
Біржанның кәсіпорны өндіретін кірпіштерді ғимарат салуға, үй қаптауға, тағы да басқа қажеттіліктерге еркін пайдалануға болады. Жарамдылық мерзімі 50–60 жылға жететін көрінеді. Өлшемдері әртүрлі. 12 х 20 х 40 (бағасы 240 теңге) өлшемдегі кірпіш үйдің ауласын қоршауға тиімді болса, 20 х 40 х 20 (бағасы 370) өлшемдегі кірпішпен ғимаратты қалайды.
Кәсіпорын өнімге қажетті сығымдайтын, бастыратын техниканы, кірпіш құятын қалыпты Ресейден алдырады. Қалып 6 айға ғана жарамды. Себебі қалыптың ішіне бетон, құрғақ ерітінді құйылып, үстінен жобамен 1,5 тоннамен сығымдалып, басылады. Жүктеме көп болғандықтан металл желінеді.
«Төрт түсті кірпіш құямыз. Антрацит қаптауыш кірпіші бар. Қазір қолданыста жүр. Антрацит кірпіштің қара, қоңыр, қызыл, сұр түсі бар. Жұрт қалаған түске тапсырыс береді. Тапсырысқа байланысты құямыз. Рваный кірпішті құю күрделі. Сапасына байланысты баға да өзгеріп тұрады. Бір дана кірпіш құны өлшеміне, сапасына, салмағына, пішіміне қарай 250-600 теңге аралығында бағаланады. Күніне 2,5 мыңнан астам кірпіш құйылады. Материалдар бағасы өсіп жатыр. Жақында цемент бағасы 150 теңгеге өсті. Соған қарамастан кірпіш бағасын көтергіміз келмейді, бірақ оған нарық ырық берер емес. Аздап болса да жоғарылатуға мәжбүрміз», дейді кәсіпорын басқарушысы Марғұлан Қасенов.
«Дамирде» құйылған кірпіштер Ұлытау облысының қалалары мен ауылдарын ғана емес, Қарағанды облысына қарайтын елді мекендерді де қамтамасыз етіп отыр. Тұтынушылар бағаның қолжетімді екенін, қаптауға арналған кірпішпен салыстырғанда 400-500 теңгеге арзанға түсетінін айтады.
Кәсіпорында 15-тен астам жұмысшы бар. Айлық жалақы 300 мың теңге шамасында. Кәсіпорын жетекшісі аудандағы аз қамтылған отбасыларға қаржылай, кейде кірпіш жеткізіп беріп те қолдау жасап тұрады. Осыған дейін кәсіпорын тиеуші техниканы мемлекеттік бағдарлама арқылы алған еді. Енді биыл манипулятор кран алуға мемлекеттік бағдарламаның көмегі тисе деп үміттеніп отыр. Манипулятор кран алса, қарапайым адамдарға өнімдерін жеңілдікпен артып, апарып, түсіріп беруге тиімді болар еді. Бұл техниканың құны 29-30 млн теңге шамасында. Оны алуға әзірге шағын кәсіпорынның қаржысы жетпейді.
Жаңаарқа ауданы,
Ұлытау облысы