Қоғам • 14 Ақпан, 2021

Жұрт жатақхана жағалап жүр

1797 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Елордада 2020 жылы 3 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен әлеуметтік тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғайтылмақ.

Жұрт жатақхана жағалап жүр

Астанада жеңілдікпен берілетін қолжетімді баспаналардың саны жыл сайын артқанымен, жалдамалы жатақханаларға деген сұраныс азайған емес. Себебі – қарапайым. Қара халықта үй алуға қаржы тапшы. Сондықтан да ауылдан қалаға ағылған ағайынның дені апатты болса да ескі-құсқы жатақханаларды жағалауға мәжбүр. Барақ үлгісінде салынған жатақхана қожайындарының көбі бөлмелерін заңсыз жалға береді. Жалға алушымен тиісті келісімшарт жасалмайды. Сәйкесінше, қажетті салық та төленбейді. Яғни «көлеңкелі экономиканың» көрігін қыздырып жатыр деген сөз. Елорда жатақханаларының жағдайын білу үшін М. Жұмабаев көшесіндегі бір-екеуіне бас сұғып көрсеңіз де жеткілікті.

Жұмабаевтың жатақханалары

Ақын Мағжан Жұмабаев атындағы көшемен өткен сайын сырты жамау-жамау, есік-терезесі аңғал-саңғал, қабырғалары қақырап жатқан 2 қабатты жатақхана еріксіз көзге түседі. Жанынан өтіп бара жатып, үнемі дəл жолдың жиегінде алаңсыз ойнап жүрген балаларды көресің. Өйткені, жатақхананың маңында ойын алаңы тұрмақ, бос жатқан алақандай алаңқай да жоқ. Ал Жұмабаев көшесінде көлік ағыны бір сəт толастаған емес...

«Оңтүстік-Шығыс», қарапайым халықтың арасында «Юго-Восток» деген атаумен белгілі бұл ауданда мұндай типтегі жатақханалар жетіп артылады. Бір ғана М.Жұмабаев көшесінің бойында оншақтысы бар. Əу баста кейбірінің 2-3 қабатты ғимарат, қайсыбірінің коттедж үлгісінде салынғанын сыртқы нобайынан-ақ аңғаруға болады. Бірақ дені ұзын-сонар дəлізінің қос қапталы шағын бөлмелерге толы жатақханалар. Мұндай жатақханалардың кіреберіс есігі өмірі жабылмайды, қашан көрсең арсиып ашық жатады. Өлместің күнін кешіп жүрген көп қазақтың баспанасы да осы – «Жұмабаевтың жатақханалары». Жақында 2-3 жатақханаға арнайы кірдік. «Бір танысым осы ауданнан бөлме іздеп жүр еді» деген сылтаумен бір жатақхананың қожайыны, енді бірінің коменданты, үшіншісінің тұрғындарын сөзге тартып көрдік.

 

«Ол жақта қабаған ит бар!»

Бас сұққан алғашқы жатақхана – бір көлік келіп тұмсығын тірей қалса құлайын деп тұрған қос қабатты үй. Ішке кіре бергенім сол еді нəжіс пен сасыған көктің бе, борсыған судың ба қолқаны жарған иісіне шыдай алмай кері бұрылдым. Кіреберіс қабырға мен баспалдақтың ластығы сонша, баттасқан кірін жуып емес, қырып алуға болады. Сыртқа беттегенде алқам-салқамы шығып, айқара ашық тұрған сыртқы есіктегі «Есікті жауып жүріңіздер!» деген жазба мен бір хабарландыруға көзім түсті. «Жатақхана бөлмелері жалға беріледі» деп телефон нөмірлері жазылған бір жапырақ қағаздың жалбыраған жыртындыларынан дым қалмапты. Соған қарағанда мұндай жерлерге де сұраныс болар деп түйдім...

Есіктің алдында үш ер бала жақын маңдағы дүкеннің қоқысында жатқан бос қораппен сырғанап ойнап жүр. Ең кішісінің қолында – құрт, бұтында –жұқа шалбар, үшеуі де жұқалтаң киінген. Жатақханаға жапсарлас салынған үш есікті тағы бір тапал үй бар екен. Екі ортаны жалғап тұрғаны – кір жаюға деп керіп қойған айқыш-ұйқыш жіптер ғана. Ары өте бергенімде əлгі балалардың бірі: «Ол жаққа бармаңыз! Қабаған ит бар!», деп айқай салды. Сол кезде ғана ұзындау шынжырда байлаулы тұрған итті байқадым. Абалап алдымнан шыға келді. «Бұл жерге неге ит байлап қойған?», дедім сасқанымнан. Ойын балаларының ішіндегі ес тоқтатқаны:

«Ана үйде «общаганың» бастығы тұрады. Балалар үйге кіріп кетпесін деп итін осылай байлап қояды», деді. Осы сəтте жатақханадан қолында құндақтаулы сəбиі бар жас келіншек шықты...

– Сіз осында тұрасыз ба?

– Тұрам. Тұрғанда... анам осында тұрады. Соған келгем... (неге екені сенімсіздеу жауап берді).

– Жатақханада бос бөлмелер бар ма, сіз білмейсіз бе?

– Бар сияқты. Мында телефондар тұр ғой, соған хабарласыңыз (иегімен құлайын деп тұрған есікті меңзеді).

– Бағалары қанша екен, соны білейін деп едім...

 – Əртүрлі. Бір бөлмелілер көлемдеріне қарай 25 мыңнан басталады, 40-45 мыңдықтар да бар. Ал екі бөлмелілер 60 мыңнан.

– Жуынатын бөлмелері, дəретханалары бар ма?

– Əр бөлмеде дəретхана бар. Бірақ «душы» жоқ. Себебі мұнда ыстық су жоқ.

– Сонда ыстық сусыз қалай...

– Ана жақта осы «общаганың» қожайыны тұрады. Солар апта сайын монша жағады. Соған баруға болады.

– Сіздер екі бөлмесінде тұрасыздар ма?

– Жоқ, бір бөлмеде, 30 мыңдықта тұрамыз. Тұрғанда... анам тұрады...

Жас келіншек ары қарай əңгімелесуге құлық таныта қоймады. Мен де қолқаламадым. Қолындағы шақалақты таза ауаға алып шыққаны көрініп тұр. Алайда, ары-бері ағылған көлік пен жақын маңдағы жер үйлердің мұржасынан шыққан көк түтіннен қайда қашып құтыларын білмегендей жол жиегінде ары-бері жүрді де қойды. Бел жазып отыратын орындық та жоқ. Бірінші қабаты шаштараз, дүкен мен ателье, тіпті, көлік дөңгелектерін жөндейтін орынмен толып қалған келесі жатақхана Жұмабаев пен Обаған көшелерінің қиылысында еді...

 

«Әйелдер комендант болып жарытпайды...»

Үш қабатты бұл жатақхана алдыңғысына қарағанда таза, жарық, еңселілеу екен. Өзін осы жатақхананың комендантымын деп таныстырған Ержан есімді толық денелі жігіт ағасы құдды бір ауылдың əкімі секілді шіреніп тұр. Сөзінен түсінгенім, өзі де осында тұрады екен. «Əдетте коменданттар əйелдер болушы еді...» деген мысқыл астарлас сөзімді жақтырмай қалған ол: «Мұндай жерге əйелдер комендант болып жарытпайды. Өздері-ақ шыдамай қашып кетеді», – деді шалқая түсіп. Орысша-қазақша араластырып, асығыс айтқан сөзінен түсінгенім – жатақханада 15 шаршы метрлік шағын бөлмелер 35 мың теңгеден басталып, көлеміне қарай баға 40, 45, 50-ге дейін өседі. Екі бөлмелі «пəтері» – 60 мыңнан жоғары. Жарыққа жаққандарына қарай əр бөлме тұрғындары бөлек төлейді. Дəретхана мен жуынатын бөлмелері əр қабатта орналасқан. Ерлер мен əйелдердікі бөлек. Ыстық, суық суы бар. Тазалыққа жауап беретін жеке қызметкері де бар болып шықты.

– Сіз өзіңізге іздеп жүрсіз бе?

– Бір танысым өтініш айтып еді... Жуынатын бөлмелеріңізді көруге бола ма?

– Оның несін көресіз?! Кəдімгі «душевой»... «кабинкаларға» бөлінген. Негізі тұратын адам өзі келіп көргені дұрыс қой. Сізге ұнаған оған ұнамауы мүмкін...

– Бос бөлмелеріңіз бар ғой сонда?

– Бар. Екі бөлмеліктен біреу, бір бөлмеліктен екеу бар.

Əр нəрсені тəптіштеп сұрағанымнан жалығып кетті ме, əлде, бөлмеде тұратын өзім болмағандықтан жақтыра қоймады ма, комендант қалған сұрақтарыма жүре жауап берді де, бөлмесіне кіріп кетті. Төменгі қабатқа қолында бір дорба қоқысы бар əйелмен бірге түстім. Осы жатақхананың тұрғыны екені желең кие салған киімінен-ақ көрініп тұр. Сыр тартып көріп едім, салдырлап бəрін өзі-ақ жайып салды.

«Біздің жатақхана басқаларына қарағанда құдайға шүкір ғой. Ана қуыстағы үйлерге барып көрдің бе?! Тұру мүмкін емес. Түнге қалсаң қорқынышты, қараңғы. Мына жер рахат! Жолдың бойы. Автобустан түсе қалдың да, кіре саласың. Өзім 47-автобуста кондуктор болып жұмыс істеймін. Таңертең жұмысқа осы жақтан шыға саламын. Дүкеннің қай түрі керек, бəрі жақын. Екі ұлым осы маңдағы мектепке барады. Өздері барып, өздері келеді. Оларды жетектеп жүруге уақыт та жоқ. Таңнан кешке дейін жұмыстамыз... Бөлме іздеп жүрсің бе? Бос тұрған бөлмелер бар...». Ары қарай комендант айтқан бағаларды тізбелей бастады.

– Сіздердің мұнда тұрғандарыңызға көп болды ма?

– Оны несіне сұрадың?

 – Жай, жалпы жатақхана тыныш па дегенім ғой...

– Үш жылдан асып барады. Тыныш қой. Жұрт мұнда қонуға ғана келеді. Бəрі жұмыста. Шуласа сол бала-шаға шығар... Енді ойнайтын жер жоқ, оларға не дейсің?! Осы үш қабаттың ішінде бір-бірін қуып ойнайды да. Жолға шығып кетпесе болды ғой...

Қолында бір дорба қоқысы бар қазақ əйелінің сөзі мен көзінен бір нəрсені анық аңғаруға болар еді. Ол – осындай күйкі тірлікке көнтері көнбістік. Күнкөрісті күйттеген келіншектің жүзі солыңқы көрінді. Бірақ... күйкентайдың күркесіндей тар бөлмеде күнелтіп жатқан адамның еңсесі қайдан көтерілсін?!

 

Жұрттың күйттегені – күнкөріс

Елордада жыл сайын «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы өтеді. Астананың əр ауданын қамтитын шара шеңберінде елордалық учаскелік полиция инспекторлары 80 мыңнан астам пəтер мен 10 мыңнан астам жеке үйді аралап шығады. Дəл осы операция барысында пәтерлерін заңсыз жалға беретіндер де анықталып жатады. Тиісті құжатсыз үйін жалға беріп, нəпақа тауып жүргендердің қатарында Жұмабаев жатақханаларының қожайындары да бар. «Оңтүстік-Шығыс» ауданына жауапты төрт учаскелік полиция инспекторы бар. Дәл біз сөз еткен көшеге бекітілген полиция қызметкері Азамат Кокышевтен «Жұмабаев жатақханаларындағы» қылмыстық ахуал туралы сұрастырғанымызда, полиция капитаны мұндағы жатақханаларда тіркелетін құқық бұзушылықтардың дені отбасылық-тұрмыстық кикілжіңнен туындайтынын айтты. «Көршілердің бір-бірімен келіспей қалуы, мас болып, тұрғындардың мазасын алу, жанжал шығару, тазалық үшін бет жыртысу – міне, бізге келіп түсетін арыз-шағымдардың дені осындай. Есіктері ашық-шашық қалатын бөлмелерге ұры да түсіп жатады. Жатақханалардың көбінде бейнебақылау камералары орнатылмағандықтан ұрлықтарды əшкерелеу оңай емес», дейді полиция капитаны.

Жол жиегін ойын алаңына айналдырған балалар қауіпсіздігін алға тартқанымызда учаскелік инспектор: «Жатақхана маңын қоршауды, ойын алаңдарын салдыруды талап ету – біздің құзырымызға жатпайды. Рас, жатақханалардың ешқайсысында балалар ойнайтын арнайы жер жоқ. Бірақ өзіңіз де біліп тұрсыз ғой... Жатақханада тұратындардың 100 пайызы бөлме жалдап күнелтіп жүрген ауылдан келген қарапайым халық. Жарымжан жалақысымен отбасын асырап отырған жұмысшы жұрттың күйттегені – жеке қауіпсіздіктен бұрын, күнкөріс қамы. Біздің мақсатымыз – өзімізге тиесілі учаскеде кімдер тұрады, қайдан келді, бұрын сотталған ба, қарулары бар ма, болса тіркелген бе – осындай мəселелерді назарда ұстау, тұрғындармен профилактикалық сұхбаттар жүргізу, қандай да бір құқық бұзушылық, қылмыс тіркелсе, ақ-қарасын анықтау», деді.

СӨЗ СОҢЫ. Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің мəлімдеуінше, бір ғана «Оңтүстік-Шығыс» ауданында 369 жатақхана бар екен. Едені сыз тартып, қабырғасына қырау қатқан жатақханада ешкімнің жетіскеннен тұрмайтыны ақиқат. Сəні мен салтанаты жарасқан елорданың сол жағалауындай емес, бұл жатақханаларда өмір сүрудің өз заңы мен жазылмаған ережесі бар. Мұнда келсеңіз азуын айға білеген елорданың басқа бір əлеміне енгендей боласыз...