Футбол • Бүгін, 08:17

«Қайрат» – чемпион!

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еліміздің Премьер-лигасы мәреге жетті. Ерте көктемде ­басталып, қоңыр күзге дейін жалғасқан жарыста Алматы­ның «Қайраты» алдына жан салмады.

«Қайрат» – чемпион!

Чемпиондық тәждің тағдыры соңғы 26-турда шешілді. Шешуші ойынды тамашалауға жанкүйерлер Алматыдағы Орталық стадионға көптеп жиналды. Матчтың 15-минутында қонақтар есеп ашты. Назми Грипшидің берген пасын Мартин Томасов қақпаға дөп түсірді – 0:1. Одан кейін алаң иелері жанұшыра алға ұмтылды. Астаналықтар да қалыспады. Олардың да есепті еселеуге бірнеше мүмкіндігі болды. Бірақ елордалық футболшылардың әр шабуылына «Қайраттың» қорғаушылары тойтарыс берді.

Үзілістен соң Рафаэль Оразбахтиннің шәкірттері басымдық таныта бастады. Сондай бір қарқынды шабуылдың ақыры Дастан Сәтпаевтің әдемі гол соғуымен аяқталды – 1:1. Тең ойын басты қарсыласынан екі ұпай алда тұрған «Қайратты» қанағаттандыратын еді. Содан кейін «Астананың» ойыншылары тегеуірінін күшейтіп, жиі алға ұмтылды. Алайда өте сауатты қорғанған алматылықтар тең есепті сақтап қалды.

Сөйтіп, 59 ұпайды қоржынға салған «Қайрат» қатарынан екінші жыл ел чемпионы атанды. Чемпионнан екі ұпай кем жиған «Астана» күміс медальды иеленсе, «Тобыл» қола жүлдені олжалады. Қостанайлық клуб 54 ұпай жинады. Одан кейінгі орындарға мына командалар жайғасты: 4. «Елімай» (48 ұпай), 5. «Ақтөбе» (43), 6. «Жеңіс» (36), 7. «Ордабасы» (35), 8. «Оқжетпес» (35), 9. «Қызылжар» (27), 10. «Ұлытау» (23), 11. «Қайсар» (22), 12. «Жетісу» (21), 13. «Атырау» (19), 14. «Тұран» (16).