
СУРЕТТЕ: Академик Сейіт Қасқабасовтың 75 жасқа толуына арналған Халықаралық фольклортанушылар конгресінде (Астана, ЕҰУ, 2015 жыл)
Түбі бір туысқан түркітектес халықтардың терең тамырлы рухани және мәдени байланысы, әдеби және ғылыми сабақтастығы бүгіндері биік деңгейде сапаланып келеді. Осынау тарихи дәстүрдің жөн-жобасын заманға сай дамытуда ұстаздық жолын арнап, қажырлы еңбегін аямаған Түркия ғалымдары ішінде академик Фикрет Түркменнің орны бөлек.
Тоталитарлық жүйе ыдырап, бұрынғы КСРО құрамындағы түркі халықтары тәуелсіздікке қол жеткізген ХХ ғасырдың 90-жылдары профессор Фикрет Түркмен аса маңызды келелі істердің бел ортасынан табылып, талай маңызды еларалық жобалардың ұйытқысы болды. Қастерлі түркі әлемінің тарих толқынында талай қатерлі сынықтар соққысынан ажырауға айналған руханият тінін қайта шегендеу мен дәнекерлеу міндетін елеулі тұлғалар қатарында мойнына алды. Жауапкершілігі мол елдік-туыстық жұмыстарға қажыр-қайратын сарқа жұмсады.
Қасиетті Түркия топырағына алғаш имене қадам басқан дарынды жас буынды түркі өркениеті рухында тәрбиелеп, оларды жаңашыл білім мен білік парасатына баулыды. Шынайы ұстаздық кеңесін беріп, ғылыми ізденістерін шыңдайтын өрелі талап қоя білді. Қазақстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан, Башқұртстан елдерінен білім іздеп барған магистрант, докторанттардың диссертацияларына жетекшілік етті. Ұстаз тәлімін алған шәкірттері де биікке ұмтылды. Ер намысы – ел намысы, ер мұраты – ел мұраты екенін жете ұғынды. Профессор Фикрет Түркменнен тәлім алған жастардың біразы бүгінде туған елінде жоғары лауазымды мемлекеттік, ғылыми-ағартушылық қызметін абыроймен атқарып жүргенін мақтанышпен айтамыз.
Ұстаздық жолын 1968 жылы Түркияның Ерзурум қаласындағы Ататүрік университетінің түрік тілі мен әдебиеті кафедрасының халық әдебиеті ассистенттігінен бастаған Фикрет Түркмен ғылыми-әдістемелік шыңдалу, ғалымдық кемелдену бел-белестерін маңдай термен өткізді. 1969 жылы Ыстанбұл университетінің докторантурасына түсіп, 1972 жылы профессор Мехмет Капланның жетекшілігімен «Ашық Гарип әңгімелерін салыстырмалы зерттеу» атты PhD диссертациясын қорғады. 1974–1976 жылдары Францияның астанасы Парижде есімі әлемге әйгілі фольклорист ғалым Перетав Наили Боратавпен бірге Сорбонна университетінде фольклорлық әдістеме және халық әдебиетінен тағылымы мол дәрістер өткізді. Семинарлар мен конференцияларда жаңашыл бағыттағы аса өзекті тақырыптарда баяндама жасап, ғылыми-әдістемелік ой-пікір, тұжырымдарымен беделді ғылыми орта назарын аудартты.
Түркияға оралғаннан кейін 1976–1978 жылдары аралығында Ататүрік университетінде еңбек етеді. 1978 жылы қызмет бабымен Еге университетінде жаңадан ашылған әлеуметтік ғылымдар факультетіне (қазір әдебиет факультеті) ауысады. 1980 жылы «Зухра мен Тахир» атты зерттеуі үшін доцент ғылыми атағын алса, 1986 жылы «Насреддин Қожа әзілдері» атты зерттеу еңбегі үшін профессор атағына ие болды.
1992 жылы Измир қаласында іргетасы қаланған Еге университетінің Түркі әлемін зерттеу институтын құруға қажыр-қайрат жұмсап, осы мекеменің негізін қалаушы директор қызметін атқарды. Профессор Фикрет Түркмен бастамасымен 1986 жылы Еге университетінде «Түрік тілін үйрену орталығы» құрылып, кейін ол Түркі әлемін зерттеу институтының құрамына енді. Бүгінге дейін бұл орталықта 112 елден келген 10 мыңға жуық шетелдік студент түрік тілін үйреніп шықты. Тынымсыз ізденістегі ғалым Еге университетінің Түркі әлемін зерттеу институтында «Түркі әлеміне шолулар» журналын шығарды. Басылымды зияткерлік өредегі жаңа сапалық деңгейге көтерді.
Түрік эпостары мен халық ертегілерін жүйелі зерттеп жүрген көрнекті профессор магистратура мен докторантура бойынша жаңа мазмұндағы оқу бағдарламаларын ашып, маңызды тақырыптарға жас талаптарды, болашақ ғалымдарды тарта білді. 2012 жылы Еге университетінен зейнеткерлікке шыққан Фикрет Түркмен 44 жыл мұғдарында түркітану ғылымына сіңірген еңбегі үшін елеулі марапаттарға ие болды.
Фикрет Түркмен бүгінгі күнге дейін ғылыми қауымға 300-ден астам ғылыми мақала, 26 кітап ұсыныпты. Беделді ұлттық энциклопедиялық басылымдарда біршама мақалалары жарияланған. Біртуар ұстаз, білікті маман, зерделі ғалым туралы үш кітап жазылып, ұлттық фольклор журналының арнайы саны шығарылды. Мұнда ұстаз шапағатына бөленген, қамқорлығын көріп, тәлімін алған шәкірттерінің, әріптестері мен мұраттас жандардың ақжарма тілектері, игі лебіздерінен Фикрет Түркменнің парасат әлемі, адами қасиеті, ғалымдық биігі, азаматтық тұлғасы жарқырай көрінеді.
Тынымсыз еңбегімен ел құрметіне бөленген ғалымның фольклористикадағы іргелі еңбегі қазақ халқының санғасырлық әдеби мұрасын түркі әлеміне етене таныстыру, озық үлгілерін жариялау, жан-жақты насихаттау істерімен де ұштасып жатыр. 1997 жылы Түркия Мемлекеттік жоспарлау ұйымының қолдауымен профессор Фикрет Түркменнің жетекшілік еткен «Түркі әлемінің эпостарын анықтау, түрік тіліне аудару және Түркияда басып шығару жобасы» қолға алынып, ол 2008 жылы сәтімен аяқталды. Аса ауқымды жоба аясында қазақ халқының дастандары 11 том болып жарық көрді. Бірінші томда «Көроғлы» жыры – 28 нұсқа, екінші томда «Құбықұл» жыры – 5 нұсқа, «Дотан батыр» жыры – 6 нұсқа, «Құламерген» жыры – 10 нұсқа, «Қарабек батыр» жыры – 2 нұсқа қамтылды. Үшінші томда «Барақ батыр» және «Ақбөпе-Сауытбек» дастандары жарияланды. Төртінші том «Қырымның қырық батырына» арналып, кітап «Аңшыбай батыр және оның ұрпақтары», «Қарадөң батыр және оның ұрпақтары», «Жеке батырлар жайындағы жырлар» деп аталатын үш бөлімнен құралды. Бесінші томда «Шора батыр» жыры жарияланса, алтыншы томда «Мырқы батыр», «Нұрғайша», «Ақбикеш-Қарабала» жырлары басылды. Жетінші томда «Алаңқай батыр», «Манас ұлы Тұяқбай батыр», «Олжабай және қырық батыр», «Бозаман батыр» дастандары берілді. Сегізінші томда «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр» жырлары, тоғызыншы томда «Дүрлігу», «Қарашаш қыз», «Мақпал-Сегіз» дастандары, оныншы томда «Ақбөбек», «Ақбөпе», «Әуез батыр», «Базар батыр», «Ер Бекзат», «Ер Тоқымбет», «Ермек батыр», «Өтеген батыр», «Саурық батыр», «Сұраншы батыр» жырлары топтастырылды. Он бірінші томды «Қобыланды батыр» жыры түйіндеді.
Қазақ елімен ғылыми-шығармашылық байланысын үзбеген Фикрет Түркмен әр жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің білім алушыларына «Түркі фольклоры мен әдебиеті», «Сөз өнері және тарих», «Әдеби байланыстың ғылыми парадигмалары», «Ғылыми зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру» тақырыптарынан дәріс оқыды. Ғылыми тәжірибесімен бөлісіп, зерттеу жұмыстарының сапасын еселеу, әдістемелік негіздерді меңгеру шарттарына қажетті келелі ойларын ортаға салды. Университет докторанттарына шетелдік ғылыми кеңесші болып, Қазақстанның білікті кәсіби мамандарын қалыптастыруға қолдау көрсетіп келеді.
Фикрет Түркменнің ғылыми жетекшілігімен қазақ әдебиеті мен фольклорына қатысты «Қазақ жыраулық өнері», «Қазақ батырлық дастандарының типологиясы», «Жүсіпбек Аймауытұлының әдеби өмірі мен шығармашылығы», «Қазақстанның Жамбыл облысы аңыздары», «Қазақстанда жүргізілген мифологиялық зерттеулердің аналитикалық библиографиясы» сынды докторлық диссертациялар қорғалды. Мән-мағынасы зор ғылыми еңбегі, ұстаздық қызметі ескеріліп, ол 2011 жылы «Түркия-Қазақстан достығы мен ынтымақтастығын дамыту медалімен» марапатталды. Біздіңше, Түрік Республикасының аты мен заты бар осы ғалымы Қазақстанның «Достық» орденіне толық лайықты.
Фикрет Түркменнің қазақ халқына деген құрметі мен сүйіспеншілігі алабөтен. Том-том зерттеулері мен ғылыми жинақтарынан бөлек, Еге университетіне тағылымдамадан өтуге барған ел жастарын бауырына басып, ұстаздық қамқорлығы мен әкелік мейіріміне бөлегені аңыз болып айтылады. Кітапханасымен таныстырып, аса құнды әдеби жәдігерлермен сусындауға мүмкіндік береді. Жаны жайсаң ұстазға қазақ шәкірттерінің айтар алғысы шексіз.
Ғалымның санғасырлық рухани мұрамызды аудару, жариялау, жүйелі зерттеу бағытындағы жұмысы бүгін де жалғасып жатыр. Перзенттеріне Еділ, Орхун деген ат қойған ғалым саналы ғұмырын түркі халықтарының рухани кемелденуіне, білімді шәкірттерінің жан-жақты жетілуіне арнап келеді.
Тарихи тамырымызды мақтан тұтып, түркі әлемінің жасампаздығына алғаусыз еңбек сіңіріп жүрген қадірлі профессор Фикрет Түркмен таяуда сексеннің сеңгіріне шықты. Атажұрттағы орта және жас буын ғалымдар атынан Тәңірі айтулы фольклортанушыға, ғылым абызына ұзақ ғұмыр бұйыртсын дей отырып, жаһандағы түркі бауырларының рухани жеңісіне куә бола беруін тілейміз.
Қуанышбек Кенжалин,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың доценті, түркітанушы