Аймақтар • 05 Қазан, 2024

Нашақорлықты насихаттайтын граффити өшірілді

67 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында полиция департа­ментінің бастамасымен «Орал – есірткісіз қала» атты бағдарлама басталғанын бұдан бұрын хабарлаған едік. Жақында тәртіп сақшылары еріктілермен бірге есірткі жарнамаларын жою акциясын өткізді.

Нашақорлықты насихаттайтын граффити өшірілді

Әдетте есірткі сатумен айналысатын топтар өз жарнамасын әлеуметтік желіде, қала ғимарат­тарында граффити суреттер арқылы жасайды. Осыған орай жақында Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті есірткі жарнамаларын өшіру бойынша рейд ұйымдастырды. Шараға 150-ден аса адам қатысты. Олардың арасында полицияның Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен қалалық бөлімдер қызметкерлері, жоғары оқу орындары студенттері, «Ғасыр» жастар қоғамдық бірлестігі өкілдері, қала еріктілері, сондай-ақ «Орал – есірткісіз қала» мониторингтік тобының мүшелері болды.

– Жастар арасында нашақорлық мәселесі өте өзекті болып тұр. Әсіресе синтетикалық есірткінің жаңа түрлері кең таралуына алаңдаймыз. Өңірде есірткі қылмысы азаяр емес. Тіпті кәмелетке толмағандарды есірткі бизнесіне тарту фактілері де кездеседі. Сондықтан есірткімен күресу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Біз жақында бейнебақылау камераларының көмегімен Ақсай қаласында есірткі жарнамалаған екі жасөспірімді ұстадық. Олар 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Айналайын, жастар, барлығыңызға айтарым, осы зұлымдықпен бірге күресейік. Бұл дертке қоғам болып қарсы тұрғанда ғана балаларымыздың есірткісіз болашағын жасай аламыз, – деді акцияға келген облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиев.

Рейд барысында іс-шараға қатысушылар 24 бағыт бойынша топқа бөлініп, қала аумағында 100-ге жуық жарнаманы жойып шықты.

– Бұл акция есірткі сайттары мен есірткінің заңсыз айналымын насихаттайтын жазулар мен суреттерді жою мақсатында өткізіліп отыр. Көп жастар есірткі сататын интернет-дүкендердің граффитиін, суреттерін, жапсырмаларын таратуға тартылып жатыр. Олар бұл әрекетінің заңмен қудаланатынын білмеуі де мүмкін. Біз бұның қылмыстық құқық бұзушылық екенін ескертеміз, – дейді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Марат Сүгіров.

Қазіргі таңда есірткі сатушылар «тауарын» өткізудің сан айласын жасайды. Синтетикалық заттың жарнамасы көптеген сайтта, әлеуметтік желіде жүр. Кейбіреулерге есірткі затын тасымалдау, тарату жеңіл табыс көзі сияқты көрінуі мүмкін. Алайда елімізде есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді насихаттағаны және заңсыз жарнамалағаны үшін Қылмыстық кодекстің 299-1-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Полиция қызметкерлері есірткі затта­рының граффити-жарнамасына куә болған­дардың дереу «102» операторына хабарласуын сұрайды.

 

Батыс Қазақстан облысы