Білім • Кеше

Гранд-финалға жолдама

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде алғаш рет отандық оқушылар халықаралық «International STEM Olympiad» олимпиадасының гранд-финалына жолдама алды.

Гранд-финалға жолдама

– Бұл – жас дарындардың ғылым мен технология саласын­дағы әлеуетін әлемге танытатын үлкен жетістік. Осы жолы біз ресми түрде шақырту алдық. Бұрын жеке қатысушылар болған. Алайда топ болып барған емеспіз. Қазақстан атынан команда ретінде бірін­ші рет қатысу – елдің атын шыға­ратын тарихи сәт, – дейді атал­ған олимпиаданың ұйым­дастырушысы Залқарбек Мұратәлиұлы.

STEM – бұл технология, инженерия, математика ғылымы ба­ғытын қамтыған білім жүйе­сі. Мұнда инженерлік роботтехника және 3D модельдеу, бағдарламалау сияқты тех­ника­лық салалар да қарас­тырылған.

Олимпиада финалистерінің бірі – Астана қаласындағы №84 мектеп-лицейінің оқушысы Айша Темірхан. Ол олимпиа­даға математика бағытынан бақ сынайды. Оның айтуынша, бұл жолдағы алғашқы қадамы кездейсоқ басталған. «Онын­шы сыныпта бізге жаңа мұғалім келіп, осы олимпиада туралы айтты. Бірнеше күн ішінде робот құрастырып, қалалық кезеңге қатыстық. Сол жерден халықаралық деңгейге өттік. Бірақ өткен жылы оң нәтиже болмаған соң, биыл өзімізді қайта сынап көрдік», дейді ол.

Бұл жобаның жартылай финалына Қазақстанмен бірге Ресей, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген 260-тан астам оқушы, 78 команда бақ сынады. Ал елімізден 24 оқушы қатысты. Солардың іші­нен оза шапқан біздің сегіз жеткіншек Испанияның Бар­селона қаласында 9–15 шіл­де аралығында өтетін гранд-финал­да ел намысын қорғайды.

 

Фариза ІЗБАСАРОВА,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 3-курс студенті