
– Кристофер мырза, бұл апталық жетекші төрешілерге, жеке тәжірибедегі және корпоративтік заңгерлерге, саясаткерлер мен ғалымдарға арбитраждағы заманауи тәжірибе, мүмкіндіктер, сын-қатерлер мен шешімдерді талқылауға мүмкіндік беріп келе жатқанын байқап жүрміз. Жалпы, бұл ауқымды апталықты кезекті мәрте Астанада өткізу қаншалықты маңызды болып отыр?
– Биыл да Астанада дәстүрлі Еуразиялық арбитраж апталығын өткізіп отырмыз. Бұл – Халықаралық төрелік орталығы жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастыратын негізгі іс-шарамыз. Біз төрелік және дауларды шешу саласындағы жетекші әлемдік сарапшыларды – судьяларды, практиктерді және мамандарды Қазақстанға арнайы шақырдық. Әрине, мұндай жоғары деңгейдегі мамандарды бір алаңға жинау оңай шаруа емес, бұл біздің институттарға деген сенімнің артқанын көрсетеді. Елордадағы АХҚО Соты мен Төрелік орталығы үшін бұл – халықаралық аренадағы беделіміздің артып келе жатқанының дәлелі.
– Бұл жиын заңгерлер мен сала мамандарына қандай жаңа мүмкіндік береді?
– Форум дауларды шешу саласындағы әлемдік мамандармен ынтымақтастықты орнатуға және нығайтуға жағдай жасайтын бірегей мүмкіндік екенін айта кету керек. Біздің Астанадағы Халықаралық төрелік орталығы базасында бұл форум Қазақстанға деген сенімді арттыруға, елді Еуразиядағы сенімді инвестициялық орталық ретінде таныстыруға үлес қосары сөзсіз. Бұл – студенттер мен жас заңгерлерге, яғни осы саланың болашақ кәсіби көшбасшыларына әлемнің үздік мамандарынан үлгі алып, көп нәрсе үйренуге жол ашатын зор мүмкіндік. Біз Астанада, АХҚО базасында жаңа кәсіби стандарттар қалыптастырып, халықаралық құқықтық байланыстарды нығайту арқылы жас заңгерлер үшін нақты мүмкіндіктер ұсынып отырмыз.
– Дәл қазір АХҚО-ның стратегиялық негізгі мақсаты ЕЭАО елдерін, Орталық Азия және Кавказ өңірін байланыстыратын әмбебап платформа ретінде орнығу екенін білеміз. Қуантарлығы, өңірдегі бизнес өкілдерінің АХҚО-ға деген сенімінің артып келе жатқаны сезіледі. Себебі арбитраж апталығының жыл өткен сайын мәні артып келе жатқан сияқты. Өткен жылғыға қарағанда биыл қатысушылар қарасы көбірек көрінді.
– Біз шамамен 400 қатысушы келеді деп жоспарлаған едік, сол шамада болды. Яғни бұл былтырғы көрсеткіштен төрт есе артық. Біз келесі жылы бұл форумды одан да кең ауқымда өткізуді жоспарлап отырмыз. Негізгі мақсат – әлемнің ең білікті заңгерлерін Қазақстанға шақырып, оларды еліміздің инвестициялық климатының нығаюына үлес қосуға тарту. Олар АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталығының аясында инвесторлардың құқықтарын халықаралық құқықтың жоғары стандарттарына сай қорғауға мүмкіндік береді.
– Қазіргі жаһандық күрделі геосаяси ахуал жағдайында бұл форумның Астана үшін қандай стратегиялық мәні бар?
– Форумның стратегиялық мақсаты – халықаралық инвесторларға, соның ішінде ірі бизнес өкілдеріне Қазақстанда нақты әрі тартымды инвестициялық мүмкіндіктер бар екенін көрсету. Көптеген инвестор бұл туралы біледі, бірақ ең маңыздысы – сенім. Яғни олар өздерінің инвестицияларының сенімді қорғалатынына көз жеткізуге тиіс. Көбіне жобалар потенциалдың болмауынан емес, құқықтық сенімсіздіктен жүзеге аспай қалады. Сондықтан бірнеше жыл бұрын Қазақстан басшылығының бастамасымен АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталығының құрылғанын білесіздер. Бұл форум – инвесторларға Қазақстанның құқықтық жүйесіне сенуге болатынын жыл сайын еске салып отыратын бірегей алаң. Біз инвесторларға: «Қазақстанға келіңіздер, мұнда сіздің құқықтарыңыз халықаралық стандарттарға сай қорғалады», деп ашық айта аламыз. Сенімді қалыптастыру – басты мақсатымыз және мұндай шаралар осы сенімді нығайта түседі.
– Халықаралық төрелік орталығы Қазақстандағы инвестициялық климатты жақсартуға қаншалықты үлес қоса алды?
– АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталығы – өзара тығыз байланыста жұмыс істейтін, дауларды шешудің тәуелсіз институттары ретінде Қазақстанның тұрақты экономикалық болашағы үшін маңызды рөл атқарады. Қазақстанға инвесторлар әртүрлі себеппен келеді, бірақ көп жағдайда, әсіресе шетелдік инвесторлар үшін осы орталықтардың болуы шешуші фактор болды. Әрине, ешкім соттасқысы келмейді – бәрі табыс табуды, қоғамға үлес қосуды және бедел қалыптастыруды қалайды ғой. Бірақ өмірде бизнес саласында да қиындық туындауы мүмкін. Сондай жағдайда инвесторлар әділ әрі сенімді құқықтық жүйеге жүгінгісі келеді. Біздегі халықаралық сарапшылармен жұмыс істейтін АХҚО Соты мен Төрелік орталығы – дәл сондай сенімді орталық. Бірнеше ірі корпорация бізге ашық түрде: «Егер осы орталықтар болмаса, біз Қазақстанға да, тіпті Еуразияға да инвестиция салмас едік», деп айтты. Бұны елдің экономикалық тұрақтылығына қосылып отырған зор үлес деп айтуға болады.
– Осы жолы Түркі Арбитраж қауымдастығымен жасалған меморандум туралы айтып өтсеңіз.
– Қазақстанның экономикалық дамуына үлес қосып жатқан көптеген мемлекет бар, солардың ішінде Түркияның орны ерекше. Түркиялық инвесторлардың құқын қорғауда біздің Сот пен Төрелік орталығының рөлі өте жоғары. Біз қазірге дейін 4 мыңға жуық іс қарадық. Олардың арасында күрделі, жүздеген миллион, тіпті миллиардтаған долларлық даулар да болды. Бұл істер сәтті шешім тапты. Солардың 114-і түркиялық инвесторларға қатысты. Ал жобалары – жолдар мен ауруханалардың, мектептердің құрылысы, яғни ел инфрақұрылымына және қоғамға нақты пайдасы бар.
Біз Түркі Арбитраж қауымдастығының жұмысын жоғары бағалаймыз. Бұл – маңызды және болашағы зор бастама. Апталық аясында біз осы қауымдастықпен жаңа ынтымақтастық меморандумына қол қойдық. Бұл бізге Түркиямен ғана емес, бүкіл түркі әлемімен құқықтық байланысты кеңейтуге мүмкіндік береді. Одан бөлек, Ыстанбұлда АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталығының өкілдігін аштық. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш. Бұл кеңсе Түркиядағы инвесторларға Қазақстанға келмей-ақ, онлайн немесе сол жерде отырып біздің қызметтерімізді пайдалануына мүмкіндік береді. Олар инвестициялық дауларды әділ әрі кәсіби түрде шешу үшін енді жақын жерде орналасқан сенімді арбитраж алаңына жүгіне алады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Жасұлан СЕЙІЛХАН,
«Egemen Qazaqstan»