
Бәрінен бұрын саяси өзара сенім бұрын-соңды болмаған жаңа белеске көтерілді. Дипломатиялық қарым-қатынастар орнағаннан бергі отыз жылдың ішінде Қытай мен Орталық Азия елдері жан-жақты стратегиялық әріптестік орнатып, оны «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы көптеген құжатпен бекітті, екіжақты және аймақтық деңгейде ортақ тағдырлар қауымдастығы идеясын алға тартты.
Саммит барысында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің өзара құрмет пен сенімге, қолдауға және тиімділікті көздейтін «Қытай – Орталық Азия рухы» идеясы қазіргі өңірлік серіктестіктің рухани өзегіне айналған тұжырымдама болды. Алты мемлекеттің басшылары қол қойған «Астана декларациясы» тараптардың негізгі ұлттық мүдделерге қатысты бірін-бірі құрметтеуге, қолдауға дайын екенін көрсетті. Қытай тарапы шекаралас елдердің тәуелсіздігі мен даму жолын қолдайтынын айқын білдірсе, Орталық Азия мемлекеттері «Бір Қытай» қағидасына адалдығын тағы да растады. Бұл – саяси бірлік пен өзара түсіністік өңірлік тұрақтылыққа ықпал ететін маңызды нышан.
Екіншіден, тәжірибе жүзіндегі ынтымақтастықта тамаша нәтижелерге қол жеткіздік. Саммит аясында 2025–2026 жылдар «Қытай – Орталық Азия жоғары сапалы даму жылдары» деп жарияланып, ынтымақтастықтың алты басым бағыты белгіленді: үздіксіз сауда, өнеркәсіп пен инвестициялар, көлік байланысы, пайдалы қазбаларды экологиялық тұрғыда игеру, ауыл шаруашылығын жаңғырту мен ел азаматтарының өзара барыс-келісі. Осы бағыттарды іске асыру мақсатында алты мемлекет басшыларының «Бір белдеу, бір жол» бастамасының жоғары сапалы бірлескен құрылысы жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қою рәсіміне куә болдық. Бұл – Қытайдың шекаралас аймақтағы барлық елдермен алғаш рет осындай құжат жасасуы. Сонымен қатар «Қытай – Орталық Азия» форматында кедейшілікпен күрес орталығы, білім саласындағы алмасу және ынтымақтастық орталығы, шөлейттенуге қарсы күрес орталығы мен сауда үшін қолайлы жағдай жасайтын алаң құру туралы шешім қабылданды. Бұл бастамалар Орталық Азия елдері халқының әл-ауқатын жақсартуға, жоғары білікті мамандарды даярлауға, су және табиғи ресурстарды басқаруға және сапалы экономикалық дамуға ықпал етуге бағытталған. Мұның бәрі «жоғары сапалы даму арқылы бірлескен жаңғыртуға жәрдемдесу» ұранының терең мағынасын айшықтай түседі.
Үшіншіден, саммит тату көршілік пен достықтың жаңа деңгейін көрсетті. Алты мемлекеттің көшбасшылары халықтар арасындағы мәңгілік достық қағидасын заңдық тұрғыда бекіткен құжатқа – Мәңгілік тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды. Осынау келісімдер Қытай – Орталық Азия қарым-қатынастары тарихындағы жаңа белесті белгілеп, алдағы онжылдықтардағы ауызбіршілікке жол ашты. Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы бауырлас қалалардың саны 100-ден асты. Мұндай «достық көпірлері» мәдени және адами қарым-қатынастың кеңеюіне ықпал етеді.
Сондай-ақ тараптар парламенттік және партияаралық қарым-қатынас, әйелдер мен жастардың өзара іс-қимылы, бұқаралық ақпарат құралдарының, талдау орталықтары мен қоғамдық ұйымдардың жұмысы сияқты салалардағы ынтымақтастықты жандандыруға келісті. Алдағы жылдары Орталық Азия елдерінде мәдени орталықтар, Лу Бань шеберханалары, Қытай университеттерінің филиалдары мен дәстүрлі медицина орталықтары ашылады. Мұның бәрі өркениеттердің тоғысуына жаңа серпін беріп, халықтар арасындағы мыңжылдық достықтың жалғасы болмақ.
Өз кезегінде Қазақстан өңірлік ынтымақтастықты нығайтуда ерекше рөл атқарады. Оның айғағы – «Бір белдеу, бір жол» бастамасы алғаш рет осы елде, осы жерде жарияланған еді.
«Бір белдеу, бір жол» бастамасының алғаш рет ұсынылған жері ретінде Қазақстан Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы өзара тиімді серіктестіктің тереңдеуіне жетекшілік етіп келеді. Саммит аясында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, стратегиялық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Кездесу нәтижесінде сауда, инвестиция, ғылым мен техника, кеден, туризм және БАҚ салаларында 60-тан аса екіжақты құжатқа қол қойылды. Осының барлығы екі ел арасындағы «алтын кезеңде» байланыстарды одан әрі тереңдетуге қуатты серпін болды.
Қазіргідей аласапыран да құбылмалы кезеңде Қытай – Орталық Азия кемесі гуманитарлық түсіністік желкендері мен экономикалық прагматизмнің ескектері астында өз бағытын сенімді түрде жалғастырып отыр. Көшбасшылардың көреген саясаты стратегиялық әріптестік рухында бейбітшілік пен тұрақтылыққа, өркендеуге бет бұрып келеді.
Цзян ВЭЙ,
Қытай Халық Республикасының Алматыдағы бас консулы