
Алашордашы Бақтығали Бейсеновтің ұрпағы Роза әжей өз бөлмесін музей секілді жасап қойыпты. Бөлменің бір қабырғасы толы архивтен алынған құжаттар, газет қиындылары, суреттер... «Мынау, әкеме қатысты мәліметтер» деді оң қапталдағы жиналып тұрған жәдігерлерді нұсқап. Әжей алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі, Батыс Алашорданың қайраткері Бақтығали Бейсеновтің 1937 жылы тұтқындалып, 1938 жылы 25 ақпанда КСРО Жоғарғы Соты Әскери коллегиясы «үштігінің» қаулысымен Орал қаласында атылғанын, 1958 жылғы 14 маусымда Орал облыстық соты қаулысымен ақталғанын, өзі де әке жолын қуып, дәрігерлік мамандықты игергенін, ұзақ жыл бойы еліміздің денсаулық сақтау саласында қызмет еткенін тілге тиек етті. «Ал мынау сол қапталдағы сөреге күйеуімнің ағасы, Кеңес Одағының батыры Амантай Дәулетбеков туралы деректерді жинақтадым. Жеңістің 80 жылдығына орай Амантай ағам туралы бір мақала жазылса деп едім. Сол үшін де сендерге қолқа салып, үйге шақырып отырмын», деді де қайынағасы туралы естеліктерді айта бастады.
Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ жауынгерлердің ерліктері сарғайған архив құжаттары мен туған-туысқандардың жадында сақталған. Кей батырлардың есімдері мектептерге, көшелерге беріліп, аттары тағзым тақталарына жазылғанымен, олардың барлығының аты-жөнін кейінгі ұрпақ біле бермейді. Роза Бейсенова әжей сол олқылықтың орнын толтырғысы келетінін тілге тиек етті.
«Амантай Дәулетбеков 1917 жылы қазіргі Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. 1931 жылдың 25 сәуірінде Жаңаарқа өңірінің бетке ұстар 180 азаматы ауқатты бай ретінде кәмпескеленіп, тұтқынға алынады. Олардың арасында Амантайдың әкесі Дәулетбек Әбішев те бар еді. Болашақ Кеңес Одағы батырының әкесі, өз заманында елдің көшін бастаған арда азамат 1931 жылғы 17 маусымда 10 жылға сотталып, еңбекпен түзету лагеріне айдалады. Содан кейінгі тағдыры ұрпақтарына беймәлім», дейді Р.Бейсенова.
Кеңестік биліктің «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген сыңаржақ саясаты елдің ырыс-несібесінен айырды, халықтың арқа сүйер тіреуі болған қолында малы бар байларды жойды. Байлардың дүние-мүлкі мен малы кәмпескеге түсіп, Сібірге жер аударылған соң қазақ даласын аштық жайлады.
Сол аштық жылдары Амантай Дәулетбеков анасы мен бауырларынан тірідей айырылып, туған-туыстарымен бірге бес жүз шақырым жердегі Мойынқұмға қарай қоныс аударуға мәжбүр болды. Ұзақ көште қаншама адам қаза тауып, тірі қалғандары Талас өзенінің жағалауындағы Майтөбе ауылына қоныс тепті. Отызыншы жылдардағы тауқыметті тағдыр қаршадай Амантайды аяған жоқ. Оны туыстары 14 жасында Жетімдер үйіне өткізеді. Сол бір қиын кезеңде Жетімдер үйіндегі балалардың көбі инфекция мен аштықтан қынадай қырылып қалып жатты. Амантай батыр ол сынаққа да шыдап, оқуын үлгілі оқиды, комсомол өміріне белсене араласады. Әкесінің «Халық жауы» ретінде сотталғанын жасырып жүріп, орта мектепті тәмамдап, Жамбыл зооветеринарлық техникумына оқуға түседі. Оқуын бітірген соң Майтөбе ауылында зоотехник болып қызметін бастайды.
«Амантай Дәулетбеков 1939 жылы Жамбыл облысынан әскер қатарына шақырылып, азаматтық борышын Қиыр Шығыста өтеді. Арада екі жыл өтісімен адамзат басына қара бұлт үйірген Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, Амантай әскери қызметте қалдырылды. 1942 жылдың жаз айында 1180-полк Брянск майданына жіберіліп, сол полк құрамында майданға кірді», дейді Роза әжей қолындағы құжаттарын көрсетіп.
Амантай Дәулетбеков соғысты 13-армияға қарасты танктерді бұзып жоятын 1180-полктің артиллериялық расчеттің командирі ретінде Орлов облысындағы Ливны қаласын қорғау шайқасынан бастады. Ол тұста Герман әскері Воронеж және Сталинград бағыттарына әскерін төгіп, қиян-кескі шабуылдарға шыққан еді. Ливны мен Касторной аудандарындағы қанды қырғында неміс әскерінің тегеуріні мықты болды. Десе де жаз бойы кескілескен ұрыстар жүріп, екі тарап та бір қадам шегінген жоқ. Осы шайқаста Амантай Дәулетбеков ерлік көрсетіп, алғашқы «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Ал 1943 жылдың 25 қаңтарында тағы бір шайқаста көзсіз ерлік жасап, «Қызыл Жұлдыз» орденін кеудесіне тақты.
Бізге Роза Бейсенова әжей қайынағасы Амантай Дәулетбеков туралы деректерді бірінен кейін бірін көрсетіп, әр сөзін деректермен дәйектеп беріп отырды. Ол кісі 1943 жылдың 6 шілдесінде Орел мен Курск темір жолдары арасындағы Поныри қалашығы түбінде кескілескен ұрыс басталғанын, жау әскері Мәскеу мен Сталинград түбіндегі жеңілістерден кейінгі қайта қарқын алып, оларға 13-армияның 307-дивизиясының полктары қарсы тұрғанын, сол шайқастардың бірінде Амантай Дәулетбековтің тобы жау әскерінің қоршауында қалғанын айта келіп: «Бұл оқиғаны толығымен растайтын құжат мұрағатта сақталған. 1180-артиллерия полкінің командирі подполковник Мац қол қойған құжатта Амантай басқарған артиллериялық расчеттің жаумен шайқастағы ерлігі былайша баяндалды: «Ұрыс екі сағатқа созылды. Жау Дәулетбеков басқаруындағы расчетті талқандау үшін 13-рет шабуылға шықты. Бірақ жау шабуылдан нәтиже шығара алмай, «Су-7» маркалы 10 танкіден, бір ротадай жаяу әскерінен айырылды. Қарсыластар одан бетер ызаланып, небәрі төрт-ақ адамы қалған зеңбірек пен оның расчетін жою үшін 14-мәрте оқталды. Бұл кезде Амантай Дәулетбеков бастаған жауынгерлердің снарядтары бітуге таяған. Жаудың дәл тиген снарядынан Дәулетбековтің зеңбірегі мүлдем істен шықты. Осындай қысылтаяң шақта Дәулетбеков табандылық танытып, тірі қалған төрт жауынгермен бірге жаудың жаяу әскеріне қарсы ұмтылды. Оқтары әбден біткен жауынгерлер қоян-қолтық ұрысқа көшіп, Амантай батыр бір өзі төрт жау әскерін мұрттай ұшырды. Кенет өзіне де оқ тиіп, ерлікпен шейіт кетті...» делінген. Яғни жазбадағы деректерге қарағанда аға сержант Амантай Дәулетбековтің зеңбірегі жаудың 29 танкі мен 13 өзі жүретін зеңбірегін істен шығарып, 150 жаяу әскер мен 40 автоматшыны жойған», деді Роза Бақтығалиқызы.
1943 жылдың 9 шілдесінде жаумен арыстанша алысып ерлікпен қаза тапқан батырдың ерлігі лайықты бағаланып, КСРО Жоғары Кеңесі Президиумінің 1943 жылдың 24 желтоқсанындағы Жарлығы бойынша Амантай Дәулетбековке «Кеңес Одағының батыры» атағы берілді. Батырдың есімі ескерткіш тақталарға жазылып, өзі жерленген бауырластар зиратының жанындағы ауылға көше аты берілген. Бүгінде Талас ауданы Майтөбе ауылында Амантай Дәулетбеков атындағы орта мектеп бар және бір көшеге батырдың аты берілген.
Роза Бейсенова қан майданда елі мен жері үшін көзсіз ерлік көрсетіп, қазақтың батырлығын әлемге әйгілеген боздақтар мен ардагерлерге қарыздар екенімізді, сол үшін де Амантай Дәулетбековтей батырдың өшпес ерліктерін кейінгі буын жастардың білуі керектігін ескертіп, сөзін түйіндеді.
Қылышынан қан тамған кеңестік заманда «халық жауы» деген жаламен сотталып, итжеккенге айдалған қазақтан шыққан тұңғыш дәрігерлердің бірі Бақтығали Бейсеновтің қызы, асылдың сынығы Роза әжейдің қазақтың батыр ұлы, «Кеңес Одағының батыры» Амантай Дәулетбеков туралы айтары әлі де көп екенін аңғардық. Бізге артында осындай жоқтаушысы бар жауынгердің бағы бардай көрінді.