
– Қазір Ғафекеңді көзі көрген қаламдастары мен замандастарының қатары да сиреп қалды. Кейінгі жастар ардақты ақын туралы жақын білгісі келеді. Жалпы, әкеңіздің болмысы, мінезі қандай еді, әңгімені содан өрбітсек...
– Осы сұраққа жауап беруге аздап қиналамын. Неге десеңіз, мен қазақтың байырғы дәстүрімен әжемнің бауырында өсіп, соның тәрбиесін алдым. Әжемнің мінезі қаталдау еді. Әкемді менің жаныма жолата бермейтін. Екеуміз ағалы-інілі секілді болдық. Оған «сіз» деп сөйлеуші едім. Әжем 10- сыныпта оқып жүргенде дүние салды. Одан кейін Мәскеуге оқуға кеттім. Оны тәмамдаған соң қызметке орналастым. Үйлендім. Сондықтан әкемнің қасында жүріп, тәлім-тәрбиесін толық алдым деп айта алмаймын. Бірақ ата-анамды өте жақсы көрдім. Екеуінің де қолдары ашық, дастарқандары мол, қонақжай жандар болатын. Біздің үйден қонақ үзілмейтін. Мен немесе қарындасым сабақтан «5» алып келсек, соның өзі тойға ұласатын. Соғыстан кейінгі қиыншылық жылдары біз Алматыдағы Тастақ шағын ауданында пәтер жалдап тұрдық. Осы үйде әкемнің достары, жолдастары жиі бас қосатын. Бәрі де белгілі ақын-жазушылар. Құдды, біздің үй әдебиет салоны секілді еді. Өлең оқиды, ән салады. Таңға дейін дуылдап отырады. Арасында ойын ойнайды. Ойындары да қызық, мектеп оқушылары секілді қолдарына бір-бір қалам мен ақ парақ алып, соған атақты адамдардың есімдерін жасырады. Біреуі бас әрпін айтады, келесісі соны тауып алуы керек. Әкем кейін Тастақтан жер алып, үй салды. Жыр жинақтары жарық көріп, елге таныла бастады. Ол кісінің мінезі ашық, жайдарлы, «біреуге болсын» деп тұратын кең адам еді. Жамандықпен жаны қас болатын. Үнемі көңілді жүріп, ортасын думанға айналдырып жіберетін. Табанда тауып айтатын айтқыштығы да бар.
– Мәскеудегі М. Горький атындағы Әдебиет институтында оқуыңызға ол кісінің ықпалы болды ма?
– Әрине. Мектепте математиканы өте жақсы оқыдым. Осы пәннен өтетін түрлі олимпиадаларға қатысып, жүлдегер болдым. Орта мектепті бітірген соң физика-математика факультетіне барамын деп дайындалып жүрдім. Бірақ бәрі басқаша өрбіді. Сол жылы Жазушылар одағына М. Горький атындағы әдебиет институтынан Қазақстаннан талапкерлер қабылдауға мамандар келеді. Әкем маған соны айтып келді де: «Сен өлең жазасың ғой, соны маған жинақтап бер. Құжатыңды тапсырып көрейік», деді. Бозбалалық шақта бәрі де өлең жазады ғой. Бірақ ақын боламын деп ойлаған емеспін. Сол жылы аталған оқу орнына бізден 300-ден аса үміткер құжат тапсырыпты, соның ішінен бесеуміз қабылдандық. Мәскеудегі қызыққа толы студенттік жылдар көзді ашып-жұмғанша зуылдап өте шықты. Диплом қорғайтын күн де келді. Бірақ оны алдын ала ата-анама айтқан жоқ едім. Сөйтсем, сол күні маған айтпай әкем Мәскеуге ұшып келіпті. Залда отырғанын көріп, құлап қала жаздадым. Дипломдық жұмысымды өте сәтті қорғадым. Өлеңдерімді, аудармаларымды оқыдым. Аудармалардың ішінде әкемнің де туындылары бар еді. Бір жағынан ол «менің өлеңдерімді дұрыс аудармапсың» деп айта ма деп қорықтым. Бірақ комиссия мүшелері аудармаларымды жоғары бағалады. Әкем де дән риза болды. Содан мені кезінде орыстың ұлы ақыны А. Пушкин тоқтап, ауқаттанған бір мейрамханаға алып барды.
Мәскеуден оқу бітіріп келгеннен кейін «Жазушы» баспасының орыс редакциясына қатардағы редактор болып орналастым. Әдебиет институында сабақ берген білікті ұстаздарымыз көркем шығармаға жоғары талап қоятын. Соны біздің де бойымызға сіңірді. Ал мұнда жағдай мүлде басқаша. Авторлардан түрлі қолжазбалар түседі. Оның ішінде жақсылары да, орташалары да, тіпті іске алғысыздары да кездеседі. Сондай татымы жоқ кейбір қолжазбаларды «жарамайды» деп иелеріне қайтарып бергем. Сол үшін бәлеге қалдым. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің мәдениет бөліміне менің үстімнен арыз түсіпті. Бір күні бөлім меңгерушісі шақырып жатыр деген хабар жетті. Бардым. Михаил Иванович Есенәлиев есімді жүзі жылы кісі қабылдады. «Балам, бір топ ақын-жазушылар, оның ішінде майдангер қаламгерлер бар. Соның бәрі баспаға бір жас редактор келіп, бізге қалай жазуды үйрете бастады деген арыз түсірді. Бұған не айтасың?» деді. Өзіммен бірге сол қолжазбаларды, оған жазған пікірлерімді, ескертпелерімді алып барғам. Ол кісі соны бір сағатқа жуық асықпай отырып қарап: «Балам, сенікі дұрыс, бара бер», деді қолымды қысып. Сол кездегі лауазымды тұлғалардың мінезі, мәдениеті қандай бөлек. Қазіргі шенеуніктермен мүлде салыстыра алмайсың. Уақыттың қалай өзгергенін содан байқайсыз. Арызды жазғандардың бәрі – әкемнің таныстары. Оған да айтыпты. Бір күні маған: «Балам, қатты кетпесеңші, сен әлі жассың», деді. «Әке, мен өзіме берілген жұмысты орындадым. Егер оны дұрыс істемесем, сіздің атыңызға кір келеді», деп едім, «Жарайды», деді бірауыз сөзбен. Бұдан кейін ол кісі менің қызметіме, жұмысыма араласқан емес.
– Әкеңіздің қандай ақыл-кеңесі ойыңызда қалды...
– Әкемнің жас күнімде маған айтқан үш кеңесі бар. Соны өміріме темірқазық етіп ұстанып келемін. Біріншісі – ешкімге уәде берме, бердің бе, орында. Екіншісі – бір жұмысты бастасаң, оны соңына дейін жеткізіп, тиянақты орындауға ұмтыл. Үшіншісі – бүгін істейтін жұмысыңды ешқашан ертеңге қалдырушы болма. Былайша айтқанда, қарапайым ғана айта салған сөз секілді. Бірақ маған ерекше әсер етті. Оның айтқан осы үш кеңесі – өмірде мені үнемі алға жетелеп, бәле-жаладан құтқарып келеді.
– Шығармашылықпен қай кезде айналысатын еді?
– Әкем ұйқыдан боза ала таңнан тұрып, таңғы асын ішіп алғаннан кейін сегізге дейін тапжылмай отырып жұмыс істейді. Оған газет-журналдан, телевидение мен радиодан көп тапсырыс түсетін. Соның барлығын орындайды. Мақала дейсіз бе, аударма дейсіз бе, сценарий дейсіз бе, өте жылдам жазады. Темекісін тартып, ыңылдап отырып, өлеңді де бұрқыратып тастайды. Бірақ өлеңді қолымен көлегейлеп жазады. Бір байқағаным, әкем шығармашылықпен түске дейін өнімді айналысушы еді. Кейде маған таңертең хабарласып, «Мен ананы жаздым, мынаны жаздым, сен не істедің?» деп сұрап, «жыныма» тиетін. Ұйқымыз қанбайтын жас кезіміз ғой. Негізінен күнделікті қалыптасқан тәртібі солай. Одан кейін таңғы тоғызда «Жұлдыз» журналындағы қызметіне барады. Ондағы жұмыстарын да түске дейін аяқтап тастайды. Содан кейін қолы бос. Түстен кейін түрлі жиындарға қатысады. Тамаша ақын Жарасқан Әбдірашев әкеме арнаған эпиграммасында болмысын дәл бейнелеген. Кешке үйге келеді. Теледидарға көп үңілмейді. Ерте ұйықтап қалады. Қазір мен де әкем секілді ерте тұрып, барлық жұмысымды түске дейін орындауға тырысамын.
Жалпы, ол кісі бірге жүрген қаламдастарының туындылары туралы ащы сын жазып, артық пікір айтқан емес. Бір қайнауы жетпеген шығарма болса да, соны өзі түзеп, күзеп, толықтырып, журналға жариялайтын. Кейде екеуміз оңаша әңгімелесіп отырғанда, сол туралы айтқанда, «Қайтесің, кім ақын, кім ақын емес, оны оқырманның өзі бағалайды», деп сөзін қысқа қайыратын.
Әкем өмірінің соңғы жылдарында кейбір мақалаларын орысша жазды. Кейде маған сол дүниелерін «Үстінен қарап берші», деп ұсынатын. Басында қарап, одан кейін қойдым. Бірде соған ренжігендей кейіп танытты. Сосын: «Сіздің орысша жазған мақалаларыңыздан қазақтың рухы, мінезі аңқып тұрады. Сөйлемдеріңіз де көркем. Мен оны түзесем қарабайыр болып қалады», деп түсіндірдім. Ол орысша да шешен сөйлеп, сауатты жазатын.
– Әдеби ортада кімдермен жақын сыйласып, араласты?
– Жоғарыда Тастақта тұрғанымызда үйге ақын-жазушылар жиі келетінін айттым. Әжем қайтыс болғаннан кейін әкем өзі салған үйін сатып, ақын Қайнекей Жармағамбетовтің үш бөлмелі пәтерінде бір жылға таяу тұрдық. Қайнекей аға әкемнің оқуына да, Алматыда жұмысқа қалуына да қолдау көрсеткен. Ол кісі мені қатты жақсы көретін. Кітапханасы өте бай болатын. Мен сол кітапханадан көп кітап алып оқыдым. Сырбай ағамыздың отбасымен бір үйіміз секілді араластық. Одан кейін Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов секілді әдебиет алыптарымен де жақын сыйласты. Бұл кісілер анамның қолынан дәм татты. Әкем Сәбеңмен бірге талай іссапарға шықты. Сол сапарда түскен суреттерінің біразы үйде сақталған. Ал Ғабеңмен сыйластығы мүлде бөлек. Ғабең қайда барса, әкем де сонда баратын. Ешқашан қасынан қалдырмайтын. Ол кісі де әкемнің шығармашылығын жоғары бағалады. Әкем Ғабең туралы «Елтінжал» атты жинағында жазушының туған жері, елге сапары, шығармашылығы туралы кең қамтып жазды. Досым Валерий Михайловтың «Ғаламат жұт шежіресі» атты деректі хикаяты әкемнің аштық туралы жазған бір әңгімесінен басталады. Бұл әңгімені оған Ғабит Мүсірепов айтып берген. Өйткені Ғабең алапат аштық жылдары Торғайға барып, сол оқиғаларды өз көзімен көрген. Айтулы ақын Тайыр Жароковпен де іні-дос болды. Жазушы Мұхамеджан Дүзенов те үйге жиі бас сұғатын. Әкем өзін Қасым Аманжоловтың шәкіртімін деп санайтын. Ақынның асқақ мінезін, өлеңдерін аузынан тастамайтын. Сондай-ақ оның сол кездегі одақ көлемінде жақын сыйласатын ақын достары да көп еді. Солардың біраз жыр жинақтарын қазақшаға аударды. Атақты партизан жазушы Қасым Қайсенов пен Рейхстагқа бірінші болып Жеңіс туын тіккен қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаевпен де тығыз араласты. Өзінен жасы кіші болса да, Сағи Жиенбаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі, Шәміл Мұхамеджанов секілді ақын інілерін ерекше жақсы көрді.
– Ғафекеңнің жұртшылыққа беймәлім тағы қандай қырларын білесіз?
– Әкем әдебиеттегі қадамын жыршылықтан бастаған. Бала күнінен Қазақстанның халық ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрхан Ахметбековтің «Ұры Қарға», «Есім сері» атты дастандары мен көне қиссаларды жаттап алып, ауылдағы жиын-тойларда айтып жүріпті. Айтысқа да қатысқан. Бұл балалық шағы туралы баяндайтын «Желқайық» атты кітабында кеңірек қамтылған. Әкемнің екінші қыры – әншілігі. Әсіресе Қасым Аманжоловтың «Дариға, сол қыз» әнін қоңыр дауысымен өз мәнеріне салып орындайтын. Бұл әнді талай әнші айтты, бірақ ол басқаша шырқайтын. Алпысқа толғанда туған жері – Торғайға барып, «Мен саған сәбимін» атты деректі фильм түсірдім. Әкемнің айтуында осы әнді жазып алсам деп ойладым. Бірақ оның түрлі іс-шаралардан қолы босамады. Алматыға кететін соңғы күні ғана жазып алдым. Бұл кезде әкемнің дауысы ептеп қарлығып қалған еді. Сонда да таспаға дауысын түсіріп алғаныма қуанамын. Әкем анам екеуі қосылып, Мұхтар Шахановтың «Жұбайлар жыры» әнін де керемет шырқайтын.
Әншілік дегеннен шығады. Бірде Татарстанға барсам, әкем сөзін жазған «Ана туралы жыр» атты әнді жергілікті тұрғындар татардың халық әні деп айтып жүр екен. Содан кейін мен ондағы жақын достарыма әннің тарихын баяндап бердім. Ұмытпасам, 1965 жылы біздің үйге жұқалтаң бір ер адам келді. Әкем оны құшақ жая қарсы алып, екеуі әңгімелесіп отырды. Жақында анасы қайтыс болған ба, әкеме ана туралы ән шығардым, соған сен сөзін жазып бар деп айтып отырғанын естідім. Бұл композитор Шәмші Қалдаяқов еді. Ол кісі үйден шығып бара жатып, есіктің жанында тұрған пианиноны қолымен нұсқап: «Мұны кім ойнайды?» деп сұрады. Әкем мені көрсетіп: «Балам ойнайды», деп жауап берді. Мен алты жасымнан Әміре Қашаубаев атындағы музыкалық мектепте оқығам. Шәмші аға пианиноға отыра қалып, өзі шығарған әуенді ойнады да, нота жазылған дәптерге «Композитор болсаң Бахтай бол, ақын болсаң әкеңдей бол», деп қолтаңбасын жазып берді. Әкемнің анаға деген құрметі бөлек еді. «Анамның қуаты» атты алғашқы өлеңі 1941 жылы аудандық газетте жарық көрген. Оның шығармашылығының бір өзегі ана тақырыбына арналған. Ана туралы жазған өлеңдері өте көп. «Ана туралы жыр» әнінің сөзін жазуына да оның осы тақырыпқа етене жақындығы себеп болса керек.
– Әкеңіз туралы түсірген деректі фильмге тоқталасыз ба?
– Ол туған жері – Торғайды ерекше жақсы көрді. Алматыдан қиян түкпірдегі Торғайға жету оңай емес. Арқалықтан әрі 300 шақырым жол жүресің. Қара жол соғып тастайды. Бірақ әкем елге табаны тиісімен шаршағанын мүлде ұмытып, көңілі көтеріліп, жадырап, жасарып шыға келетін. Торғай өзеніне барып шомылады. Қарияларға сәлем беріп, ағайын-туыспен кездесіп, арқа-жарқа болады. Оның шығармашылығында туған жер тақырыбы үлкен рөл атқарады. Әкем бала күнінде әке-шешесінен, ағаларынан ерте айырылып, көп қиыншылық көрген. Соны өзі айтып отыратын. Алпыс жылдық тойы Торғайда ауқымды аталып өтілді. Біз соған деректі фильм түсіру үшін түсірілім тобымызбен бардық. Фильмде әкемнің өмірін, тағдырын жан-жақты қамтуға тырыстым. Ата-анасы туралы да құнды деректерді келтірдім. Естеліктер айтылды. Шығармашылығы жайында баяндалды. Ел адамдарының ақынды аялаған жылы құшағы көрініс тапты. Халқымыздың дәстүрін қайта жаңғыртып, әкемді туған жерінің топырағына аунаттық. Әкем бұл фильмді көріп, «көзі тірімде бір ескерткіш орнаттың», риза болды.
Бұдан бөлек, ол 3-4 деректі фильміме түсті. Мәселен, «Салт-дәстүрлер» туралы туындымда ертекші қарияның бейнесін сомдады. Сонда оған шапан кигізіп, қолына қобыз ұстаттым. Бөрік әкеп беріп едім «Балам, бұл біреудің бас киімі ғой, тағдыры тиіп кетер», деп кимеді. Өз бас киімін киді. Жалпы, ол кісінің бақсылық қасиеті бар еді. Жас балаларға көзім тиеді деп тіке қарамайтын. Қобызды музейден алған едік. Фильмді түсіріп жатқанда камера бұзылып қалып, біраз әуреге түстік. Әкем соны көріп: « Балам, мына өнерді қайтесің? Азабы көп екен. Бірнеше адам сабылып жүресіңдер. Бір құрылғы істен шықса, жұмысың тоқтап қалады. Сен ақынсың ғой. Ақынға не керек? Жүрдек қалам, ақ парақ және сигарет қажет», деп айтқаны есімде. Бірақ ол кісінің экранда бейнесі, дауысы қалды. Бүгінге дейін 100-ге жуық деректі фильм түсірдім. Соның бәрі көңілімнен шықты деп айта алмаймын. Бір жағынан ойласам, әкемнің айтқан сөзінде жан бар секілді.
– Арқалы ақын әдебиеттің барлық жанрында өнімді еңбек етті. Шығармаларының бәрі кітап болып шықты ма?
– Әкем 1994 жылы өмірден өтті. Алдағы жылы дүниеден озғанына 30 жыл болады. Анам көзі тірісінде әкемнің барлық әдеби мұрасына бас-көз болып, шығармаларын жинақтап, қолжазбаларын тергізіп, көп жұмыс істеді. Тиісті жауапты мекемелерге хат жазып, баспаларға ұсынды. Нәтижесінде, 10 томдығы жарық көрді. Анамның арқасында әкемнің мерейтойлары жақсы аталып өтілді. Қостанай, Астана қалаларынан ақын есімін мектепке беруге ұйытқы болды. Әке-шешемнің бір-біріне деген махаббаты ерекше еді. Анам өзі өмірден өткенше әкемнің рухына адал қызмет етті. Әкем аудармамен де табанды айналысты. Әсіресе Байронды аударуға біраз күшін жұмсады. Денсаулығын да аямады. «Қорымда қанша сөзім бар, соның бәрін салдым», деп айтып отыратын. Сондай-ақ Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романын да тәржімеледі. Бұл туралы оқырмандар көп білмейді. Әлі де баспа бетін көрмеген туындылары бар. Енді соларды жинақтап, кітап етіп шығарсам деймін. Бірақ ақын шығармалары әдебиет зерттеушілері тарапынан толық зерттелді дей алмаймын. Газет-журналдарда шағын мақалалар жарық көргенімен, ауқымды жазылған дүние аз. Әкем туралы сөз болса қалса, әзіл әңгімелері алдымен ауызға ілігеді. Оның сүйекті поэмалары, дастандары, балладалары, өлеңдері, прозалық дүниелері, аудармалары өз зерттеушісін күтіп жатыр.
– Міне, сіз де ол кісінің жасынан асып барасыз. Бірақ әкеге деген сағыныш басылмайтыны анық...
– Рас айтасыз. Сағынамын. Әкемнің арқасында елден тамырымды үзген жоқпын. Туған еліне өзімен бірге жиі ертіп апаратын. Қариялардың қасына отырғызып, солардың әңгімесін тыңдататын. Торғайдың ақсақалдары астарлап өте шешен сөйлеуші еді. Олардың елдің, жердің тарихы туралы айтқандарын ойыма тоқыдым. Жусанның исі қандай керемет! Қалада өссем де, ұлттық құндылықтарды бала күнімнен бойыма сіңірдім. Сол үшін әкеме ризамын. Оның өмірден өткеніне біраз жыл болса да, әлі күнге дейін жанымда жүргендей сезінемін. Түсіме кіреді. Рухымен қолдайды. Менің бақытым Ғафудай әкем болғаны және оның тәлімі деп білемін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Азамат ЕСЕНЖОЛ,
«Egemen Qazaqstan»