
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Осы мәселелерді зерделеп, қоғамның назарын аудару мақсатында 2025 жылдың 28 ақпанында «Egemen Qazaqstan» газетінде «Тегін үйірменің түйткілі» атты мақала жарық көрген еді. Онда үйірмелердің атқарылу барысындағы кемшіліктер, есеп пен шынайы жағдайдың алшақтығы, балалардың қауіпсіздігі мен үйірме сапасына қатысты мәселелер жан-жақты талданған. Осыдан кейін Президент Әкімшілігінің тапсырмасымен жаңа қанатқақты жоба – бірыңғай ваучерлік жүйе енгізілетін болды.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жүргізілген тексеріс барысында бірқатар күрделі заңбұзушылықтар анықталған. Кейбір өңірлерде балаларды тізімге жалған қосу арқылы көрсеткіштерді қолдан көбейту деректері тіркелсе, 164 секцияда сабақтар санитарлық талаптарға мүлде сай келмейтін пәтерлерде, жертөлелер мен тұрғын үйлерде өткізілген. Тағы бір алаңдататын жайт – алты өңірде бұрын сотталған азаматтардың балаларды оқытуы бойынша 20-ға жуық жағдай анықталған. Сонымен қатар жүйеде тіркеуде тұрғанымен, шын мәнінде сабаққа қатыспаған 8000-нан астам баланың дерегі тіркеліп отыр. Бұл фактілер алаяқтық пен жалған есеп берудің, бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану мен жымқырудың бар екенін көрсетеді.
Қанатқақты жоба 2025 жылдың 1 маусымынан бастап Астана, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе қалаларында іске қосылады. Мақсат – балалардың шығармашылық, спорттық, қосымша білім алу бағыттарындағы қызметтерді біртұтас, әділ әрі ашық жүйеге біріктіру. Жүйенің басты жаңалығы – ваучер ұйымға емес, тікелей балаға беріледі. Бұл балаға спорт пен өнер арасындағы таңдау еркіндігін беріп қана қоймай, бұрынғы кезекке тұру, қаржыландыру тоқтап қалу немесе бағыт ауыстыру барысындағы қиындықтарды жояды. Сондай-ақ ата-ана баласы барғысы келген үйірмені eGov.kz порталы арқылы өзі таңдай алады. Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның айтуынша, жаңа жүйеде екі түрлі ваучер түрі қарастырылған. Біріншісі, нысаналы ваучер – мемлекеттік мекемелерге арналған, кезексіз беріледі. Екіншісі, әмбебап ваучер – жекеменшік ұйымдарға баруға мүмкіндік береді және баланың жасы мен әлеуметтік мәртебесіне қарай әділ кезек қалыптасады.
Вице-министр кәсіпкерлердің арыз-шағымын тыңдау кезінде бала қауіпсіздігі басты орында екенін баса айтты. Сондай-ақ мемлекет қаржысының тиісті мақсатта жұмсалуы қадағаланатынын атап өтті.
«Барлық үйірме мен секция үшін бірқатар міндетті талаптар қойылады. Қауіпсіз инфрақұрылым, санитарлық-гигиеналық, өрт қауіпсіздігі нормаларын сақтау, бекітілген білім бағдарламалары мен кәсіби, білікті педагогтердің болуы – басты талаптар қатарында. Бұдан былай қатысушылардың келуі күнделікті цифрлық түрде тіркеліп отырады. Бұл қаражаттың нақты жұмсалуын ашық көрсетеді және алаяқтық, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтады», деді ол.
Айта кетейік, жобаны жүзеге асыруға төрт министрлік жауапты. Мәдениет және ақпарат министрлігі шығармашылық бағытты үйлестіреді. Туризм және спорт министрлігі спорттық секциялармен айналысады. Оқу-ағарту министрлігі қосымша білім бағытына жетекшілік етеді. Цифрлық даму министрлігі платформаның дұрыс жұмыс істеуін қадағалайды.