
Бұл шығармада қазіргі адамның ішкі күйзелісі, жалғандыққа толы өмірден шаршауы және рухани дағдарысы бейнеленеді. Аталған спектакль – адамның болмысын, жанайқайын, шынайылық пен жасандылықтың арасын терең философиялық тұрғыда ашуға бағытталған.
Пьесадағы оқиғалар түнгі пойызда өрбиді. Жолаушылардың әрқайсысы өз тағдырымен бетпе-бет келеді. Ең қызығы, пойыз сағаты 21:15 уақытынан басқа уақытты көрсетпейді. Осы орайда көрермен ішкі жан толғаныстары мен психологиялық шиеліністер арқылы адам табиғатына үңіледі.
Қойылымды қоюшы режиссер – Микаил Микаилов (Әзербайжан), қоюшы суретші – Мұстафа Мұстафаев (Әзербайжан), ал жоба авторы – Дунай Еспаев (Қазақстан). Рөлдерді Әйгерім Асанова, Дунай Еспаев, Бауыржан Нұрмағамбетов сынды актерлер сомдады.
Қойылым соңында Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров «DAT» театры ұжымына алғыс білдіріп, көрерменге терең ой салған қойылымның көркемдік деңгейін жоғары бағалады.
Еуропаның бірталай театр кеңістігін зерделеп, батыс театры сахнасында отырғандай сезімде болдық. Біз әбден эмоционалды театрға үйренгенбіз, ал бұл санаға ықпал ететін, интеллектуалды диалог жасауға шақыратын рационалды театр болды», деді ол.
Айта кетейік, спектакльді Қарағанды облысы Мәдениет басқармасының басшысы Ғалымжан Өтебай, басқа да өнер майталмандары келіп көрді.
Бұған дейін режиссер Дунай Еспаев жеті жыл бойы Қарағандыдағы К.Станиславский атындағы орыс драма театрын басқарған. Қазір ол биыл құрылған тәуелсіз «DAT» театрының негізін қалаушы әрі көркемдік жетекшісі ретінде жаңа шығармашылық бағытта еңбек етіп келеді.
Жас театрдың тұсаукесер қойылымы ретінде ұсынылған «Пойыз 21:15» драмасы көрермен ықыласына бөленіп, театр ұжымының алдағы шығармашылық жолын ашқандай болды. Қойылым – бүгінгі қоғамның рухани ахуалын көркемдік тұрғыда зерделеуге ұмтылған мәні терең туынды ретінде есте қалды.
Нұрзат АМАНТАЙ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 3-курс студенті