Несие • 04 Мамыр, 2024

Шағын несиенің шарапаты

87 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске қосылған еді. Бұл үшін Үкіметтен 100 млрд теңге қаржы бөлінді. Қаражаттың 70%-ға жуығы Жамбыл (24,1 млрд), Түркістан (19,8 млрд), Ақтөбе (16 млрд), Алматы (8,3 млрд теңге) облыстарына қарастырылған. Бүгінде 82,4 млрд теңге сомасына 13,2 мың шағын несие беріліпті.

Шағын несиенің шарапаты

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің айтуынша, бағдарлама жылдық 2,5% сыйақы мөлшерлемесі бойынша 5 жылға дейінгі мерзімге шағын несие береді. Ал мал шаруашылығындағы жобаларға  кредит мерзімі 7 жылды құрайды. Несиенің ең жоғары сомасы 2,5 мың айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін, (биыл 9,2 млн теңге), ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін ( 29,5 млн теңге) қарастырылған.

«Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға да ерекше көңіл бөлінді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 6,2 млрд теңге сомасына 299 коо­ператив қаржыландырылды. Жалпы, кооперативке бірігу – ауыл шаруашылығы техникасын бірлесіп пайдалануға, өндірілген өнімді сауда базарларының, қала дүкендерінің сөрелеріне шығаруға мүмкіндік береді», дейді Е.Тасжүреков.

Ауылды дамытуға арналған бағдарламаға  мемлекеттен 100 млрд теңге бөлу жоспарланған. Қаражат жетіспеген жағдайда облыс әкімдіктерінің жергілікті бюджеттен шағын несиелеуге қосымша ақша бөлу мүмкіндігі бар.