
Ең әуелі депутат Арман Қожахметов баяндама жасап, «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңының жобасын жұмысқа алуға ұсыныс білдірген еді. Депутаттар оны бірауыздан қолдады.
Содан кейін құжатты жалпы отырыс барысында талқылады. Негізгі баяндамашы Берік Бекжановтың айтуынша, құжат республикалық референдум өткізу кезінде пайдаланылатын бюллетеньдерді біріздендіру мақсатында әзірленген. Депутаттың сөзіне қарағанда, заң жобасына референдумға қойылған мәселелерді қамтитын бюллетеньдердегі бірде-бір жауап белгіленбеген нұсқаларын жарамсыз деп тану нормасы енгізіледі. Сонымен қатар ұсынылған жауаптардың барлық нұсқалары белгіленген бюллетеньдер жарамды деп танылады.
«Алайда бұндай бюллетеньдер дауыс беру кезінде есепке алынбайды. Сонымен қатар, дауыс берушінің бюллетеньде кез келген белгі қою арқылы дауыс беру еркі нақтыланады. Бұл норма, өз кезегінде, дауыс беру рәсімін жүзеге асыру процесінде азаматтарға қолайлы жағдай жасайды. Заң жобасын қабылдау теріс және өзге де келеңсіз әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, бюджет шығыстарын талап етпейді», деді депутат Б.Бекжанов.
Бұдан бөлек, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды және ақпараттық қауіпсіздікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.
Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, заң жобасы мемлекеттік басқаруды трансформациялауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ деректерді басқару жүйесін ретке келтіру және электрондық құжаттарды тең дәрежеде қолданып, аясын кеңейтуді қамтамасыз етуге жол ашады.
«Мемлекеттік басқаруды толыққанды цифрлық трансформациядан өткізу үшін заң жобасында бірқатар түзету қарастырылған. Атап айтсақ, мемлекеттік аппарат қызметінде цифрлық трансформацияға басымдық беріледі. Бизнес үдерістерге реинжиниринг жасау құралдары енгізіледі. Ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның және оған ведомстволық бағынысты ұйымның мәртебесі айқындалады.
Цифрлық трансформация құралдарының басты артықшылығы бюрократияның себеп-салдарын, соның ішінде күрделі, түсініксіз және көлеңкелі тұстары көп процедураларды алып тастауға мүмкіндік береді. Реинжиниринг жасау арқылы көзге көрінбейтін кедергілерді анықтап, жоюға, сондай-ақ шығындарды азайтып, кадрлық және қаржылық тұрғыда үнемді әрі тиімдірек бизнес-процестер құруға жол ашылады.
Алдағы уақытта мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялаудың нәтижесіне бәсекелестіктің дамуына, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, мемлекеттік қызметті артық шығынсыз және жылдам алу мүмкіндігіне қол жеткіземіз. Бүгінгі таңда қажетті институционалды және сараптамалық база қалыптасқан», деді Б.Мусин.
Министрдің айтуынша, құжатта деректермен жұмыс тәртібін реттеуге бағытталған түзетулер енгізілмек. Деректерді басқару саласына уәкілетті органды енгізіп, оның мәртебесін айқындау қажет. Бұл бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға және мекемеаралық қатынасты жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қызмет көрсету немесе жүктелген функцияларды орындау кезінде мемлекеттік органдар үшін ақпараттық ресурстарға қолжетімділікті жеңілдету ұсынылады.
«Деректерді басқаруға бірыңғай талаптар белгіленеді. Осылайша, жетекшілік ететін салаларға кешенді талдау жүргізу, мемлекеттік базалардағы деректерді өзектендіру, онлайн тәртіпте дәлелді және тиімді басқару шешімдерін қабылдау мүмкіндігі пайда болады. Сонымен қатар дербес деректерді қорғауды қамтамасыз ету үшін ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану талаптары да күшейтіледі.
Жеке деректерді жинауды, өңдеуді және сақтауды жүзеге асыратын ақпараттық жүйелерді ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілері ретінде тану және оларды қорғауға қойылатын талаптарды күшейту ұсынылады. Сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен сервистерде осалдықтарды анықтау және жою үшін отандық жеке IT мамандардың әлеуетін пайдалану ұсынылады», деді Б.Мусин.
Ведомство басшысы цифрлы құжаттардың соңғы уақытта кеңінен пайдаланылып жатқанына тоқталды. Министрдің келтірген деректеріне сүйенсек, былтыр цифрлы құжаттарды 32 млн рет пайдаланған. Ал 2020 жылы небәрі 3,6 млн рет қолданылған екен. Осыған байланысты заң жобасында электронды құжаттарды қағаз түріндегі баламасымен тең дәрежелі етіп заңдастыру көзделген. Оларды толыққанды қолдануға кедергі келтіретін заңдардағы қайшылықтар алынып тасталмақ.
«Заң жобасында азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу жөніндегі куәліктерді электрондық форматқа ауыстыру қарастырылған. Бұл азаматтар үшін ыңғайлы болмақ. Өйткені мекемелерге бару міндетінен босатылады, азамат кез-келген уақытта құжатты басып шығара алады немесе QR-коды бар электрондық нұсқасын ұсына алады. Оның үстіне құжатты жоғалтып алса, телнұсқа жасату қажет емес. Азамат өзі қаласа немесе шетелге кеткен жағдайда құжатты қағазға басып шығара алады.
Деректерді өзектендіру ең алдымен отбасылық жағдайдан басталуы тиіс, ал мұндай маңызды ақпарат жылдар бойы АХАТ бөлімшелерінде жинақталған. Бұл процесс жылдам және жүйелі түрде жүруі үшін азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу (АХАТ) жөніндегі функциялар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына беріледі. Себебі корпорацияда қажетті сервистік инфрақұрылымдар және құзыреті бар. Ал әділет органдарында азаматтық хал актілерін тіркеуді нормативтік реттеу, әдіснамалық қамтамасыз ету және бақылау жөніндегі құзыреті қалады», деді Б.Мусин.
Әрбір азаматтың цифрлы сервистер мен қызметтерді пайдалануы үшін Ұлттық пошта операторының пошта желісі негізінде ауылдық елді-мекендерде арнайы орындар құрылмақ. «Қазпоштаның» екі мыңға жуық ауылдық бөлімшелерінде электронды бұрыштар ашылады.
«Мемлекеттік басқару салаларын цифрландыру шеңберінде жер қойнауын пайдалануға құқық беру жөніндегі аукциондарды электрондық форматқа көшіру, сондай-ақ оны өткізу процесін оңтайландыру, рұқсаттардың жекелеген санаттарын беру алгоритімін автоматтандыру арқылы адами факторды алып тастау ұсынылады.
Инновацияларды ынталандыру мақсатында заң жобасында инновацияларды жіктеу бойынша ережелер (процестік және өнімділікті) мен технологиялық кәсіпкерлік ұғымын енгізу көзделген», деді Б.Мусин.
Сондай-ақ жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы Армения Республикасына мұнай өнімдерін беру саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.
«Еуразиялық экономикалық одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру туралы халықаралық шарт қабылданғанға дейін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу жекелеген екіжақты келісімдермен реттеледі.
2020 жылғы 16 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында Армения Республикасына мұнай өнімдерін беру саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Тараптар мемлекеттерінің шаруашылық жүргізуші субъек-
тілерінің уәкілетті ұйымдарды тарта отырып, Қазақстан аумағынан Арменияға жеткізілімдерді жүзеге асыруы үшін Тараптар қажетті жағдайлар жасайды», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Энергетика министрі Болат Ақшолақов.
Ведомство басшысы одақ аясында жасалған келісімдер артық мұнай өнімдерін Арменияның неғұрлым артықшылықты нарығында өткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл мұнай өнімдерінің ішкі теңгеріміне оң әсер етпек. Сондай-ақ Қазақстанның шаруашылық жүргізетін субъектілерінің түсімін арттырады. Ел аумағынан мұнай өнімдерін әкетуді ретке келтіреді. Ішкі нарықтан Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне мұнай өнімдерінің бақылаусыз ағынынан қорғайды.
Жалпы отырыста «1992 жылғы 13 наурыздағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері арасындағы салық саясатының келісілген қағидаттары туралы келісімнің қолданысын тоқтату туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.
«Хаттаманың негізгі мақсаты – ТМД-ға қатысушы мемлекеттер тарапынан Келісімнің қолданыс мерзімін ұзарту туралы өтінімнің болмауына, сондай-ақ оның ережелері қазіргі уақыт жағдайының талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты Келісімнің қолданысын тоқтату.
1992 жылғы 13 наурызда ТМД-ға қатысушы тоғыз мемлекеттің үкіметтері келісімге қол қойды. Келісімнің нормаларына сәйкес Тараптар салық салу қағидаттары мен ережелерін біріздендіру негізінде келісілген салық саясатын жүргізуге және Достастыққа кіретін барлық мемлекеттердің мүдделерін қозғайтын негізгі салықтардың бірыңғай тізбесін қолдануға уағдаласты», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Министрдің сөзіне сүйенсек, Келісімді тек төрт мемлекет ратификациялаған. Келісімге қатысушы бес ел Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді аяқтаған жоқ.
«2017 жылғы 8 қыркүйекте Шолпан-Ата қаласында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің салық қызметтері басшыларының Үйлестіру кеңесінің отырысында Келісімнің қолданысын тоқтатудың орынды екені туралы шешім қабылданды. Осылайша, 2021 жылғы 4 наурызда Келісімнің қолданысын тоқтату туралы хаттамаға қол қойылды», деді Е.Жамаубаев.
Бұдан бөлек, жалпы отырыста депутат Закиржан Кузиев ант беріп, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің құрамына сайланды. Сондай-ақ депутат Айдос Сарым палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне ауысты.
Сонымен қатар Мәжіліс «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Еуразиялық экономикалық комиссияның кадр құрамын қалыптастыру тетігін нақтылау бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы Беларусь Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін беру саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобаларын жұмысқа алды.
Жиын соңында бірқатар депутат тиісті мемлекеттік мекемелердің басшыларына өз сауалдарын жолдады.