Әдебиет • 31 Наурыз, 2020

Обломовшылдық деген немене?..

736 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Француздың әйдік суретшісі Энгрдің салған суреттері өзінің әріптесі месье («monsieur») Сезанға ешқашан ұнамапты. Оның себебін былай түсіндіреді: «Қараңыздаршы, мына картина қалай шебер салынған. Бірақ, ол өлі: онда өмір жоқ. Тек жәй ғана бояулы сурет». Әдебиеттің де әзелгі мақсаты жазушы талантының көркемдік қуатымен жазылған шығарма әмсе шынайы һәм қызыл сөз, қым-қуыт оқиғалардан ада болуы керек-ті. Автордың жазғаны өз басының жан толқынының отты өзеніндей әсер қалдырса, шығарма деңгейін бағамдай беріңіз. Ал сұлу сөзден сөйлем, одан ошағы бар, оты жоқ ұзын-сонар мәтін құраушылардың ауруы белгілі. Талантсыз жазғышбектердің бұл әдет-ауруы шартарапты шарлаған мына коронавирустың ар жақ, бер жағы болып тұр. Жазғыштығы күннен күнге күшейіп, баспадан баспа қоймай кітап шығарып, әдеби ортада етек-жеңі тіпті ауа жайылып барады. Әлқисса. Бүгінгі әңгіме Обломов туралы. Иә, бойына шақ диванда күн ұзаққа еш қамсыз, қаракетсіз сұлап жата беретін жалқау һәм аңғал Обломов туралы.

Обломовшылдық деген немене?..

Суық ақылмен пайымдасақ, бүгінгідей оқырманның оқуы мен талғамы жұтаған һәм «қалағанынша жазатын шын талант» азайып, «мүмкіндігінше жазатын кем талант» көбейген әдеби тоқырау қай заманда да болыпты. Көргеніміздей, көркем сөз арқалағанның бәрі классик боп кеткен жоқ. Күні бүгінге дейін қалам ұстаған мың-миллион автордың есім-сойы уақыт деген ұлы төрешінің сынынан өтпей, сол кезеңнің, сол дәуірдің өз еншісінде қалды. Ал уақыттан кейінгі көркем шығарманың тамырын басып, баға берер, әрине сыншы-әдебиетші деген «ар сотына» адал қауым.

«Тұлпарды тұлпар дүбірінен таниды» десек, ойға  Белинскийдің Пушкин, Лермонтов, Гоголь туралы жазғандары оралады. «Евгений Онегинде» (А.С.Пушкин) тарихи кейіпкер болмаса да оның орыс қоғамын оятқан поэма болғандығынан «тарихи» деп баға берген Белинскийге орыс әдебиетінің айтар алғысы көп. Гогольге жазған хатында автордың жазуда аз қателеспегенін және нақ қай шығармасында нені елемегенін тарқатып айтады. («Да простит Вас Ваш византийский бог за эту византийскую мысль, если только, передавши ее бумаге, Вы не знали, что творили...») Осылайша дарынды Белинский обьектісіне айналып отырған авторларды нағыз «русский писатель» негізінде ашты. Бұдан соң әңгімеміздің бас кейіпкері – әйдік жалқау Обломовты таныған Добролюбовты ауызға аламыз.

1859 жылы «Современникте» дүйім жұртты дүрліктірген «Обломовшылдық деген не?» атты мақала шықты. Авторы небәрі 23 жастағы Н.А.Добролюбов. Бұл бір ай бұрын ғана «Отечественные записки» журналында жарияланып біткен И.А.Гончаровтың «Обломов» романы туралы еді. «Обломовты» орыс жұртшылығы он жыл бойы асыға күтті. Қағазға басылмай тұрып-ақ мінсіз роман десіп жүрді. Алайда бірінші бөлімі жарияланған соң әлгі сүйсініскен қауым ақырын ғана шығарманы жаба қойды. Тап осы кезде «Дворян ұясы» шықты да, елдің бәрі жапа-тармағай соған бұрыла жөнелді. Сөйтіп «Обломов» ығысып, шетте қалды.

1

Гончаровтың өзіндік нәзіктігімен өте терең жазылған романның баяндалуы, оқиғаның тым баяу өрбуі оқушының көбін зеріктірді. Оқиғаның өте-мөте қызықты һәм көркем жазылуын сүйетін жұрт – «Обломовтың» бірінші бөлімін менсінбей әрі көңілсіз оқыды. Өйткені бірінші тараудың басында-ақ диванда сұлық жатқан сабаз аяғына дейін сол диванында тапжылмай, саусағын қимылдатпастан жатты да қойды. Гончаров романының кейбіреулерге шұбалаңқы болып көрінуі, міне осыдан. Сырттай алып қарасақ, шұбалаңқы екені де рас. Бірінші бөлімінде Обломов диванда жатады; екіншісінде Илинскийлерге барады да Ольгаға ғашық болады, Ольганың да көңілі түседі. Үшінші бөлімінде Ольга Обломовты жек көріп, айырылысады. Төртіншісінде Ольга Обломовтың досы Штольцке күйеуге шығады, Обломов өзі тұрған пәтерші әйелге үйленеді. Романның бар мазмұн-сөлі осы ғана. Бүкіл уақиғаның жалғыз-ақ арқауы бар: ол аңғал Обломовтың жалқаулығы мен тоғышарлығы. Шығарманың бар құндылығы да, «жалығары» да осы мінездерде жатыр.

Көреген Добролюбов роман туралы өз мақаласында былай дейді: «Шынында, поэзиялық әдебиетті ермек деп санайтын һәм көркем шығарманы алғашқы әсерімен ғана бағалауға үйреніп қалған біздің жұртта бұл романның тұтасымен сәтсіздікке ұшырауы үшін ілік аз болмаған сияқты. Бірақ көркем шындық осы жолы өз дегеніне жетті. Романның келесі бөлімдері кімді болсын алғашқы жағымсыз әсерінен арылтып жіберді де Гончаровтың таланты тіпті оның өзін аса мүсіркей қоймайтын жұрттың бәрін сөзсіз ықпалына бағындырды. Мұндай табыстың құпиясы, біздіңше, автордың көркемдік дарын қуатында ғана емес, роман мазмұнының ғажайып байлығында да жатыр».

Расында, Гончаровтың отыздан жаңа асқан қамсыз көзқарас иесі Илья Ильич (Обломов) образын «обломовшылдық» деңгейінде алып шығуы асқан суреткерлік. Обломовтың мимырт тіршілігінен бүтіндей бір ұлттың (бәлки адамзаттың) мінезі һәм сол кездегі қоғам бейнесі менмұндалап-ақ тұр. Қызығы, сол тасбақа тіршілік Обломовтың өзіне ұнайды. Оның жалқаулығы, тоғышарлығы өзіне жаңалық емес. Мәселен, ауқатты жерден шыққанын Илья Ильич (Обломов) Захарға түсіндіріп отырып: «Әлде мен жұлынып жүгіріп жүрдім бе, әлде мен жұмыс қылдым ба? Ішіп-жемім кем бе? Әлде мен жүдеу, арықпын ба немесе кескінім сорлы ма? Жетпей жатқан бірдемем бар ма? Әпере салатын, істей салатын кісілерім де, шүкір, бар ғой. Дүниеге келгеннен бері еш уақытта шұлығымды өзім тартып киген емеспін, сонда да, құдайға шүкір, тынышым кетіп көрді ме? Абыржитын маған не бар? ...Мұны мен кімге айтып отырмын? Мені бала жасымнан бағып-қаққан сен емессің бе? Сен мұның бәрін де білесің, нәзік тәрбиеде болғанымды, еш уақытта аш-жалаңаш болып көрмегенімді, мұқтаж болмағанымды сенің көзің көрген-ді. Еңбек істеп, тамақ таппағанымды да, қара жұмыс істеп әуреге түспегенімді де көзің көрген», деп толғайды.

2

Романның әу басында Обломовты жақтырмағаныңмен, оқи-оқи күнделікті әдетіне көзің үйреніп, көңілің босайды. Терезенің ар жағындағы күллі әлемге пысқырып та қарамайтын Илья Ильичтің бейғам өміріне таңғалуды да қоясың. Обломовтың қаласында сіз де тұрып жатқандай «Енді басқа не істейді?» деп соңында ақтап алуыңыз да кәдік. Расында, бала жасынан Захардың көмегінсіз аяқ баспайтын немесе өз пайдасы үшін түк істей алмаған Обломовқа жалқаулық үйір болмай қайтсін.

«Шұлығы мен башмағын күтушісі Захар кигізеді. Жасы он төртке келген Илюшаның бар білгені – кезектестіріп екі аяғын бірінен соң бірін созып Захарға ұсынады да жатады. Көңіліне қонбай қалса-ақ болғаны аяғымен Захардың тұмсығынан теуіп кеп жібереді. Захар ашуланып арыз айтса, жұдырықты ол үлкендерден жейді. Кейін Захар Илюшканың басын қасиды, мазасын алмау үшін, Илья Ильичтің қолдарын ептеп апарып өзінің жеңіне тығып, шолақ күрткесін кигізеді де, «пәлен де пәлен, түген де түген істеу керек: төсектен тұрысымен жуыну керек», – деп Илья Ильичке ұзын-ырғалы ақыл айтады. 

Осыдан кейін сылқым өмір сүрген Обломовтың бұл тоғышарлығына түк кінәсі жоқтай көрінеді. (Сенесіз бе, Обломовтың жалқаулығының тереңдігі соншалық, оны тіпті «достық та, махаббат та ұйқысынан оятып, орнынан тұрғыза алмапты»). Біздегі бұл әсер Гончаровтың өмір суреттерін шебер һәм әр детальді Обломовша асықпай, аптықпай, тәптіштеп жеткізе алғандығынан болса керек.

Әсілі, Добролюбов Обломов образы орыс әдебиетінде енді ғана көрінген жаңа тип еместігін, оның мінез қырлары бұрыннан бар екенін біліпті. Онегин, Печорин, Бельтов, Рудиндер ұқсас кейіпкерлер емес пе?! Сыншы олардың бәрін «көрген» һәм «таныған». Білгендіктен де ол Обломовты таңдап алып, таңдай қағарлық талдау мақала жазды. Бұл туралы әдебиетші Төлеген Тоқбергенов былай деп ой түйген: «Көреген сыншы жұпыны, «жуас» Обломов бейнесінен «замана нышанын» тани қойыпты. Сөйтіп, демократ-сыншының танымпаздығы арқасында «обломовшылдық» деген ұғым пайда болып, үлкен қоғамдық мәнге иек артып жүре беріпті. Шынында да «обломовшылдық» бүкіл қоғамдық тәртіптің іріп-шіруінің сұмдық символына айналып үлгерген екен. Сонымен, осынау жалқау Обломов һәм аңқау Обломов Добролюбов есімін аспанға шығарған әдеби тип болып қала берді».

Сөйткен Обломовты қалай танимыз? Әгәрәки, дүниеде істеліп жатқан істің бәріне селқос, салқын қарап һәм онысымен қоймай жойдасыз тоғышар бір замандасыңызды көре қалсаңыз, ол, сөз жоқ, обломовшыл. Ал ешкімнің көңілін бағып, жарамсақтанып жатпайтын, жұрттың бәріне бірдей байсал да батыл қарайтын мырза болса, ол да Обломовканың тұрғыны. Әрі қарай Добролюбовша айтсақ, «алайда, бұл мырзаның өмірі түгелімен өлген өмір. Өзінің меншікті мінез-құлқын көрсету бұл мырзада жоқ, үнемі басқа біреуге бағынып, соның құлы болады да жүреді. Бұл көрінген әйелдің құлы, көлденең көк аттының да құлы, өзіне бағындырып, билеп әкететін қу аяқ, сұмырайлардың да құлы. Өзінің басыбайлы Захарына да Обломов құл». Обломовта жақсы бір-ақ нәрсе бар екен: ол басқалардың көзін уқалап, алдауға тырыспайды: үнемі бәз баяғы төсекте тікесінен еш зиянсыз құлап жатады да қояды.

Қоғамға құл болған Илья Ильич айналасындағы адамдардың ықпалымен болсын, әйтеу өмір сүруге талпынды: қызмет те істеді, бірақ қағаздардың неге жазыла беретінін ұға алмады; сонсоң оқып жүрді – бірақ ғылымды қай пайдасына асыратынын білмеді; ол той-томалаққа да барды – бірақ елдің не үшін қонаққа баратынын ақыры түсінген жоқ; әйелдермен де көңіл қосты – одан да мән таппады – ақырында бәрінен жалығып, ұзақты күнге диванда жататын болды. Содан тынышы һәм абыройлысы жоқ екен. Оны обломовшылдықтан дүниенің еш қызығы, арман-тілегі алып шықпады. Сайып келгенде, Обломов диван үстінен басқа өмірді сүре алмады.

P.S.: Сонымен, Обломовта айтылған қылықтың бірталайы мына біздің қоғамда да кезігетіні рап-рас. Өз басымызбен дәнеңе ойлап табуға қауқар жоқ, яки ықылас жоқ, замандастың айтқанына әмсе қосылып, бас изей береміз. Лажы болса, бейбіт тіршіліктің берекесін қашырмауға бейілміз. Береке дегеніңіз, обломовшылыққа салсақ, тәтті тыныштық. Әйтеу, құлақ тыныш болса болды. Әттең, мырза Обломов сияқты диваннан қозғалмай жатар едік: ондай дәулет қайда. Һәм шұлғау шешетін Захар да жоқ. Өзіміз Обломов болмағанымызбен, бойымызды обломовшылдық билеп тұр. Бұны қайттік?..