
«Тумақ, өлмек – тағдырдың шын қазасы, Ортасы – өмiр, жоқтық қой екi басы» деген екен көрнекті ақын, ағартушы Шәкәрім Құдайбердіұлы. Кәмшаттың Еуразия ұлттық университетінің «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының бакалавриаты мен магистратурасын бітіргеннен кейінгі 13 жыл мағыналы ғұмыры ана тілімізді шетелде оқытып насихаттауға, елімізде түрлі салаға маманданып жатқан студенттерге меңгертуге жұмсалса, 2 жылы ауыр дертпен күресуге сарп етіліпті...
Ұлтымызда «қарлығаштың қанатымен су сепкендей» деген тамаша бейнелі теңеу бар. Қазақстан тәуелсіздік алған соң, біраз серіктес елдер қазақ тіліне қызығушылық білдірді. Соның бірі – Үндістан, енді бірі – Еуразия одағына ұйытқы Ресей. Кәмшат Тілекқызы оқытушылар байқауынан оза шауып, 2011–2012 жылдары Делидегі Жәмия Миллия Исламия университеті Парсы департаменті құрамындағы қазақ тілі орталығында оқытушы болды. Ал 2014–2020 жылдары табандай 6 жыл Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университеті (МГЛУ) «Қазақ тілі мен мәдениеті» орталығының директоры қызметін атқарды. Мәдениетті славян студенттерінің қазақша тілін сындырды. Қазақ елінің шынайы достары, жанкүйерлері етіп шығарды.
Әрине, ол 2010 жылдан өмірінің соңына дейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті практикалық қазақ тілі кафедрасында тіркеліп, халықаралық оқытушылық іссапарға осы оқу орнының атынан барды. Кәмшатты біліктілігі, мәдениеті, инабаттылығы үшін филология факультетінің үлкен-кішісі бірдей қадірлейтін. Ол әрқашан ізденісте жүретін. Мәскеудегі қызметінде Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы бойынша қазақ тілінен практикалық сабақтар өткізгенін жақсы білеміз. Үндістанда ұйымдастырған «Бабырнама»: қазақ мәдениетіне қатысты ұғым-түсініктер» атты ғылыми семинары шетелдік әріптестердің көңілінен шығыпты.
Өмір әр адамға аманттап беріледі. Кәмшат 39 жылғы өмірін игі іс пен білім шамшырағына арнады. Сейілхандай полиция сардарымен жан жарастырып, Шәміл және Ибраһим есімді шекесі торсықтай қос перзент сүйді. Шәміл – азаттық рухы, Ибраһим – дана Абайдың түпнұсқа есімі... Бұған да «шүкір!» дейік.
Халқымыз «Орнында бар оңалар» дейді. Асыл анасының әлдиін естіп құлдыраңдаған, бүгін қамықса да, ертең намыспен жетілетін осы балдырғандар Кәмшат Тілекқызының жасамаған жасын жасасын, аңсаған арманын жүзеге асырсын деп тілейміз.
Сабыр ШӘРІП,
PhD