Бизнес • Бүгін, 09:30

Бизнеске уәде емес, әрекет керек

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміз кейінгі жылдары бизнесті жан-жақты қолдауға бағытталған саясат жүргізіп келеді. Мемлекет бірқатар бастаманы жүзеге асырып, ресми есепте инвестицияның өсуі мен іскерлік ахуалдың жақсаруы туралы мәлімдеді. Дегенмен кәсіпкерлік қауымдастық әлі де жүйелі мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Бұл – әкімшілік кедергілер, кейбір реттеуші рәсімдердің айқын еместігі және әрдайым тең бола бермейтін бәсекелестік жағдайы. Әсіресе бұл мәселе энергетика сияқты стратегиялық маңызды секторларда өзекті.

Бизнеске уәде емес, әрекет керек

Көмірмен жұмыс іс­тейтін жылу электр стансалары бү­гін­де күрделі жағдайда тұр. Қаржыландыруға қол­жет­­кізудің шектеулі болуы – негізгі кедергінің бірі. Халықаралық қаржы институттары көмір генерациясымен байланысты жобаларды қолдаудан бас тартып, жаһандық декарбонизация күн тәртібін ұстанып жатыр. Мұндайда мемлекет бұл активтерді қолдау функциясын өз мойнына алуы тиіс, өйткені оларсыз жылы­ту маусымын өткізу мен электр энергиясының өсіп келе жатқан тапшылығын жабу мүмкін емес. Алайда қол­да­ныстағы мемлекеттік бағдарламаларда басымдық газ генерациясы мен жаңарты­латын энергия көздеріне беріл­ген. Көмір стансалары жеңіл­детілген қаржыландыру тетік­терінен тыс қалып отыр. Нәти­жесінде, кәсіпорындар техни­калық мүмкіндіктерінің шегінде жұмыс істеуге мәж­бүр. Жаңғырту мен зама­науи эко­логиялық бақылау жүйе­ле­рін енгізуге мүмкін­дігі жоқ. Бұл апаттардың кө­беюі мен энергиямен жабдық­тау­дың тұрақсыз­дығына алып
ке­ле­ді.

Келесі маңызды және жүйе­­лі мәселе – тарифтік рет­­­теу­дің айқын болмауы. Атал­­ған мәселені ұлт­тық кә­­сіпкерлер палата­сы бі­р­не­ше рет көтерді. Негізгі проб­лемалар – генера­ция нысан­д­ары үшін тариф­терді белгілеу тетігінің айқын болмауы, электр энергия­сын беру секторындағы шы­ғын­дардың теңгерімсіз бөлі­нуі және соның салдарынан бөлшек нарықта шынайы бәсекелестіктің болмауы. Энер­гетикалық компания­лар шығынының әр бабын реттеушімен келісуге мәж­бүр. Алайда барлық шығын негізделген деп танылмайды және тарифке енгізілмейді. Мысалы, санитарлық және өртке қарсы қызметтердің талап­­тарын орындау, сон­дай-ақ ұлттық қауіпсіздік орган­да­ры­ның нұсқамаларын орындау орасан зор шығындарға әкеледі – кейде ондаған немесе жүз­деген миллион теңге­ге дейін жетеді. Бірақ бұл шы­ғындар тарифті түзету кезінде ескерілмейді.

Отандық бизнес-қауым­дастық бірнеше ірі жел электр стансасын салу жобасы бо­йынша жасалған Үкімет­аралық келісімдерге қатысты да сұрақ қойып отыр. Бұл жобалар инвестициялық саясаттың маңызды бөлігіне айналғанымен, бастапқыда аукциондық механизмдер арқылы жүзеге асырылған жобалардан бірқатар ерек­шелігі болды: тарифтің шетел валютасында бекітілуі (аук­циондық жобада тариф теңге­мен белгіленеді), электр энергиясын сатып алудың 25 жылдық кепілдігі (аукционда – 20 жыл), ұлттық заңда көзделген кейбір рәсімнен босату, оның қатарында жоба­лау-сметалық құжаттың мем­лекеттік сараптамасынан мін­детті түрде өту талабы. Мәсе­лен, БАӘ-нің «Masdar» ком­паниясының жобасы дәл осы схема бойынша жүзеге асырылды, бұл құрылыс-мон­таж жұмыстарының сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін тудырды.

«Атамекен» бұл жобалар бойынша теріс қорытынды берді. Негізгі сын – жергілікті өндірісті дамытуға қойылатын міндетті талаптардың болмауы. Атап айтқанда, трансформатор, кабельдік өнім, металл құрылымы мен басқа да компоненттер отандық кәсіпорыннан сатып алынуы тиіс деген талап қойылмаған. Жаңартылатын энергия көз­дері саласындағы жобаларды іске асыруда отандық өнім­дерге басымдық беру мәсе­ле­сі шешілмеген күйінде қа­лып отыр. Бірақ елде жаңарты­латын энергетикаға арналған жабдықтарды жергілікті дең­гейде өндіру бастамалары қолға алынып жатыр.

Бизнес қауымдастық құр уәдені емес, нақты және жүйе­лі қадамды күтеді. Дәл қа­зір көмір генерациясын қар­жы­ландыру тәсілдерін қайта қа­рау, тарифтік саясаттың ашық­тығы мен болжамдығын қам­та­масыз ету, отандық өнді­ру­шіге әкімшілік кедергіні жою, мемлекеттік сатып алуға қаты­сушының адалдығын бақы­лау жүйесін енгізу мен инвес­тициялық заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды.

 

Гүлнара БИЖАНОВА,

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары