Аймақтар • 15 Мамыр, 2025

Шегірткемен күресті жаңа техника ширатады

40 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қызылорда облысында бау-бақшаны өсірмей, егінді көктей солдыратын калифорниялық қалқанша сымыры, қауын шыбыны, у кекіре мен сарышырмауық секілді карантиндік зиянкестер көп кездеседі. Аграрлық сектордың тұрақты дамуына кепілдік беретін фитосанитариялық қауіпсіздік бағытында еңбек етіп келе жатқан мамандар бұлармен қатар күн жылына оянып, жасыл желекті жайпап өтетін шегірткелерге қарсы да шараларды жүзеге асырып келеді.

Шегірткемен күресті жаңа техника ширатады

Биыл облыс аумағында жатаған у кекіре, қауын шыбыны, калифорниялық қалқанша сымыры мен арамсояуға қарсы 2 309 гектардан астам жерді өңдеу жоспарланып отыр. Наурыз айында өткен зиянды, ерекше қауіпті зиянды организмдер мен карантиндік объектілерге қарсы күресу шараларын ұйымдастыру, үйлестіру жұмыстарын жүргізу жөніндегі облыстық штабтың алғашқы отырысында шегірткемен күрес шараларының іс-жоспары жасалды. Соған сәйкес облыс көлемінде шегіртке зиянкестерімен күрес шараларын ұйымдастыру-үйлестіруге 4 жұмысшы топ жұмылады. Әр ауылдық округте қажетті техникалар, жауапты мамандар бекітілді. Жалпы облыс аумағында шегірткелер шеруін болдырмау шараларына 324 адам қатысады. Қазір олардың дернәсілдеріне көктемгі-жазғы мониторинг жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Ерекше қауіпті шегіртке зиянкестері мен карантиндік объектілерге қарсы жүргізілетін фитосанитариялық іс-шара­ларды ұйымдастыру, химиялық өңдеу жұмыстарын атқаратын арнайы техникалардың дайындығы» жөніндегі семинар кеңесте Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Қызылорда облыстық аумақтық инспекция басшысы Мұхтар Оразбаев биыл күн күрт жылып, бұл жәндіктің өз уақытынан 12-13 күн ерте «оянып» алғанын айтты. Бұл бақылау шараларын күшейте түсу керектігін білдіреді. Аудан әкімдері өз аумағындағы мәселеден күн сайын хабардар болып отыруға тиіс. Мысалы, шегірткенің италиялық прус деп аталатын түрі биыл Арал ауданындағы 21 720 гектардан байқалып тұр. Қазалы, Жалағаш аудандарында мың жарым гектардың айналасы. Қармақшы мен Сырдарияда 100 гектардың үстінде. Қызылорда қаласы, Жаңақорған мен Шиеліде бұл түрдің дернәсілі кездеспейді. Есесіне, оңтүстік аудан­дар азиялық шегірткеге қарсы күресті күшейтуі керек. Шиелі ауданында 8 332, Жаңақорғанда 5000 гектар өңделуі қажет. Зиянкес жәндіктің бұл түрі басқа аудандарда да кездесіп отыр. Былтырғы жазғы-күзгі мониторинг қорытындысы бойынша биыл 60 024 гектар жерге химиялық өңдеу жасалады.

Комитет тарапынан жарияланған конкурстар жеңімпаздары анықталып, 33 476 гектарды аса жеңіл ұшақпен, 15 434 га алқапты ұшақпен өңдеудің мердігері болып «Авиакомпания «Дельта-Юг» ЖШС танылды. «Бағжан» ЖК 7152 га жерді жер агрегатымен өңдейді. Биыл шегіртке зиянкестеріне қарсы фитосанитарлық күрес жұмыстарына 4 арнайы жер агрегаты, 2 аса жеңіл ұшақ, 1 ұшақ пен 3 дрон қатысады. «Фитосанитария» РМК мекемесі 3 962 гектарға алғаш рет химиялық өңдеу жұмыстарын дронмен жүргізіп көрмекші.

«Шегіртке шекараны білмейді. Аралда италиялық прус түрі көршілес Ақтөбе, Ұлытау өңірінен ауып келді деген болжам бар. Сондықтан Түркістан, Ақтөбе, Ұлытау облыстарымен ынтымақтастық келісімшарттар жасастық. Өткен мереке күндері Арал ауданына барып, препараттарды сынап көрдік. Шегірткеден бөлек өзге де зиянды жәндіктерге әсері байқалды», дейді аумақтық инспекция басшысы.

Зиянкестің зардабын болдырмау үшін дронды облыста алғаш рет қол­данып отырған «Фитосанитария» РМК мекемесінің мамандары Алматы мен Түркістанда оқып келіпті. Арал ауданы әкімдігімен хабарласып отырған олар жақында өңдеуге кіріседі. Күн райы қатты ысыған жағдайда бағдарын күндіз картаға түсіріп, сол бойынша дронды күндіз ұшыруға болады.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевтың айтуынша, «Республикалық фитосанитарлық диаг­ностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ-нің облыстық филиалы хабарламасына сәйкес сәуір айының 25-нен бастап барлық аудан мен қала аумағында 1 шаршы метрге 1-2 түйір саяқ шегіртке дернәсілдерінің шыққаны байқалған.

«Олардың жаппай шығу белгілері анықталған жағдайда бір күнде арнайы жерүсті агрегатымен 130 гектар, әуе арқылы 1 500 гектар жер көлемін өңдеуге қауқарымыз жетеді», дейді басқарма басшысы.

Былтырғы жазғы-күзгі зерттеу жұмыс­тары қорытындысымен биыл облыста 55 349 гектар аумаққа саяқ шегіртке зиян­кесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізуге жергілікті бюджеттен 487,5 млн теңге қаржы қаралып отыр. Зиянкес дернәлісі жайлаған алқап өткен жылмен салыстырғанда 11 673 гектарға артқан.

Мердігер мекемелер өкілдерінің де айтары бар. Бұрын бұл жәндіктердің әр түрі араға 2-3 апта салып жер бетіне шыға бастайтын. Өңдеу жұмыстары да соған сәйкес жүргізілетін. Осы жылы бәрі бір мезгілде пайда болды. Техника сайлы, препарат дайын дегенмен де осы жағы қиындау соғайын деп тұр. Ауа райын болжаушылар дерегінше алдағы апталарда күн қызуы 44 градустан асады. Күн ысыған сайын жаны кіріп, жандана беретін зиянкеске бұл «Іздегенге – сұраған» болайын деп тұр.

Бір өңделген жерге көрші өңірден зиянкес ұшып келсе, еткен еңбектің зая кеткені дей беріңіз. Қайта өңдеуге мониторинг қорытындысымен шақталып берілген препарат та жетпей қалуы мүмкін. Тағы бір мәселе, аудандар мен ауылдар әкімдіктері тарапынан химия­лық өңдеу жүретіні сол аумақтағы мал, ара шаруашылығымен айналысып жат­қандарға алдын ала ескертілуі керек. Омартаның өңделіп жатқан аумақтан 3,5-5 шақырым қашықтықта болғаны жөн.

Облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов аудан әкімдері мәселеге барынша мән беруі керектігін айтып өтті. Маусым аяқталғанша мердігерлер де өз ісін мүлтіксіз атқаруы қажет. Жұмыла жұмыс істеп, зиянкестің жолын кесуіміз керек.

 

ҚЫЗЫЛОРДА