
Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары талқыланды. Құжаттар жөнінде Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният баяндама жасады.
Заң жобалары биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік басқарудың үйлестірілген жүйесін құруға, сондай-ақ патогенді биологиялық агенттердің айналымы туралы деректерді есепке алу мен мониторинг жасаудың бірыңғай жүйесін қалыптастыруға арналған. Бұл заң жобасында биологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылымның басымдықтары мен бағыттарын да айқындау көзделген.
«Заң жобасы бойынша биологиялық қатерге қарсы іс-қимылдың тиімді жүйесін мынадай бағыттардың шеңберінде құру жоспарланып отыр. Бірінші бағыт – стратегиялық жоспарлау, биологиялық қауіпсіздікті болдырмау, биологиялық қауіпсіздік саласындағы басым ғылыми-зерттеу бағыттарын айқындау жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу.
Екінші бағыт мемлекеттік басқарудың үйлестірілген ведомствоаралық жүйесін құру және оның профилактикалық функциясын күшейтуді қамтиды. Уәкілетті орган енгізіледі. Оның негізгі міндеті – ведомствоаралық өзара іс-қимылды және мемлекеттік органдардың іс-қимылдарының келісілуін қамтамасыз ету. Биологиялық қатерлердің алдын алу жөніндегі уақтылы және тиімді шараларды әзірлеу үшін әртүрлі салалардан ақпарат жинау және талдау жүргізеді.
Сонымен қатар 13 мүдделі уәкілетті орган, жергілікті атқарушы орган өкілеттіктерінің құзыреттері айқындалынады. Профилактикалық функцияны күшейту шеңберінде алдын ала ескертусіз аса қауіпті патогендермен жұмыс істеуге қатысты мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру қарастырылған. Биологиялық қауіпсіздік саласында жедел назар аудару және профилактика шаралары көзделеді», деді А.Ғиният.
Ведомство басшысының келтірген мәліметіне сүйенсек, үшінші бағыт бейінді қызметтер мен халықтың ықтимал төтенше жағдайларға дайындығын қамтамасыз етуге бағытталады. Әрбір ықтимал қауіп үшін биологиялық қауіпсіздік саласында назар аудару хаттамалары әзірленеді. Онда мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар іс-қимылдарының, олардың төтенше жағдайлар кезінде ведомствоаралық өзара іс-қимылының алгоритмдері жасалады.
«Аса қауіпті патогендермен жұмыс істеу үшін даярлықтан өткен білікті мамандардан кадр резервін қалыптастырылады, қажет болған жағдайда олар аса қауіпті патогендермен жұмыс істеуге (төтенше жағдайлар, пандемия, басқа елдерге көмек көрсетуге) жұмылдырылады. Патогенді биоагенттермен жұмыс істейтін объектілерді материалдық-техникалық жарақтандыру халықаралық стандарттарға сәйкес келтіріледі.
Ғылыми-техникалық әлеует пен ресурстарды мемлекеттік қолдау шараларын күшейту жоспарланып отыр. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы басым ғылыми-зерттеу бағыттарын айқындалады. Инфекциялық және паразиттік аурулардың профилактикасы, оларды емдеу және диагностикалау үшін иммундық-биологиялық, дәрілік және диагностикалық препараттарды әзірлеу мен өндірудің ғылыми негіздемесі бойынша талаптар енгізіледі», деді А.Ғиният.
Министрдің айтуынша, заң жобасында халықтың хабардар болу деңгейін арттыру және оның қауіпті биофакторлардың әсеріне назар аударуға дайындығы жөніндегі шаралар қарастырылған. Сондай-ақ кадрлық әлеуетті сақтау және нығайту үшін ынталандыру шаралары көзделген. Мемлекеттік ұйымдардың тәуекелге неғұрлым бейім мамандары мен қосалқы персоналына еңбекақы төлеу арттырылады, сауықтыру жөніндегі жәрдемақылар белгіленеді.
«Төртінші бағыт – биоагенттердің классификациясы (жіктелімі) мен олардың жұмыс істеуге қойылатын талаптарын біріздендіру. Алғаш рет заңнамалық деңгейде халықаралық тәжірибені ескере отырып, патогенді биоагенттердің жіктелуі енгізілді. Жіктеу биоагенттердің қауіптілік дәрежесіне байланысты 4 топты қамтиды. Классификацияны ескере отырып, патогенді биоагенттермен жұмыс істеуге қойылатын жалпы талаптар бір жүйеге келтіріледі. Оларға рұқсат енді жұмыс жүргізілетін әрбір объектіге беріледі.
Бесінші бағыт – патогенді биоагенттердің айналымы туралы деректерді есепке алу мен мониторингтің бірыңғай жүйесін құру. Басты назар салдармен күрестен тәуекелдерді болжау мен бағалауға ауысады. Мұндай жұмыс биологиялық қатерлердің алғышарттары туралы ақпаратты жедел алуға негізделеді. Сондықтан заң жобасы оның орталықтандырылған есепке алуды және мониторингті жүргізу жүйе арқылы жүзеге асырылады», деді А.Ғиният.
Сондай-ақ биологиялық қатерлерді басқару және биологиялық қауіптерді болжау жүйесін енгізу қарастырылып отыр. Бұдан бөлек, микроорганизмдердің ұлттық және жұмыс коллекцияларының қызметін реттеу де көзделген. Микроорганизмдер коллекцияларын жүргізудің жалпы талаптары енгізіледі. Ұлттық және жұмыс коллекцияларының мақсаты нақты анықталған. Мұндай коллекциялар микроорганизмдердің сипаттарын зерттеу, оларды жүйелеу және олардың теріс әсерін азайту жолдарын жасау үшін маңызды.
«Қабылданған заңдар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленді. Бұрын елімізде биологиялық қауіпсіздік саласын құқықтық реттеуге арналған арнайы заң болған жоқ. Алдағы уақытта осы құжаттар елімізде биологиялық қауiпсiздiк саласындағы мемлекеттiк реттеудiң құқықтық негiздерiн қалыптастыруға, биологиялық қауіп-қатерді болжауға және олардың алдын алуға мүмкіндік береді деп сенеміз. Сондай-ақ бұл заңдар биологиялық қауіпсіздік саласындағы іргелі және қолданбалы ғылымды дамытуға өз үлесін қосады», деді заң жобасы жөнінде пікір білдірген Сенат Төрағасы.
Сонымен қатар отырыста сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Үкімет басшысына жолдаған сауалында Еділ Мамытбеков «Самұрық-Қазына» қорының сатып алуларды іске асырудың жаңартылған тәртібін сынға алды. Сенатордың пікірінше, жаңа тәртіп адал бәсекелестік пен кәсіпкерлік субъектілерінің теңдігі қағидаттарын бұзады.
Сенатор Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында «Самұрық-Қазына» қорында сатып алудың жаңа тәртібі әзірленгенін атап өтті. Алайда бизнес-қауымдастығы мен сарапшылар жаңа ережелерге талдау жасай отырып, Қор бір көзден сатып алу әдісінен ауытқымағанын айтып отыр. Сарапшылардың пікірінше, жаңа тәртіп әділ бәсекелестіктің негізгі ұстанымдарын жоққа шығарады.
«Бизнес өкілдері еліміз Президентінің тапсырмасынан кейін сатып алу саласында жаңа демократиялық қағида сипатында сапалы өзгерістер күткен болатын. Бірақ сарапшылардың сыны мен бұқаралық ақпарат құралдарын зерделей отырып жақсы жағына қарай ештеңе өзгермеген деген қорытынды жасауға болады. Қордың сатып алу жүйесіне қатысты жария еткен өзгерістер косметика мен бутафория болып шықты», деді Е.Мамытбеков.
Сенатор 2022 жылғы 1 сәуірде күшіне енген жаңа ережелерде холдингішілік кооперация аясында сатып алу әдісі алынып тасталғанын атап өтті. Алайда сенатордың айтуынша, ол жұмыстар мен қызметтер тізбесі кеңейтіліп, бір көзден сатып алуға ауыстырылған болып шықты.
«Кооперацияның холдингішілік сатып алуы 2021 жылы сатып алудағы жалпы көлемнің 25 пайызын құрады. Қордағы барлық сатып алу көлемі 3,4 трлн теңгені құраған болатын. Бұл ретте сатып алу көлемінің тек 18 пайызы ғана ашық тендерге шығарылды. Ал Қордың портфельдік компанияларының 2020-2025 жылдарға арналған жылдық және ұзақ мерзімді сатып алу жоспары мониторинг қорытындылары бойынша бәсеке позициядағы сатып алу холдингішілік кооперация арқылы да жоспарланатыны белгілі болды. Әрине, содан кейін бәсекелестік ортаны кеңейту мен дамытуды көздейтін өзгерістер қайда деген сұрақ туындайды», деді депутат.
Сенатор Еділ Мамытбеков осыған байланысты Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтан осы жағдайға назар аударуды сұрады. Өйткені Қордың әділ бәсекелестік пен бизнестің теңдігі қағидаттарын бұзатын сатып алу нормалары алынып тасталмаған.
Премьер-Министр атына жолдаған сауалында Бекболат Орынбеков Жамбыл облысында фосфор қалдықтарының көлемі артып кеткенін айтып, дабыл қақты. Депутат бұл жағдай өңір тұрғындарын алаңдатып отырғанын және ол адамдардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін екенін жеткізді.
Депутат келтірген деректерге сүйенсек, былтыр тасталған фосфогипс қалдықтарының лимиті жылына 1,3 млн тоннаны құраған көрінеді. Минералды тыңайтқыштар өндірісі биыл 2 есе өскен, яғни қалдықтар бұрынғыдан да көп болады. Есеп бойынша жылына 2,7 млн тонна қалдық болады. Сенатор Тараз қаласындағы екі үйіндіде 14 млн тоннадан астам фосфогипс жиналғанын айтты. Ауданы 25 га болатын үйінділердің бірі Шайқорық ауылынан бір шақырым жерде орналасқан.
«Бұл үйінділер Тараз қаласы мен Шайқорық, Танты елді мекендерінің маңына жақын орналасуына байланысты адам өміріне және қоршаған ортаға үлкен қауіп төндіріп отыр. Мәселен, дауылды жел көтерілген кезде үйінділерден елді мекендерге қарай шаңды заттардың ұшуы байқалады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, фосфогипс салдары ауыл шаруашылығы мен бақша шаруашылығына үлкен зиян келтіріп отыр. Сондай-ақ жақын маңдағы ауылдарда адамдардың тынысы тарылатын кездерде жиі орын алатынын жеткізген еді», деді сенатор.
Бекболат Орынбеков сондай-ақ Тараз қаласынан 20 шақырым жерде ауданы 135 га болатын үшінші үйінді салу жоспарланғанын айтты. Алайда бұл үйінді 2025 жылы ғана іске қосылатын болады.
Сенатор осыған байланысты Министрлер кабинетінің басшысы Әлихан Смайыловтан фосфогипс қалдықтарының көлемін азайту жөнінде шаралар қабылдауды сұрады және топырағы тозған жерді дақыл өсіру үшін ауыл шаруашылығында пайдалануды ұсынды.
«Сонымен қатар фосфогипсті жол төсемдерінің негіздерін орнату үшін пайдалану зерттелуде. Осы бағытта «Павлодар-Успенка-РФ шекарасы» автомобиль жолдарының топырақтарын тұрақтандыру үшін фосфогипс материалын сынау мақсатында тәжірибелік-эксперименттік участік бөлініп, бүгінгі таңда зерттеу жұмыстары жүргізілуде», деді депутат.