Алматы • Кеше

Алматыда жауын-шашын мен көктайғаққа байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілді

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда алдағы күндері жауын-шашын түсіп, көктайғақ болады. Осыған байланысты коммуналдық қызметтер тәулік бойы жұмыс істеу режиміне ауысты, деп жазады Egemen.kz.

Алматыда жауын-шашын мен көктайғаққа байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілді

«Қазгидромет» РМК дерегінше, 4 қараша күні сағат 3:00–тен 20:00–ге дейін жалпы 5-6 мм көлемінде жаңбыр жауады. Ауа температурасы түнде және күндіз +5…+7 градусқа дейін төмендейді. 5 қарашада ауыспалы бұлтты, кей жерлерде жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын (қалыңдығы 10 мм-ге дейін), көктайғақ болады. Ауа температурасы түнде -3…-5 °С, күндіз +1…+3 °С шамасында.

«Алматы Тазалық» кәсіпорындарының базаларында жүргізушілер, механизаторлар мен жұмысшылар тәулік бойы кезекшілік атқарады. Қар түспей тұрып, магистральдық көшелерге алдын ала сұйық реагенттер себіледі. Әкімдіктің мәліметінше, қазіргі таңда қала аумағында 204 құм шашқыш техника дайын тұр.

— Жалпы тәулік бойғы жұмысқа 580 арнайы техника мен 2500-ден астам жұмысшы жұмылдырылған. Аула ішіндегі аумақтарды тазалауға 307 техника және 1500 жұмысшы, ал саябақтар мен скверлерді күтіп ұстауға 550 техника мен 1900 қызметкер қатысады. Қаланың көше-жол желісін бақылау және көктайғақты дер кезінде жою үшін 75 патрульдік бригада кезекшілік етеді, — делінген Алматы әкімдігі таратқан хабарламада.

Сонымен қатар Алматының Құтқару қызметі де күшейтілген режимде жұмыс істеп тұр. Қызмет құрамында 1 ассенизатор көлігі, 15 мотопомпа және 50 құтқарушы бар.

Аудан әкімдіктерінде коммуналдық жұмыстардың барысын бақылау және қызметтердің өзара іс-қимылын үйлестіру мақсатында тәулік бойғы кезекшілік ұйымдастырылған.

Қар тазалау кезеңінде жол бойына немесе жиегіне қойылған көліктерді уақытша көшіру үшін 63 эвакуатор мен манипулятор (Полиция департаментінен — 13, Құтқару қызметінен — 20, «Алматы паркингтен» — 30) жұмылдырылады.

Алматы әкімдігі жол мен тротуардағы көктайғаққа байланысты қала тұрғындарына барынша сақтық шараларын сақтауды ескертті.

Көлік жүргізушілері қозғалыс жылдамдығын төмендетіп, қауіпсіз арақашықтықты сақтауы, күрт бұрылыс пен тежеуден аулақ болуы, тежеу жолының ұзаратынын ескеруі, қысқы дөңгелектерді дер кезінде ауыстыруы қажет.

— Жүргізушілік тәжірибесі аз азаматтарға жеке көлікті уақытша пайдаланбауға және қоғамдық көлікке басымдық беруге кеңес береміз. Сонымен бірге көлікті қысқы дөңгелекке уақытылы ауыстырмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылатынын еске саламыз.

Жүргіншілерге тротуарлар мен жүргіншілер өткелдерінде абай болу, табаны таймайтын аяқ киім кию, еңіс, өр және баспалдақта сақтық таныту қажет. Қауіпсіздік сақтаңыз, — делінген хабарламада.