес. Арагідік қолдау мен бағалау жоқ емес – бар, бірақ бейнелеу өнерінің биіктей түсуі үшін біртұтас мемлекеттік саясаттың болғаны дұрыс.
– Ел арасында «суретші яки өте бай адам, яки өте кедей» деген пікір қалыптасқан. Суретшілердің өмірге бейімдірегі жұмысын бағалап сата алады, ал таланттар көп жағдайға тіршілік-тұрмысқа икемсіздеу келетіндіктен, барлығы бірдей мұндай мүмкіндікке ие емес. Сурет өнеріндегі жағдай шынымен осылай ма?
– Яки жалбырап өсіп кеткен шашы екі иығын жауып, апталап, айлап ұстара көрмейтін сақал-мұрты қауғадай болып өсіп, ішімдікке салынған суретші елестейді деңіз. Бұл – стереотип. Ван Гогтің Тео деген ағасы болмаса, ұлы суретшінің туындылары адамзаттың игілігіне қызмет еткен құнды мұра болып қалар ма еді, қалмас па еді? Егер әлем Ван Гогті ұлы қылқалам иесі деп таныса, ол осы бауырының арқасы. Ван Гогтің күнкөрісіне қажетті бүкіл мұқтаждығын: ішетін тамағынан бастап бояу, қаламына дейін бауыры тауып беріп отырған. Ал бүгінде Францияға табаны тиген туристің көпшілігі сонау бір қиыр шеттегі төбенің басында жерленген әйгілі Ван Гогтің зиратына барып гүл шоғын қойып, тағзым етуді өзіне парыз санайды. Бірақ суретші біткеннің бәрінде мұндай бауыр қайдан болсын? Біздің әріптестеріміздің арасында да бояудың түсі мен күшін болмыс-бітімімен сезіне алатын, әлемді көруі, тануы өзгеше, талантты болып туа тұра, күнделікті күйбең тіршіліктің қамытын іліп, тіпті тағдыр тауқыметін көтере алмай жоқ болып кеткендері бар. Қолдаушысын таба алмай, бағасын ала алмай құрдымға кеткен тағдырларды көргенде ішің ашиды. Біз, әріптестері, талантын бағалай алғанымызбен, оған пәтер алып бере аламыз ба? Қоғам бағалауы керек. Себебі суретші кең бұқараға танылмаса, бағасын ала алмайды.
– Жоғары оқу орнына дейінгі бейнелеу пәнінің оқытылуына көңіліңіз тола ма? Бүгінгі талапкерлердің қиялын ұштап, қанаттандырудағы мектептің рөлі қандай?
– Мектеп оқушысы кезімде әдебиет пәнін керемет сүйіп оқыдым. Себебі әдебиет оқулығын ашып қарасаң, бір бетінде Қ.Телжановтың, бір бетінде М.Кенбаевтың, К.Шаяхметовтің, басқа да белгілі суретшілердің кәсіби жазылған картиналары оқушыға арналған ақын-жазушылардың шығармасының мазмұнын ашып, бағдарламаға лайықталып әр беріп тұратын. Сурет өнерін бағалау, суретшіні құрметтеу мектептен басталатын. Суретшілер «әліппені», бейнелеу өнері, дүниетану, тағы да басқа оқулықтарды безендіруге белсенді қатысып отыратын. Бұл үрдіс, бәлкім, бүгінде сақталып отырған болар, бірақ суретшілердің үздік шығармаларын насихаттаудың бір көзі ретінде аясын тарылтпағаны дұрыс. Кейінгі жылдары мектептердегі сурет сабағы біресе қысқартылады, бірде бар болады, бірде жоқ болады. Ал сурет пәнін мектеп оқушыларына оқытудың жаңа бағдарламасы түзіліп, соның негізінде жас буынды суретшілердің шығармашылығымен үздіксіз таныстырып отырса, қоғамның ойлы азаматтарының қатары өсіп, сурет өнеріне көзқарасының түзелуіне септігі тиер еді.
Негізгі қызметім Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясындағы кескіндеме, мүсін және дизайн факультетінің деканы болғандықтан, жыл сайын мектеп бітіруші талапкерлермен жолығып жатамыз. Оларды шеберхана жұмыстарымен таныстырамыз. Бірде Қ.Телжановтың тұсына келіп: «мына шығарманың авторын танисыңдар ма?» деп сұрағанымда, жапатармағай «мен танимын, мен білемін» деген баланы көре алғам жоқ. Ішінен бір қыз бала ғана танып, белгілі суретшінің есімін атаған кезде, елжірегенім сондай, жылап жіберуге шақ қалдым. Сөз жоқ, бұл балалардың бәрі де талантты, үздіктердің үздігі, бірақ өткенмен таныстығы аз. «Болашақта суретші боламын» деп келіп тұрған балалардың түрі осындай, ал жалпы қоғамдағы жастардың бейнелеу өнерімен таныстығы қалай? Міне, бұл сұрақ.
– Арт-дилер немесе суретші продюсері деген кәсіптің иелері осы уақытқа дейін өз шоғырын қалыптастыра алды ма?
– Мейлі арт-дилер делік, мейлі продюсер делік, оларды қалай атасақ та, өнердің қолдаушысы боламын дегендер бірден пайда тапқысы келеді. Ал пайда табатын бірден-бір өнер саласы, бұл – эстрада. Теледидарды қосып, газетті ашып қалсаңыз «бәленнің жұлдызын жаққан мен» деген сұхбаттардан көз сүрінеді. Ал бейнелеу өнерінде бірден бағасын алу, содан кейін пайдасын көру өте қиын. Ол уақытты талап етеді. Кейде өз талантын бағалай білмейтін әріптестеріме: «Сен – күнәһарсың. Осынша қабілетке ие болып, телегей-теңіз өнеріңді әрі қарай тереңдете алмаған сен – күнәһарсың. Шығармашылығыңды өрістетпей, күнкөріс үшін басқа табыс көзін күйттеп кеттің» деп қатты айтуға мәжбүр боламын. Өзімше шамына тиіп, намысын қайрап, көмектескім келген түрім. Үміт күткен азамат өшіп кетпей, ең болмаса арт-дилермен жұмыс істеп, өнерін жалғастырса, ел танып, бағаланса екен деймін. Брюссельде тұрып галерея ұстаған танысым: «суретшінің аспандаған насихаты болса, кез келген жұмысын бағалатуға болады», дейді. Біз көп жағдайда өзіміздің енжарлығымызды, мінезіміздің бостығын әлеуметтік дағдарыспен ақтап, өзімізді жұбатуға тырысамыз, бірақ өнердің дамуы дағдарысқа қарап тұрмайды. Өнерді тудыратын таланттар толассыз келе береді. Тек олардың насихатын жүргізіп, жарнамасын жасап, мемлекеттік тараптан қолдау керек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»