
«Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Кейінгі жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ең алдымен кітап оқырманға қолжетімді болуы керек.
«Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев бастаған құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдаймын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шара ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», деген еді Мемлекет басшысы.
Ел Президентінің «Ұлттық кітап күнін» белгілеп, аталған мерекені мазмұнды етіп өткізу туралы тапсырмасына сәйкес 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып бекітіліп, рухани мереке биыл алғаш рет кең көлемде атап өтілді. Атаулы датаның аясында Мәдениет және ақпарат министрлігінің тікелей бастамасымен әр өңірде түрлі ілкімді жобалар басталып, мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылды. Әсіресе биыл тұңғыш рет өткізіліп отырған «Ұлттық кітап» республикалық байқауын атап өтеміз. Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Ұлттық кітап күніне арналған салтанатты жиында дүбірлі доданың жеңімпаздары анықталып, салтанатты түрде марапатталды. Мерекелік кешке Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, басқа да қоғам қайраткерлері, зиялы қауым мен депутаттар қатысты.
Байқауға кейінгі екі жылда жарық көрген отандық авторлардың кітаптары ұсынылып, тоғыз аталым және Гран-при бойынша жеңімпаз анықталды.
Сонымен, елімізде тұңғыш рет өткізіліп отырған кітап додасында «Балаларға арналған үздік кітап» аталымында 1-орын «ATA Creative Hub» баспасына («Тау құсы», авторы Елдос Тоқтарбай), 2-орын «Көкжиек-Горизонт» баспасына («Көйлек киген көбелек», авторы Бекен Ыбырайым), 3-орын «Дарынды бала» орталығына («Дарынды бала әлемі. Әлем халықтарының ертегілері») бұйырды. Ал «Үздік комикс» жанрында 1-орынды «Khan Comics» баспасы («Еркетай комикс»), 2-орынды «Steppe&World» баспасы («Саққұлақ»), 3-орынды «НЗМ» ДББҰ («Қазақ халқының күй-аңыздары») иеленді. Сондай-ақ «Нон-фикшн бағытындағы үздік кітап», «Детектив жанрындағы үздік кітап», «Сатира жанрындағы үздік кітап», «Үздік иллюстрациялық кітап», «Үздік аударма кітабы», «Фантастика жанрындағы үздік кітап», «Үздік баспа» аталымдарында оза шапқан туындылар белгілі болды. Ал байқаудың негізгі сыйлығы – Гран-при «Жыл кітабы» аталымында «Алматыкітап» баспасы ұсынған «Қазақстан тарихи тұлғалары» сериясы жеңімпаз атанды.
Айта кетейік, кітап додасына жалпы саны 120 өтінім келіп түскен. Жүлде қоры – 41,5 млн теңге. Әр аталым бойынша 1, 2, 3-орын иегерлері ақшалай сыйлықпен марапатталса, «Жыл кітабы» аталымының иегеріне 5 миллион теңге көлемінде сыйақы табысталды.
«Биыл біздің баспамызға – 25 жыл толып отыр. Осы орайда Ұлттық кітап күні қарсаңында баспамыз «Жыл кітабы» аталымын жеңіп алды. Бұл тек баспа ұжымының еңбегі ғана емес, кітапқа, сөзге, ұлттық құндылықтарға деген шынайы сүйіспеншіліктің мойындалуы деп ойлаймын. Осы жеңіс үшін ерекше алғысымыз – баспамыздың негізін қалаушы, шабыт беруші, «Менің Қазақстаным» сериясының авторы әрі идея авторы – Элеонора Баталоваға арналады. Бүгінде бұл серияда 100-ге жуық кітап жарық көрді, оның ішінде осы марапатталған еңбектер де бар. Президент бастамасымен бекітілген Ұлттық кітап күні – жай ғана әдеби іс-шара емес, еліміздегі бүкіл баспа саласының мемлекеттік деңгейде танылған маңыздылығының айғағы. Осы ретте кітапқа деген шынайы ықыласы мен әрдайым көрсетіп келе жатқан қолдауы үшін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға алғыс айтамыз», дейді «Алматыкітап» баспасының президенті Гаухар Саймасаева.
«Жыл кітабы» атанған еңбектердің қатарында «Абай – мәңгілік тұлға», «Ыбырай – даланың таза бұлағы», «Шоқан – Шығыстың жарық жұлдызы», «Ахмет – Алаштың ардақтысы» атты туындылар бар.
«Баспагерлердің саны көбейді, кітап саны да көбейіп жатыр. Кітап шығару қазір трендте. Жазушыларымыз да шабыттана жазып жатыр. Бұл өте жақсы көрініс. Мемлекет тарапынан күтетініміз, кітап оқыту идеологиясы күшейтілсе екен дейміз. Баспамыз балаларға арналған әлем әдебиетінің туындыларын қазақ тіліне аударып шығарады. Соңғы 5 жылда 150-ден астам кітап басып шығардық. Шамамен, 80 пайыз балаларға арналған болса, 20 пайыз ересектерге арналған көркем әдебиет», дейді баспагер Раиса Қадыр.
Дүбірлі додада жеңімпаз атанған «Көкжиек-Горизонт» баспасы «Ұлттық кітап» байқауындағы жүлдесін Астана қаласындағы Балалар паллиативті көмек орталығына аудармақ екен.
«Барша елімізді Ұлттық кітап күнімен құттықтаймын. Биыл тұңғыш рет өткізіліп отырған іс-шара өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жалпы, осы күнді атаулы мерекеге айналдырған Мемлекет басшысына ерекше алғыс айтамыз. Баспамыз байқауда екі аталым бойынша жеңімпаз атанды. Бұл қаржыны Астана қаласындағы Балалар паллиативті көмек орталығына аударамыз. Біздің ұжым үшін мұндай игі қадам үлкен мәртебе», дейді «Көкжиек-Горизонт» баспасының басшысы Аида Оразаева.
Сондай-ақ салтанатты жиын аясында сирек кітаптар мен қолжазбалар, Жеңістің 80 жылдығына арналған әдебиеттер, сондай-ақ былтыр мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген 200-ге жуық кітап пен суреттер көрмесі ұйымдастырылды.
Айта кетейік, Ұлттық кітап күніне орай министрліктің бастамасымен 16-23 сәуір аралығында республика бойынша 300-ден астам тақырыптық іс-шара ұйымдастырылды. Одан бөлек әлеуметтік желілерде кітап оқу мәдениетін насихаттауға бағытталған челлендж өтті. Оған алғашқылардың бірі болып ақын-жазушылар мен мәдениет қайраткерлері қатысып, көпшілікті кітап оқуға шақырды.