Әдебиет • 22 Қаңтар, 2023

Қиял хикаяттары

570 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Алғаш пайда болғанда «жаңа жанр», «жас жанр» деп сүйіншіленген фантастика жанры жұрттан қалмай, жылдарды артқа тастап өмір сүріп келе жатса да, сол бойы қазақ әдебиетінен қоныс таба алмаған күйі «жетілмеген жанр» болып дағдарыста қалғанын қиял-ғажайып туындыларды бір кісідей түсінемін дейтіндердің өзі теріске шығара алмайды.

Қиял хикаяттары

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Елдегі әрбір екінші оқырман немесе бесінші адам фантастиканы сүйеді деген дерек ресми айтылған күннің өзін­де ешкімді сендіре алмас еді. Қай тілде жазылғаны­на қарамастан, фантаст жазушылардың жаз­ғанына тұшынбай ма, көпшіліктің бұл бағытта жазылған шығармаларды іздеп жүріп оқитыны шамалы. Бұрын жаңалық ашуға құштар адамзат, тіршілік дамуы, ғылым қайда бағыт алып бара жатыр деген мәселе­ні фантастика жанры болжамды түрде түсіндіруге, өзінше анықтауға аралас­қысы келетін. Оқиғасы өмірден алыстау, кейіпкерлері ертегі әлемінен келгендей, адамнан құбыжыққа, енді бірде тасқа, тағы бірде өсімдікке айналып, бі­рде өліп, бірде тіріліп, қисынға келмес шытырман жанр орында­луы мүмкін емес ойдан құрастырылған оқиға­лар­дың жиынтығы ретінде өмір сүруге ха­қы­сы бар болғанымен, өз орнын нық белгі­лей алмау себебін әркім әр тараптан іздес­тіріп жатады. Соған қарамастан түп бас­­тауы қарапайым халық ертегілерінде жат­қан жанр бірте-бірте фольклорлық сипа­тынан айырылып, шығармашылықтың көр­кем саласы болып кең арнасын қалып­тастырғалы жетімсіремей, қалың шоғы­рын шығармаса да, кезең сайын жекелеген талантты өкілдерін тарту етіп келеді.

Әлем игілігіне айналған технология мен ғылым жетістігінің көпшілігі ал­ды­мен фан­тастикалық әдебиетте тұспал­да­нып көрініс тапты. Фантастар бай қия­лымен көп дүние­ні болжап кетті. Ал қа­зіргі әдебиетте ғылыми фантастика жан­рының келмеске кеткенін, оның ор­нына ертегі іспетті ешқашан орын­да­луы мүмкін емес фэнтэзи жанры орнық­қаны жиі айтылады. Жүз, екі жүз жыл алға озып, елді елеңдеткізетін жаңа оқиға ойлап табу мүмкін емес. Дегенмен фан­таст жазушылардың көпшілігі келе­шекті тұмшалап жасырып тұрған шымыл­дықтың арғы жағындағы ақиқат-аянды сандаған жыл бұрын сайрап тұрған сана көзі арқылы қапысыз танып, көре алғанын баяндаған дерек мол.

Уақыт көрсетіп отырғандай, өт­кен ға­сыр­да өмір сүрген фантаст-жазу­шылар­дың шытырман шығармаларындағы бір­қатар болжамдар көз алдымызда айна-қатесіз шын­дыққа айналды. Мысалы, шығармасында адамдарды алғаш Айға аттандырған жазушы Жюль Верн болатын. Айды бағындыру арада 104 жыл өткеннен кейін ғана мүмкін болды. Алғашында ақылға қонымсыз пайым ретінде саналған су асты қайық-кемелері де Жюль жазғаннан кейін 30-40 жылдан соң пайда болған. Фантастикада Жюль Верн жасаған төңкеріс өзге қаламгерлерді де қызықтыра бастады. Батыл болжамдарымен әдебиет­те ғана емес, ғылымда ғаламат жаңалықтар ашқандардың бірі – Эдвард Беллами. Оның 1888 жылы жазылған «Өткенге көзқарас» романында бас кейіпкер 2000 жылы оян­ған­да қолма-қол ақша айналыстан шығып, адам­дардың бәрі карточкамен сауда жа­сап жүреді. Біз қазір өмірімізді банк кар­тасын­сыз елестете алмаймыз. Ал фан­тастика­лық шығармадағы мұншама дәл бол­жам Бел­ламиге ғана тиесілі емес. Қазақ­тың фантаст жазушылары батыстық әріп­тестерінің көлеңкесінде қалған секілді қабылданатыны рас, бірақ есте жоқ ескі заманнан келе жатқан қазақтың халық ертегісіндегі алтын құсатын есекті әлем халқына таныта алмағанымыз болмаса, бүгінгі банк пен бан­коматтың ал­ғаш­қы авторлығы Белламиге емес, өзі­міздің ертегіміздегі есекке тиесілі болып шықпай ма?

Фантастика ауылында мұндай мысал жетерлік. Мысалы, Айзек Азимов, Рэй Брэд­бери, Роберт Хайнлайнның шы­ғармала­рын­да тех­нология туралы өте көп жорамал жа­салғаны белгілі. Әде­би әлемде ғылыми фан­тастиканың атасы саналатын Артур Кларк алпысыншы жылдары арнайы терминал арқылы кез келген адамның қолы жететін бүкіл адамзаттық ақыл-ой және сана жемісін жинақтаған ғаламдық кітапхана жайлы жазған болатын. Біз бүгін «интернет» атап жүрген алып ақпарат алаңы мен Кларк сипаттаған бұл кітапхананың арасынан аса айырмашылық байқау қиын емес. Ең бас­тысы, кітапхананың пайда болу уақытын ол да 2000 жылдармен бай­ланыстырған. Мүлт кетпегенін мойын­даудан басқа амал жоқ. Ал Кларктан әлдеқайда ертерек өзіміз бала кезден жаппай жаттап өскен Ыбырай Алтынсариннің «айшылық алыс жерлерден, көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызған» қиял-қисынын кеше хат-хабар, пошта қызметімен байланысты пайымдасақ, ақын өлеңіндегі өзі өмір сүрген кезең үшін шетіндеу ойды бүгінгі шексіз-шетсіз интернет алаңымен шендестірсек, несі айып?

Әдетте, қазақ фантастикасының та­ри­­хын Ақжан Машанидан бастау дәс­түр­ге айналған. Бірақ белгілі жазушы, әде­биет зерттеушісі, профессор Нұр­дәу­лет Ақыш бұл саладағы «тұңғыш» деген тұғыр­дың 1884 жылы дүниеге келіп, белгілі әде­биет және мәдениет қайраткерлерінің қата­рында болған, кейін 1937 жылы саяси жаламен тұтқындалып, атылып кеткен Тайыр Жомартбаевтан бастағанды жөн көреді. Оның Ғайникамал атты оқыған, білімді қыздың өмірін суреттей отырып, қараңғы­лық пен қалың мал секілді ескі дәстүрге қар­сылық танытып, өз дәуірінде «қазақ прозасының қарлығашы» деп бағаланған әлеуметтік бағыттағы «Қыз көрелік» романы осы тараптағы алғашқы шығарма есебінде аталып жүр. Ал шығарманың бас­ты ерек­шелігі – өмірдің нақты шындығы көп көрініс таппай, фантастикалық шы­ғармаларға тән құбылыстың арала­сып келуі. Т.Жомартбаевтың өмірі мен шы­ғар­­машылығын зерттеген Ғабит Зұлхаров «Қыз көреліктегі» фантас­ти­­калық сарын туралы көлемді еңбек жаз­ған. «Ғайникамал медресені мақтау қағазымен бітіріп, ауылына қайтады. Бойжеткен қыз үйіне келген кезде Әділ­хан, Мұқаш, Сейітхан деген өздері бай, әрі мырза үш жігіт қыз таңдап жүр екен. Үшеуі де Ғайникамалға сөз салып, оның есін шығарады. Қыз олардың үше­уін де ұнатпайды. Бірақ үшеуінің де кө­ңілін қалдырғысы келмеген қыз олар­ға өлеңмен хат жазып, шарт қояды. «Дүниеде адам көрмеген сыйлық алып келгендеріңе тием» дейді. Үш жігіт үш жақ­қа: Әділхан Лондонға, Мұқаш Бер­линге, Сейітхан Парижге аттанады. Әділ­хан Лондон базарынан фонарь сатып алады. Бұл фонарьға мініп ұшсаңыз, бір сағатта қалаған жеріңе барады екенсіз. Мұқаш Берлин базарынан дүрбі тәрізді түрікпен сатып алады. Оның ішіне үңіліп қараса, ауылында жүрген Ғайникамалды көреді. Сейіт­хан Париж базарынан бір ұзын, іші қуыс сыбызғы алады, аузымен үрлесе өлген адам қайта тіріліп кетеді екен. Уәделескен үшеуі қайтарында бас­тарын Омбыда қосып, Мұқаш алған тү­рікпеннен қараса, Ғайникамал өліп, оң жақ­та жатыр екен. Үшеуі Әділхан тапқан фо­нарьға мініп, Ғайникамал ауылына же­теді. Сейітхан қолындағы сыбызғы-резин­камен Ғайникамалды тірілтіп алады».

Жиырмасыншы ғасырдың басындағы әдебиет үшін балаң идеяға бағынған, жай­дақтау жазылған шығарма секілді қалыбы танылғанымен, қисынсызды қиюластыру арқылы түрен түспеген жанр­дан тың жетістік тапқысы келген жазушының қиялмен өрген жорамалын жоққа шығару мүмкін емес. Толық фантастика болмағанымен, элемент­тері араласқан. Бастысы, оқу іздеп, білім қуған жастардың дүниенің төрт бұры­шын түгендеп, әр қиырмен байланыстыр­­ғы­сы ­келген асыл мұраты жазушы абақты­ға қама­лып, атылып кеткеннен кейін толық­тай орындала бастады.

Жақында қазақ қыздары арасынан фантастика жанрына бірінші болып қа­лам тартқан белгілі жазушы Нарбин Кенжеғұлованың осыдан отыз жыл бұрын жазылған шығар­ма­сын оқып отырып, оқиғасының бүгін­гі өмірмен үйлесетініне назар аудардық. Шығарма «Жоғалған ауыл» деп аталады. Жүргізілген сынақтар нәтижесінен жануар­ға ұқсас құбыжық адамдар туып жатқан аймақтағы ядро­лық полигон туралы повес­тегі аңғал кейіп­керлер осы бақытсыздықтың бәрі­не өздерін кінәлі санайды. Бір күні әлгі ауыл кезекті сынақ кезінде қақ жарыл­ған жер астына түсіп кетеді. Пайда бол­ған жарық­тан фантастикалық мутант­тар шығып, жолында кездескеннің бә­рін жапырып, қырып-жойып, вирус та­рата бастайды. Қызығы сол, адам төз­гісіз жағдайда қалғанына қарамастан тұр­ғындар бірін-бірі қалжыңмен қағы­тып, бұрынғы өмір сүру дағдысынан ауыт­қымай, аман қалудың барлық амал-тәсілін іздестіріп, тіршілігін жалғастыра береді. Осының бәрін олар тұрмыстың қалыпты қиыншылығы ретінде қабылдап, өз тағдыры өз қолында екенін түсінеді. Даласын өрт шалып, қорасына қасқыр шапса да, дүниеге байланбай, қалжың айтып, той тойлап, тірі болғанына тәубе айтқан қазақы қалыпты ­дәл меңзейді. Вирус па, вирус деген не тәйірі, бас­тысы, думандатып той тойлау керек! Той­ға тосқауыл болмасын. Нарбин Кен­же­ғұлованың «Жоғалған ауылынан» оқыр­ман не байқайды? Біз көзге көрін­бейтін қауіптің құшағындамыз. Біз­дің өзгерген түгіміз жоқ. Бүкіл әлем құбы­жықтан қорқып, бұғып, бас көтере алмай отырғанда, той біздің өмір салтымызда культ дәрежесіне көтеріліп, бү­кіл қазақты өзіне тәңірідей табындырып қойды. Әрине, қазақы таныммен қабылдауға жеңілдеу оқиғаны супер қаһармандар ерлігіне құрылған тылсым күш, ғарыштық әлем қақтығыстары туралы адам сенгісіз хикаяттармен таныс шетелдік оқырман талғамымен са­лыс­тыру артық шығар. Бірақ бұл біз­дің бүгінгі өміріміздің жалаң қолмен ұстауға келмейтін күйіп тұрған шындығы екенін жоққа шығара алмаймыз. Санасы өзгерген, сезімі жоқ құбыжық­тар әкелген вирусқа толы әлем ішінде жүріп адамның өзін сақтап қалуға ұмтылысын, келешек тудыруы мүмкін келеңсіздікті фан­тастика стилінде кескіндегені киялгер қа­ламгердің әдебиеттегі ірі табысы деп әділ бағалағанымыз жөн.

Фантастика әлемі... Ертегіге ұқсас елік­тірер күші бар, тұшындырмайтын тү­сінік­сіздігі тағы бар, талғамға орай та­ра­зы­ла­на­тын қайшылығы ба­­сым күрделі әлем. Баға­лағанға – таңға­жа­йып, түсінбейтіндерге – тома­ға-тұ­йық. Шиеленіскен оқиға іздеген­дер­ді өткірлігімен бағындырған, болжамда­ры­ның орындалуымен бәсі жоғары.

Өткен жылдың ақпан айында өмірмен қош айтысып, бақиға аттанған Нарбин ұста­зымыздың ұлтымыздың өміріне жағымды-жағым­сыз өзгеріс әкелген той деген «ұлы төң­керісті» әлденеше жылдар бұрын шығар­маларында қапысыз қалай таныды екен деп, сұңғылалығына сүйсінгеннен туған бір ой еді бұл.

 

АЛМАТЫ