
Фото: Farabi University
Бұған дейін Президент төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚҚС-ны 12-ден 20 пайызға көтеру жоспарланып отырғаны айтылған. Алайда мемлекет басшысы бизнес өкілдерімен кездесуінде бұл мөлшердің тым жоғары екенін айтып, Үкіметке қайта пысықтауды тапсырған еді. Осы тапсырмадан кейін Үкімет ҚҚС мөлшерін 16 пайызға төмендетуді ұсынды. Жаңа Салық кодексінде осы ұсыныс қолдау тапты. Жаңа Салық кодексі азаматтар мен бизнес үшін оңтайландырылып, әділетті салық төлеуге ынталандыруды көздейді. Президент қол қойған Салық жүйесінің өзге де жаңашылдықтарын Ұлттық экономика министрлігі Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағнаев түсіндіріп берді.
«Жаңа салық кодексінің негізгі жаңалығы салық есептілігінің көлемін 30 пайызға қысқартып, салық санының 20 пайызға азаюы, КТС пен ҚҚС дифференциациясы, қолданыстағы арнаулы салық режимдерін оңтайландыру, сән-салтанат салығын енгізу. Мәселен, бірыңғай жер салығы қысқартылып, жеке төлемақылар бойынша мөлшерлемелер мен алымдардың саны кемітілді. Корпоративтік табыс салығына жеке тоқталсам, 20 пайыз деңгейінде сақталады. Десе де сараланған салықтық мөлшерлеме түсінігі де бар. Мәселен ең жоғарғы мөлшер ойын бизнесі мен банктерге (бизнес субъектілерін кредиттеуді қоспағанда) – 25 пайыз қойылған. Ал әлеуметтік салалар, білім беру, медицина, мәдениет және спорт салалары үшін 2026 жылы 5 пайыз мөлшерінде белгіленіп, 2027 жылы 10 пайызға дейін ұлғаяды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 3 пайыз жеңілдетілген мөлшерлеме қалады», деді Ерлан Сағнаев.
Сондай-ақ, Ұлттық экономика министрлігі Салық және кеден саясаты департаментінің директоры ҚҚС-тан босатылған салалар туралы да айтып берді.
«Жаңа Салық кодексіндегі өзгеріске сай ҚҚС-тің базалық мөлшері 12 пайыздан -16 пайызға өседі. Денсаулық сақтау саласы үшін төмендетілген мөлшер қойылды. ҚҚС аталған сала үшін 2026 жылдан бастап - 5 пайыз, 2027 жылдан бастап – 10 пайыз деңгейінде болады. Үкімет айқындайтын тізбе бойынша орфандық және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу мөлшерлемесі 0 пайыз болады», деді Ерлан Ермекұлы.
Айта кетейік, жаңа Салық кодексі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.