Құқық • 27 Маусым, 2024

Курсанттан генералға дейін

73 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Маусым айында түрлі мамандық иелері өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді, оның ішінде отандық полиция қызметкерлері де бар. Күнделікті қызмет барысында жұмыс­бастылықтан жадағайлана беретін өмірге жарқын сәттер сыйлау үшін биыл Алматыда алғаш рет полицейдің өмірі туралы мюзикл сахналанды.

Курсанттан генералға дейін

Қала төріндегі «Almaty Theatre» атты сән-салтанаты келіскен ғимаратта ішкі істер органдары ардагерлеріне, қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқандардың туыстарына, қалалық полиция департаментінің қызметтері мен бөлімшелерінің жеке құрамына арналған мерекелік концертке Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев та ортақтасты.

Алғаш рет тәртіп сақшы­ла­­рының күшімен ІІМ Ака­де­миясының курсантынан гене­ралға дейін бір полицейдің даму тарихын сомдайтын мюзикл қала тыныштығын сақтап отырған көрермендеріне жол тартты.

«Бүгінде Алматы полициясы қылмысқа қарсы шабуыл­дық күресті жүзеге асыру, құқық­тық тәртіпті нығайту және қала­да қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті жағдай мен мүмкіндікке ие. Қазақстанның тәртіп сақшылары – мемлекет пен тұрғындардың қауіпсіздігі­нің кепілі. Біз қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіз өмір сүруіне жағдай жасай оты­рып, Отан алдындағы қызметтік ­борышын адал атқаратын по­лиция қызметкерлерімен мақ­танамыз», деді Алматы қаласы полиция департаментінің басшысы Арыстанғани Заппаров.

Орайы келіп тұрғанда, отан­дық полиция ішкі істер орган­дарының құрылғанына 32 жыл толып отырғаны, оған қоса қалада жаңа полиция орталықтары ашылып жатқанына тоқтала кетейік. Мұндай орталықтар барлық ауданда қала әкімдігінің жобалық офисінің қолдауымен құрылып отыр. Бүгінгі таңда полиция департаментінің балансына сегіз үй-жай сатып алынса, олардың алтауы толық жабдықталып, 23 маусымнан ­бастап жұмысқа кірісті.

«Бұл жоба қанатқақты ре­жім­де Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес полиция жұмысының сервистік моделі­не көшу бойынша іске асырыла ­отырып, қоғаммен ашық диа­лог және тұрғындардың сұра­ныстары­на жедел ден қою­ды көздейді. Әсіресе тұрмыс­тық зорлық-зом­­былыққа ұшыра­ған­дар мен жас­өспірімдер арасын­дағы қыл­мыстың алдын алуға ерекше кө­ңіл бөлінеді», деді Алматы әкі­мі Ерболат Досаев.

Полицияның сервистік орта­лықтарында 55 қызмет түрі көр­сетілсе, мамандар көші-қон және әкімшілік заңнама, құқық бұзу­шылықтардың алдын алу, отбасыларда зардап шеккен әйелдердің құқықтарын қорғау мәселелерін шешуге көмектеседі. Ол үшін барлық жағдай жасал­ды – инспекторлар мен психолог­тер қабылдайтын жеке кабинет­тер жасақталып жатыр.

Өз кезегінде көші-қон поли­ция­сының инспекторлары шетел азаматтарын тіркеу немесе қайта тіркеу бойынша қызметтер көрсетеді, Қазақстаннан тыс жер­лерге келу немесе кету, аза­маттықты алу және тұрақты тұру үшін құжаттарды рәсімдейді.

Сол сияқты автокөлік иелері­не ЖКО фактілері бойынша ке­ңес беріліп, автокөлікке әкім­ші­лік айыппұлдардың, ауыртпалық­тар мен шектеулердің бар-жо­ғын тексеруге, көлік құралын қайта жабдықтау жөніндегі құ­жаттарды ресімдеуге көмектеседі.

Орталықтарда заңгерлер, ме­диаторлар, ішкі істер органдарына оқуға және қызметке қабылдау жөніндегі консультанттар, сондай-ақ қару алып жүруге және сақтауға рұқсат беру жөніндегі қызметкерлер жұмыс істейді.

Азаматтарды қабылдауды уәкі­летті құзыретті қызмет­кер­лер – тергеушілер, жедел уәкіл­дер, учаскелік инспекторлар жүргізеді. Деректер базасы қол жетімді болмақ, бұл бұрын берілген өтінішті қарау барысы туралы білуге немесе жауапкершілікке тарту себептері туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Оған қоса Цифрландыру басқармасымен бірлескен зияткерлік бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді, оның көмегімен жоғалған затты тауып қана қоймай, қылмысты жедел ашып, құқық бұзушылықты анықтау жеңілдейді.

Болашақта архивтік анық­тамалар мен басқа да қызмет­терді растауда полицияның сер­вис­тік орталықтарының қыз­ме­тін кеңейту жоспарланып отыр.

 

АЛМАТЫ