
Мекеме 1200-ден астам ауыл тұрғынына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге арналған. Құрылысына облыстық бюджеттен 220 млн теңге бөлінген. Ғимаратқа ауызсу құбыры мен кәріз жүйелері тартылған. Нысанның 15 бөлмесі бар. Олардың іші фельдшерлік-акушерлік пунктке қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. 270 шаршы метр аумақта орналасқан нысан 15 адамға бір уақытта қызмет көрсете алады.
«Анализ тапсыру үшін енді 55 шақырым қашықтағы аудан орталығына барудың қажеті жоқ. Қажет болған жағдайда қаладағы ауруханаларға жолдама беріледі. Бұл – партияның шалғай ауылдарға медициналық көмекті жақындату бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі», деді «Amanat» партиясы Балқаш аудандық филиалының төрағасы Марат Ноғайбай.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлімбек Тәжіков бұл тек бір ауылға арналған жоба еместігін атап айтты. Мұндай медициналық мекемелерді көбейту арқылы өңірдің барлық шалғай елді мекендерін дәрігерлік көмекпен қамту көзделіп отыр.
«Біз үшін әр азаматтың заманауи медициналық көмекке қол жеткізуі маңызды. Қазіргі уақытта ауылдық жерлерде денсаулық сақтау нысандарын салу, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, кадрлармен қамтамасыз ету жұмыстары қалыпты жүргізіліп келеді. Бүгін ашылған фельдшерлік-акушерлік пункт осының дәлелі. Жыл аяғына дейін 30-дан астам медициналық мекеме қолданысқа берілетін болады», деді Ә.Тәжіков.
«Amanat» партиясы ауылға келген жас мамандарға 10 млн теңге көлемінде жәрдемақы беру бастамасын көтерген еді. Соның нәтижесінде аса тапшы мамандық иелеріне 8,5 млн теңге көлемінде бір реттік төлем беру қарастырылып отыр. Бұл қолдау тек белгілі бір мамандықтарға ғана тиесілі. Шарт бойынша дәрігерлер кемінде 5 жыл ауылда жұмыс істеуге тиіс.
«Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында өңірде биыл 15 дәрігерлік амбулатория, 12 фельдшерлік-акушерлік пункт, 11 медициналық пункт салу жоспарланған.
Алматы облысы,
Балқаш ауданы