
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті орман қорғау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің сыртқы талдауын жасады. Талдау көрсеткендей, орман қорғау мекемелері қызметінің барлық сатыларында жемқорлық тәуекелдері байқалған. Жағымсыз фактор саладағы ұйымдастырушылық-басқару буынынан бастап ағаш тұтынушылармен байланысқа дейінгі сатыларда анықталған.
– Павлодар облысының ормандары заңсыз кесіліп жатыр. Мұны қолымыздағы статистикалық деректер растайды. Былтыр құрамында «Ертіс орманы» резерватының басшылығы болған ұйымдасқан қылмыстық топтың жұмысы тоқтатылды. Қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. Бұған қоса, резерваттың Шалдай филиалында жиынтық құны 12 млн теңгеге бағаланатын қарағай тұқымының жетіспеушілігі анықталды. Қазіргі уақытта тұқым резерваттың балансына қайтарылды, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Әсет Оспанов.
Аймақтағы орман ресурстарын қалпына келтіру – маңызды мәселе. Көшет пен тұқым материалдарының тапшылығы орманды қалпына келтіру жұмыстарына қосымша сатып алулар ұйымдастыруды талап етеді. Алайда бюджет шығындарын алдын-ала болжау тендерлерде жемқорлық қаупін арттыратыны байқалады. Әсіресе көшеттерді сатып алу барысында бұл құбылыс жиі бой көрсетіп қалады. Бақылаудың жеткіліксіздігі қаржының ұрлануына, сатып алу үдерісіндегі айла-шарғыларға қолайлы жағдай тудырып отырғанға ұқсайды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау қорытындысы бойынша 35 ұсыныс енгізген. Оның үшеуі орындалса, өзгесі іске асу кезеңінде.
«Ертіс орманындағы» ағаш ұрлығы сонау 90-жылдардан бері жалғасып келе жатыр. Тәжірибелі мамандар алдағы жылдары қарағай көшеттерін егу, орманды күзету жұмыстарын жүйелі ұйымдастырып, орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасы нығайтыла берсе, көп нәтижеге қол жеткізуге болатынын айтады. Алайда мекеме басшылығының жиі ауысуы кейінгі жылдары белгілі бір келеңсіздіктерді тудырып отыр. Бұған дейінгі басшыларының кейбірі заңсыздыққа жол беріп, сотталып кетті. Орман ұрлығы белең алып, көлденең көк аттылар ойларына келгенін жасады. Бұл бейбастақ әрекеттердің кейінгі жылдары азайып келе жатқаны мәлім. Ендігі ретте орман күзетін нығайтып, құқықтық тұрғыдан жауапкершілікті күшейте түсетін арнайы заңдар қабылдануы керек. Орманшылардың мәртебесін көтеріп, еңбекақыларын өсірген абзал. Сонда ынта да, жұмыс көрсеткіштері де арта түседі.
Павлодар облысы