
Есенгелді бай уақытында старшын, дистанция бастығы дәрежесіне дейін көтеріліп, тархан атанған. Анықтай кетер болсақ, сол кездегі патша ағзам тарапынан Ресейдің отарлау мүддесіне қызмет еткен түркі тектес тұлғаларға «тархан» деген атақ берілген (Орынбор шекара комиссиясының деректеріне қарағанда, тархан атағын алғандар саны ХІХ ғасырдың ортасында 20 ғана адам екен). Осы Есенгелдінің Итемген, Сүтемген деген інілері болған. Итемген бай (1743–1836) Базартөбе ауылдық округіне қарасты Тайқожа қорымында жерленген. Кезінде атақты Сүгір жырау:
«Егізімнің сыңары,
Егеуімнің сынығы,
Есен бе екен, сау ма екен.
Бессары, Асан, Қалқаман.
Мәмбет, Үмбет, Қосдәулет
Есенгелді, Итемген
Ауылынан кеңес тараған»,
деп жырға қосуының өзі Жалмырза ұлдарының абырой-беделіне байланысты болса керек. Итемген байдан – Сатыбалды, одан – Бейсен, Бейсеннен біз бүгін сөз еткелі отырған Бақтығали туған.
Бақтығали (Бақтыгерей, Бақыш) Бейсенов 1890 жылы 10 желтоқсанда Орал облысы Ілбішін уезіне қарасты Қызылжар болысы №5 ауылда дүниеге келген (облыстық мұрағат анықтамасында 24 тамыз 1887 туған, 1914 жылы Саратов университетін бітірген деп көрсетілген).
1901 жылы орыс-казак мектебін бітірген. 1910 жылы тамыз айынан бастап Саратов Императорлық университетінің медицина факультетінде оқыған. 1911 жылы жедел түрде латын тілінен емтихан тапсырып, Оренбург қаласында №323 куәлік алады. 1914 жылы әскери соғыс жағдайына байланысты 9 семестрді жедел түрде тапсырды. Кейін бұл оқуды жалғастырып, Саратов Императорлық университетінде 1917 жылы сәуірде соңғы емтиханды ойдағыдай тапсырып, дәрігер мамандығы бойынша диплом алады. Осы жылы Орал облысы Қызылкүлгін ауылында ауылдық учаскелік дәрігер болып орналасып, 1920 жылға дейін жұмыс істейді. 1920 жылы Орал облысы Калмыков уезіне аудандық денсаулық сақтау бөліміне тағайындалады.
Бақтығали Бейсеновтің 1921 жылы жиналыстағы жұмысы жөнінде есеп беруі мұрағатта сақталған. Осы жылдары Калмыков уезінде 120 мың халық тұрған. Уезд дәрігерлік және 10 фельдшерлік пунктерге бөлінген. Өкінішке қарай, азаматтық сот халықтың көмегіне кедергі келтірді.
1924 жылдың басында Б.Бейсенов Орал облысындағы Байғұтты ауруханасында, кейін Жымпиты ауруханасында жетекшілік етті. 1928 жылы тамыз-желтоқсан айы аралығында Тайпақ ауруханасын басқарды. 1929 жылы 15 шілде Тайпақ ауданының Базартөбе ауруханасына меңгеруші болып тағайындалады. 1936 жылы 15 шілдеде Тайпақ ауданының Базартөбе ауруханасына меңгеруші болып тағайындалады. Бұл жұмысты 1937 жылдың тамыз айына дейін жасағаны жөнінде деректер айтылған. 1937 жылы 16 қыркүйекте Бақтығали Бейсеновті №58-2-бабымен «халық жауы» деп айыптап, тұтқынға алған.
Батыс Қазақстан облысы УНКВД үштігінің отырысында 1938 жылы 15 ақпанда Б.Бейсеновтің мүлкі тәркіленіп, ату жазасына кесілді. №2463 ісі бойынша Б.Бейсеновке алашордашыл, халық жауы деген айып тағылды. Ату жазасын орындау ісі 19 ақпан 1938 жылы 21 сағат, 15 минутқа ауыстырылды. Осылай Б.Бейсеновке жала жабылып, репрессияға ұшырап, жазықсыз атылды.
Б.Бейсеновке қатысты деректерді жинастырғанда, біздің қолымызда өлкеміздің тарихынан сыр шертетін құнды дүние Арнольд Иосифович Янтаревтың Ставропольдағы кітап баспасынан 1958 жылы жарық көрген «Село дәрігерінің жазбалары» («Записки сельского врача») атты кітабы бар екенін айта кеткен жөн. Кітапта Қазан университетінің медицина факультетін бітірген, азамат соғысына қатысушы, түпкі тегі нижегородтық жас маманның 1925 жылы шалғайдағы бейтаныс өлке – Батыс Қазақстанға аттанып, жолдамамен Калмыковқа келуі, онда дәрігерлік қызмет атқаруы туралы айтылады.
Кеңес өкіметі кезіндегі таптық көзқарас тұрғысынан жазылған бұл жазбалардан Бақтығали Бейсеновке деген көре алмаушылық пен өшпенділік анық көрінеді. Оның салқыны ақыры өз зардабын тигізді. Сол тұста жұқпалы аурулар таралып халықтың денсаулығы мүшкіл халге түскен кезде бар күш-жігерін елдің денсаулық әлеуетін көтеруге жұмсаған, Алашорда қатарында қазақ елінің бостандығы мен азаттығы үшін қызмет еткен қайран ер 1937 жылдың 16 қыркүйегінде тұтқынға алынады.
Ардақты азамат 1958 жылы ақталды. Ақталуына, ол туралы мәліметтерді тауып, жинастыруға қызы Роза Бейсенова (1936 ж.т.) көп еңбек сіңірген. Ол Қазақтың мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін бітірген. Әке жолын жалғастырған білікті дәрігер. Көп жыл Қарағанды қаласында бас балалар дәрігері боп қызмет еткен. Балалар денсаулығын жақсартуға арналған ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін «Октябрь революциясы», «Құрмет белгісі» ордендермен марапатталып, екі мәрте облыстық кеңестің депутатығына сайланған. Бүгінде Астана қаласында тұрады. Елмен үнемі байланыста. Әкесінің жақсы атын қалыптастыруда еңбегі ерен.
Б.Бейсенов туралы әлі де толық зерттеліп болған жоқ. Дегенмен ол туралы деректер бар. Бұл кісі жайында майдангер-журналист Бисен Жұмағалиев кезінде былай деп жазған: «Бақыш Бейсенов революциядан бұрын Саратовтың медицина институтын бітіріп, елге келіп, өз ауылында аурухана ашқан. Оның «Бәлнес төбесі» деген аты әлі сақталған. Бүкіл Орал – Атырау еліне аты жайылған шипагер Алаш қозғалысына да қатысқан. Халел Досмұхамедовтың серігі болған. 1938 жылы Жымпитыда ауданның бас дәрігері болып жүргенде түрмеге қамалып, ату жазасына кесілген. Ғ.Мүсіреповтің жұбайы Ғазиза Бейсенова – осы текті кісінің қызы» («Орал өңірі» газеті №35, 22.03.2002).
Ал Ғазиза Бейсеноваға келсек, біздің қолымыздағы деректерге қарағанда, ол – Бақтығалидың үлкен ағасы Нұрғалидың (1882–1948) қызы. Ғазиза Бейсенова (1914–1987) – Орал драма театрының әншісі, Орал филармониясының алғашқы әртістерінің бірі. Кейіннен Алматыға барып, стенографист-машинистка мамандығын меңгерген. Ол апамыз машинка басқанда пианинода ойнағандай көрінеді екен. М.Әуезовтің «Абай жолы» романын ауызша айтуынан машинкаға үлгеріп басқан. Қазақтың классик жазушысы Ғ.Мүсіреповтің жұбайы.
Б.Бейсеновтің Алаш қозғалысындағы қызметін әлі де зерттей түсу қажет. Кейінгі ұрпақ Бақтығали Бейсеновтей дара тұлғаны білуі керек. Тарихтан тағылым алсақ қана тәуелсіздігіміз тұғырлы болмақ.
Мәлік БЕРДІ ӘЛІ,
Журналистер одағының мүшесі
Батыс Қазақстан облысы,
Ақжайық ауданы